Ырыздық мол болсын десек…

0
256

Астананың азық-түлік белдеуін дамыту, өңірдің өз тұрғындарын толайым қамтамасыз ету айрықша маңызға ие. Бұл тарапта әлі де өрісін таппай жатқан мүмкіндік аз емес.

Өңірдің аумақтық әкімшілік ерек­шелігі ескеріле отырып, Астананың тұтыну­шыларын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуі­н­ің бес батпан салмағы жүктеліп отыр­ған­дығын айта кетуіміз керек. Шын­туайтында бұл ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін қолайлы. Әсіресе мал өнімдерін өңдеу саласында өнімді еңбек еткендер жілігі татымды тауарын өткізер жер іздемейді. Осы жоба қолға алынғалы қашықтығы 300 ша­қы­рымдық аумақты құрайтын 17 аудан тегіс азық-түлік белдеуін қам­та­ма­сыз етіп, өз өнімдерін өткізуге ұм­тылуда. Бүгінгі таңда 130-ға жуық кәсіпорын өздері өңдеген, сұранысқа ие әрі біршама сапалы азық-түлік өнімдерін астананың 44 сауда нүктесінде тұтынушыларына ұсынуда. Олардың қатарында «Магнум», «Астықжан», «Смол» дүкендері мен «Еуразия», «Әлем», «Шапағат» тәрізді базарлар бар. Астаналық тұтынушылар­ға ет және ет өнімдерінің, сүт және сүт өнім­дерінің 68 түрі жеткізіледі. Жергілікті өнім түрлері уақыт өткен сайын түрленіп, мүмкіндігінше молайып келе жатыр. Дегенмен, өнім көлемін әлі де көбейтуге болар еді. Ол үшін екі жаққа да тиімді мүмкіндікті пайдалану керек. Алдымен, ет және ет өнімдері туралы айта кетелік. Шалғайдағы шағын ауылдарды былай қойғанда, Астананың іргесіндегі малсақ қауым бейнетін белден кешіп жүріп әупірімдеп өсірген төрт түлік малының игілігін көріп отырған жоқ. Сол себепті азық-түлік көбеймей тұр. Сұранысты толық қанағаттандырмаған соң баға да басына береді.

– Жүз бас асыл тұқымды ақбас сиыр бағып отырмыз, дейді Рақымжан Қош­қарбаев атындағы ауылда орналас­қан «Сәтжан-би» серіктестігінің басшысы Бүркітбай Шақарбаев, – өз төлі есебінен көбейтіп, 500 басқа жеткізуге болар еді. Әттең жайылым мен шабындықтың жоқ­тығы алға ұмтылған қадамымыз­ды кері кетіріп тұр. Мәселен, біздің серік­­тестікке 550 гектар жайылым жер бөлін­ген. Мамандардың есептеуінше, бір бас қара малға 9-10 гектар жер қажет. Онда да шөбі шығымды болса. Табын-та­бын мал тоқымдай жерге жайылған соң қара қарғаның миы қайнайтын ыс­тық­та тамырына дейін жұлынып, қу тақырға айналып кетеді. Ал малдың қыс­қы азығын дайындайтын шабындық жер мүлдем жоқ. Біздің серіктестік мал азы­ғын амалсыздан Павлодар облысында да­йындайды. Дайындауы қаншама бейнет. Тасымалдауы қосымша артық шығын.

Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, салмағы 15 келілік шөп бумасы 1 500 теңге тұрады екен. Егер сиыр күніне бір бумадан жесе, қысы ұзақ өңірде қара малдың бар шығыны қордалана жиналып, еттің өзіндік құны қымбаттап кетеді. Осы арада бордақыланған малды етке тапсырудың қиындығы туралы да айта кетуіміз керек. Мәселен, бұл өңірде ет өнімдерін өңдейтін ірі кәсіпорын жоқ. Малсақ қауым мал өсіріп бір бейнеттенсе, етке тапсыруда тағы да қыруар қиындыққа тап болады. Тапсырған күнде де еттің ғана бағасын алады. Ал ішек-қарын, өкпе-бауыры, терісі есепке ен­бейді. Міне, қаншама қаражаттың суға ағып, желге ұшып жатқан жері осы. Шаруасына мығым өзбек ағайын сойыл­ған малдың ішек-қарнының өзінен 40-50 мың теңге табыс табады екен, терісі де кәдеге асады. Егер ет өнімдерін өңдейтін кәсіпорын дәл осы астананың іргесінен салынса, тұтынушыларға ұсынылатын мал өнімдерінің түрі молая түсер еді. Әрі қаншама жұмыс орны. Өткен жылы астанадағы сауда сөрелеріне 29,5 мың тонна ет және ет өнімдері жеткізілді. Бұл жалпы қажеттіліктің 31 пайызы. Малсақ қауымның қолындағы малды лайықты бағамен сатып алып, іске жаратса, Астананың тұтынушыларының аузынан ақ май ағызып қоюға әбден болар еді.

Серіктестік басшысы Бүркітбай Атамұратұлы асыл тұқымды ақбас сиырдың 56 бұзауын 2017 жылы Оралдан жеткізіпті. 2018 жылы тағы да әкелген. Осылайша, мал басы құралғанымен, шабындық жердің тапшылығынан көбейте алмай, ұнжырғасы түсіп жүр. Өз айтуына қарағанда, серіктестіктің мұқтажын айтып құлаққағыс етпеген жері жоқ. Бірақ нәтиже шығар емес.

– Алғашқы бетте жеті-сегіз сиыр бақтым, дейді Бүркітбай Атамұратұлы, – ол кезде сүтті жинау дұрыс ұйымдас­тыры­лушы еді. Қабылдап алған сүтінің төлемақысын келесі күні әкеліп тапсыратын. Бұл – екі жаққа да тиімді. Мал сүмесімен күн көріп отырған қауым адал еңбе­гінің арқасында тәп-тәуір табыс тап­са, тұтынушылар да сүт өнімдерінен тарық­пайтын болады. Кейін не себепті екені белгісіз, осы шаруа сап тыйылды. Қазір ауыл тұрғындары сүтті қайда тапсырарын білмей дал. Жалғыз біздің ауыл ғана емес, мыңға жуық отбасы тұратын Қабанбай, Қажымұқан, Талапкер ауылдарының малсақ қауымы да осындай күй кешуде.

Айтса айтқандай, кәдеге аспай жатқан ішкі резервті тиімді пайдаланса, өнім көлемі молая түсер еді. 2022 жы­лы астаналық тұтынушыларға 115,2 мың тонна сүт және сүт өнімдері жеткі­зілген. Бұл жалпы қажеттіліктің 31 пайы­зы ғана. Алдағы уақытта малсақ қауым­ның өндірген өнімін ұқсата алсақ, бұл көрсеткіш әлдеқайда көбейер еді.

– Сүттің өзіндік құны арзан болуы үшін осы төңіректегі бес-алты ауылдың сүтін жинайтын орталықтандырылған тоңазытқыш орналастырылса оң болар еді, дейді Қабанбай ауылының тұрғыны Қонысбай Есенбаев, – кешкі сауынға таңғы сауынды қосып жинаса, жанар-жағармай аз кетеді. Сонда өзіндік құнын өсірмеуге болады.

Бір есептен, бұл ұсыныс та ұтымды деп есептеуге болар. Дәл қазір өңірдегі жағдайды түгел дерлік жоққа шығаруға болмас. Ұмтылыс бар. Өткен жылы да өңірде бірнеше тауарлы сүт фермалары ұйымдастырылды. Бірақ ондағы сауын сиырдың саны өте аз. Жайылым мен шабындықтың тапшылығынан ауылдағы ағайын мал ұстауға ынталы емес. Сол себепті сүт-қаймағын, сары майын қаладан тасымалдайтындардың қатары көбейіп келеді. Бәлкім, жергілікті азық-түлік бағасының қымбаттауына ол да әсер етіп жатқан шығар. Себебі тұтынушылар саны өсе түседі емес пе?

