Қыста автокөліктің өртенуін қалай болдырмауға болады

Қыс мезгілінде автокөліктердің өртену қаупі едәуір артады. Жыл басынан бері еліміздің аумағында автокөліктерде 373 өрт тіркелді.
Аязды күндері мұздап қалған бөлшектер мен агрегаттарды ашық отпен жылыту әрекеттеріне байланысты автокөліктердің жануы жиілейді. Көлікті жылыту үшін ашық отты қолдануға қатаң тыйым салынатынын және азаматтардың өмірі мен мүлкіне нақты қауіп төндіретінін ескертеміз.
Автокөліктердің өртенуінің негізгі себептері: электр жүйесінің ақаулары; сымдар изоляциясының зақымдануы; жанармай мен майдың ағуы; агрегаттардың қызып кетуі; қосымша электроқұрылғылар орнатылған кезде қысқа тұйықталу болып қала береді. Техникалық ақауы бар көлікті пайдалану өрт қауіпін едәуір арттырады.
Автокөлікте жанғыш материалдар көп. Тіпті кішкентай ақау болса да, от көзінің әсерімен өрт тез таралып, көліктің толықтай жанып кетуіне әкелуі мүмкін.
ТЖМ автокөлік иелеріне:
– көлікті уақтылы техникалық қызметтен өткізу;
– электр және жанармай жүйесінің жай-күйін бақылау;
– ақауы анықталған көлікті пайдаланбау;
– көлікте әрдайым жұмыс істейтін өрт сөндіргіштің болуын қамтамасыз ету;
– мұздап қалған бөлшектерді жылыту үшін ашық отты қолданбау қажеттігі туралы ескертеді.
Құрметті азаматтар, әсіресе температура төмендеген кезде абай болыңыздар.









