Қырғызстандағы жойқын сел: Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетті (ВИДЕО)
Қырғызстанда селден қаза тапқан қазақстандық балалардың денесін елге жеткізу үшін ТЖМ құтқарушылары Қорғаныс министрлігінің әуе кемесімен Қырғыз Республикасының Ош қаласына жетті.
Сондай-ақ Қырғыз Республикасына салмағы 2,7 тонна азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Қазақстан ТЖМ құтқарушылары ҚР ҚМ әуе кемесімен Қырғыз Республикасының Ош қаласына біздің азаматтарымызды эвакуациялау және қаза тапқандардың денелерін елімізге тасымалдау үшін ұшып келді, – делінген хабарда.
Ұшақ бортында ҚР ТЖМ РЖҚЖ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен психологтары бар екені айтылады. Сонымен қатар бортпен Қырғызстанның сел тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына жалпы салмағы 2,7 тонна азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді.
Сондай-ақ кеше, 29 маусымда Жамбыл облысы ТЖД бастығы Арман Тоқанов іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Ош облысы Ноокат ауданының ТЖ аймағына жіберілгені хабарланды.
Бұған дейін ҚР ТЖМ ахуалдық орталығында жедел штаб құрылды, ондағы мамандар Қырғызстан ТЖМ және біздің елшілікпен тұрақты байланыста. Өскеменде ШҚО ТЖД бастығы Рашид Биляловтың үйлестіруімен екі тәулік бойы жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Штаб базасында жергілікті атқарушы органдармен бірге қайтыс болған балалардың туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, – делінген хабарда.