«Қыз жиырмаға толғанда»: қырық жылдан соң қайта оралды
Қазір театрда көрермен көбейген. Әсіресе, елордалық театрларда спектакльдердің дені аншлагпен өтіп жатыр. Музыкалық жастар театры қойған «Гауһартас» спектакліне наурыз айына билет сатылып кеткен. Жақында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық драма театры «Қыз жиырмаға толғанда» спектаклін қойды. Осы спектакльге де билет таппай сабылған көрерменнің көптігі бізді қуантты. Бұл дегеніңіз – қазақ театрына сұраныс артып келеді деген сөз.
«Қыз жиырмаға толғанда» спектаклінің жанры – мелодрама. Авторы – Сұлтанәлі Балғабаев. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин. Режиссердің бұған дейін де бірнеше қойылымын көрген едік. Бұл жолы пьесаға өзгеше дем беріпті. Сөзіміздің әлқисасын пьесаның тарихынан бастайық.
Махаббаттың мәні неде?
«Қыз жиырмаға толғанда» ХХ ғасырдың 80 жылдары жазылған туынды. Балғабаевты драматург еткен де осы пьеса болатын. «Көркем проза жазып жүрген кезім еді. Маған ой салған – Төлен Әбдіктің «Біздер үшеу едік» деген пьесасы. Сол спектакльді көргеннен кейін «пьеса жазып көрсем, қайтеді» деп ойладым. Расын айтсам, пьеса жазып, драматург атану отыздан асқанша қаперіме кірмеген еді. Оған жол ашқан – атақты режиссер Райымбек Сейтметов. Сексенінші жылдардың басында бағымды сынап көрейін деп, «Қыз жиырмаға толғанда» атты пьесамды Мәдениет министрлігіне ұсындым. Бұл тұңғыш пьесамды Р. Сейтметов оқып көріп, бірден театр репертуарына қабылдапты. Ұзамай, өзімді де осы театрға әдебиет бөлімінің меңгерушісі етіп жұмысқа алды. Сөйтіп, күтпеген жерден әдебиеттегі жаңа өмірім басталып, драматург болып кеттім. Театрға жұмысқа тұрғаннан кейін көп ұзамай «Қыз жиырмаға толғанда» пьесамды ол кезде жас режиссер Нұрқанат Жақыпбаев сахнаға шығарды. Ең қызығы, оны әдеттегідей емес, спектакль-диспут етіп қойды. Осындай жаңалықтардың арқасында бұл спектакль театрдың өзінде де, ауыл-ауданға гастрольдерге шыққанда да көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Кейін көп театрларда сахналанды. Жалпы, егер бұл пьесам жарыққа шықпағанда, не қойылымы сәтсіз болғанда, мен одан қайтып драматургияға жоламай кетуім әбден мүмкін еді. Сондықтан драматургиядағы тырнақалды дүниемнің Райымбек Сейтметов пен Нұрқанат Жақыпбаев сияқты дарынды азаматтардың назарына іліккеніне шын көңілден тәубе деймін», – дейді драматург.
Бұл спектакль театр сахнасында ұзақ жүрді. Ғ.Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театры ғана емес, өңірдегі театр сахналарында да жиі қойылды. Он жыл үзіліссіз жүрді. Он жылдан соң спектакль қайта сахнаға шыққан жоқ. Араға отыз жылдай үзіліс салып, театрға қайта келуі драматургті де таң-тамаша қалдырса керек.
«Пьеса туралы тіпті ұмытып кетіппін. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының басшылығы хабарласып, спектакльге шақырғанда таңғалдым. Бұл өткен ғасырда жазылған шығарма еді. Одан бері қырық жыл өтті. Бүгінгі уақыт талабына жауап бере қояр ма екен деген қаупім болды. Тіпті, өзім сырқаттанып жүрген соң, премьераға бармай-ақ қойсам қайтеді деген де ой болды. Әрі бұл пьесаны өзгертіп түзеу керек, кей тұстарын қайта жазу керек еді. «Ажырасу көбейіп кетті» деген уайыммен жазылған дүние болатын. Нұрқанат спектакльді тоқтатып қойып, арасында көрермендермен диспут жүргізетін. «Махаббат бар ма?» деген сауалға көрермендер өзі жауап беретін еді. Жоқ, премьераға келгеніме өкінген жоқпын. Жас режиссер Дәурен Серғазинді танымайды екенмін. Заманауи стильге жақындатып, өте жоғары деңгейде қойды. Осыдан 20-30 жыл бұрын ойнаған актрисалар хабарласып, пікірін айтып жатыр. Алғашқы рөлді ойнаған Кеңес Нұрланов та болды. Ол да риза секілді. Демек, бұл тақырып әлі де өзекті. Қазір ажырасатындардың саны тіптен көбейді. Бұл спектакль «Махаббаттың мәні неде?» деген сауалға жауап іздейді. Махаббат деген – ең бірінші сүйген жарың, балаларың, немерелерің дер едім», – дейді Сұлтанәлі Балғабаев.