Құс етін және жұмыртқа өндіруге де мейлінше мән беріліп отыр. Егер азықтық жұмыртқаны 262 миллион данаға жеткізсек, Астана тұрғындарының жалпы қажеттілігінің 80 пайызын өтер едік. Бұл бағытта да бұрынғы көрсеткішті жақсартатын, сайып келгенде ел игілігін молайтатын жобаларды жүзеге асыру межеленіп отыр. Үстіміздегі жылы 4 құс фабрикасын салу жоспарлануда. Бұл игі іске 19,5 млрд теңге инвес­тициялық қаржы құйылмақ. Міне, осы кезде жалғыз астананы ғана емес, облыс тұрғындарын сапалы құс етімен, жұмыртқамен қамтамасыз етуге болады.

Өңірдегі картоп шаруашылығына да жіті назар аударылуда. Облыстың өз тұрғындарын картоппен толық қамтамасыз етудің мол мүмкіндігі бар. Ал астаналық тұрғындарға өткен жыл ішінде 104,8 мың тонна картоп жеткізілді. Бұл елордадағы барлық тұтынушының қажеттілігін 85 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да бұл тараптағы жұмыс ширатыла түседі. Мәселен, осы уақытқа дейін картоп тапшылығы тек көктемде туындайды. Оның бір себебі, картоп сақтайтын қоймалардың жетімсіздігі. Әйтпесе, картоптың егілуі, жиналуы аз емес. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер көктемнің қара өзек шағында оңтүстіктегі картоп әлі пісіп жетілмеген уақытта аздаған тапшылықтың бой көрсететіні бар. Алдағы уақытта мұндай олқылыққа жол бермеу үшін өңірде 12 астық және картоп сақтайтын қоймалар салу көзделіп отыр. Оған 7,5 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық қаржы құйылмақ. Міне, осы жоспар жүзеге асқан кезде өңірдің әрі Астананың тұтынушылары картоп тапшылығын сезінбейтін болады. Әрі бұл жұмыс нарықтағы бағаға әсер етуі де ықтимал. Сауда сөрелерінде өз өніміміз толып тұрса, жергілікті азық-түліктің бағасы да шарықтап кетпейді ғой.

Бүгінгі күні Астанада «Аqmol» сауда желісінің үш дүкені облыс өңіріндегі «Capital Projects LTD», «Ижевский», «Гормолзавод», «Родина» Агрофирмасы» серіктестіктерімен және бірнеше шағын фермерлік шаруашылықтармен тікелей жұмыс істеп тұр. Мұндай әдістің бір артықшылығы, екі ортада бағаны жөн-жосықсыз өсіретін делдалдар жоқ. Демек өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің де бағасы қол жетімді болады. Қазір ең бастысы, азық-түлік бағасын қымбаттатпау. Міне, осы тарапта делдалсыз жұмыс істеудің неғұрлым тиімді болатындығын бір ауыз сөзбен айта кетсек, артықтығы болмас. Өткен жылы осы дүкендердің жылдық айналымы 1,3 млрд теңгеге жетті. Осы қаржыға қаншама азық-түлік жеткізіліп, астаналық тұтынушылардың дастарқанына береке бітіргендігін аңғаруға болады.

Үстіміздегі жылы азық-түлік бел­деуін одан әрі жетілдіру үшін жалпы құны 48 млрд теңге болатын 47 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалардың тағы бір тиімді­лігі жаңадан жұмыс орнының ашыла­тын­дығында. Жаңа жұмыс орны дегеніміз ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайын жақсарту болып табылады. Межеленген осы жоспар жүзеге аса қалған кезде 414 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар туралы айтқанда, алдымен, бордақылау алаңдары, тауарлы сүт фермалары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, суармалы жерлердің көлемін көбейту тәрізді игілікті істер бар екендігін айта кетуіміз қажет.

Ең бастысы, қарапайым халықтың қамын ойлау. Азық-түліктің санын молайтып, сапасын жақсарту арқылы бағаны тежесек, оң болар еді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