Бұл тақырып әлі де өзекті
Спектакль шағын ғана топтың арасында өрбиді. Драматургтің «Қыз жиырмаға толғанда» атты туындысы Жібек есімді кейіпкердің жиырма жасқа толған туған күн кешінен басталады. Пьесаның басты тақырыбы – махаббат. Сенім. Қала мен ауыл жастарының бір-біріне деген қарама-қайшы ойлары, ерекшеліктері, өзара түсініспеушіліктері бейнеленген. Үлкен буынның махаббат туралы ойы бөлек те, жастардың ойы бөлек. Отбасылық құндылықтар жайлы да өзгеше толғанады. Мәселен, Жібек пен Ғайыпберген арасындағы сезім шынайы ма? Қаладағы оқыған жігіттің ауыл баласына қарағанда өмір туралы пайымы неге ерекшеленіп тұрады? Жібек Ғайыпбергенге неге сенді?
«Бұл пьеса ХХ ғасырдың 80 жылдары жазылған. Біз оны бүгінгі уақытқа жақындата түстік. Бұрынғы пьесаны еске түсіру үшін қайта жаңғырттық. Қойылым жеңіл, махаббат туралы, адамдардың идеалы жайында сөз қозғайды», – дейді режиссер Дәурен Серғазин.
Жібек рөлін театрдың жас актрисаларының бірі Бегімнұр Қалила ойнады. Бегімнұрдың айтуынша, «бұл тақырып әлі де өзекті». «Махаббат тақырыбы ешқашан құндылығын жоғалтпаған, жоғалтпайды да. Бірақ қазір осыдан жарты ғасыр бұрынғы тазалық, одан ары заманғы махаббатқа деген өте қымбат көзқарас – өкінішке қарай, тым арзандап кетті. Біз спектакльде сол тазалықты, сол биіктікті, сол тебіреністі қайта еске алғымыз келеді, спектакль жүрегінде осыған орын қалған адамдарға арналады», – дейді актриса.
Бегімнұр үшін Жібек рөлінің ерекшелігі – жандүниесінің тазалығында, шынайылығында, ешкімді жамандыққа қимайтындығында.
Қойылымды бір айдың ішінде дайындап біткен. Уақыт тым қысқа болса да, актерлер өз образын жоғары деңгейде алып шықты. Спектакльде бар-жоғы алты адам ғана. Сол алты адамның іс-әрекеті, болмысы арқылы махаббаттың мәні неде екенін ұғындырады. Қоғамда отбасы құндылығы неге әлсіреп кетті? Адамдар неге кінәні өзге біреуден іздейтін болды? Жігіттің қателігі неде? Өмірде Жібек секілді шынайы, таза, жан баласын жамандыққа қимайтын жандар бар ма?
Осы образ арқылы өмірден таза адамдарды іздеп кетесің. Жабырқау жүрегін жұбатқың келеді, сенім сыйлағың келеді, сендіргің келеді, өкпелетпеуге тырысасың… Спектакль осымен құнды.
Ғайыпберген есімді студенттің образын ойнаған Әбілмансұр Серіков «өз кейіпкерімнің маған ұқсайтын тұсы – шыншылдығында» деп санайды. Өмір – қас-қағым сәт, өнер – мәңгілік. Өнер ешқашан өлмейді, өмірде актерлер тек жақсы образдарымен ғана елдің есінде қалады. Бір кездері осы образды сомдаған Кеңес Нұрлановты көрермендері әлі ұмытпаған болса, Ғайыпберген образындағы Әбілмансұр Серіковтің бейнесі де көрерменді бейжай қалдырмасы анық.
Көрермен не дейді?
Ғайша ӘБІЛСЕЙІТ:
– Шағын ғана қойылым болғанымен, айтар ойы, мазмұны, мәні жоғары. Отбасылық құндылықтар туралы осындай спектакльдер көбірек қойылуы керек деп есептеймін. Қазір жастар отбасын құруға, өмірге тым жеңіл қарайды. Бір-бірін ренжітіп, бірін-бірі кінәлап, кемшілік іздейтіндер көбейіп кетті. Өмірдің мәні неде? Біз неге кемшілікті өзімізден іздемейтін болып алдық? Спектакль осы сауалға жауап іздейді. Пьесаны қырық жыл бұрын қойылған деп жатыр. Керісінше, нағыз дер уағында, дәл осы заманға лайықты шығарма деп қабылдар едім. Қала баласы мен ауыл баласының арасындағы айырмашылықты да шынайы көрсетіпті. Расында, қала баласының өмірге, махаббатқа деген көзқарасы бөлек. Бірақ біз өз бақытымызды тым алыстан, биіктен іздеп жүретін әдетіміз ғой. Жақсы адамның бәрі жанымызда, қасымызда жүргенін ұмытпайықшы.
Артөре БЕКЗАТ:
– Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» атты пьесасы қырық жылдан кейін қайта қойылды. Автордың өзі бұған қорқасоқтай келгенін айтты. Қырық жыл бұрынғы уақыт басқа еді. Әрі көтерген тақырыбы басқаша болатын. Соғыстан жары қайтпай қалған әулеттің жағдайын баяндайтын еді. Бәрімізде де сол уайым болған еді. Жастарға ұнаған секілді. Сұлтанәлі Балғабаев – драматург ретінде көрерменді қалай ұстай білудің сырын тапқан қаламгер. Ол кісінің бұдан басқа да шығармалары 20-30 жыл сахнадан түспей жүрді. Дүниенің бәрі атыс-шабыс, тартыс, айналаның бәрі қара түнекке кетті деп, салы суға кеткен кезеңде өмірдің жарқын шақтары адамға керек екен. Сол тұрғыдан алғанда қойылым өз міндетін атқарған сияқты көрінді маған.