Молдованың мемлекеттік тілі – румын тілі

0
121

Енді молдова тілі ресми түрде қолданыстан шықты деуге болады. Ел президенті Майя Санду өткен сәрсенбіде мемлекеттік тілді молдова тілінен румын тіліне ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Бұған дейін құжатты парламент мақұлдаған еді. Осылайша, Конституцияда, елдегі бүкіл ресми құжаттарда, заңдарда мемлекеттік тіл мәртебесі өзгермек.

«Румын тілі осы өлкені мекендеген, оны жақсы көретін баршаны біріктіргенін қалаймын. Біз әлемдегі басқа да 27 мил­лион адаммен бірге румын тілінде сөйлейміз. Бұл – Еуропалық одақтың ресми тілдерінің бірі», деп жазды М.Санду Facebook-тегі парақшасында.

Ел президенті бұл қадамды тарихи әділеттіліктің орнағанымен түсін­дірді. Оның айтуынша, ортақ тілде сөйлейтін халықты молдова және румын тілдері деп, ондаған жыл бойы қолдан екіге бөліп келді.

«Ондаған жыл бойы Молдова Республикасының азаматтары румын тілінде емес, молдова тілінде сөйлейді деп уәж айтып келгендердің мақсаты елді екіге бөлу болатын. Өйткені халықтың арасында жік тастаған соң, оны бағындыру мен басқару оңай. Бөлінген халық өзін қорғай алатындай ортақ күшке ие емес. Біздің арамызға от тастағысы келгендер лингвистикаға бас ауыртқан жоқ. Керісінше, Молдованы ұлттық бақталастықта мәңгілікке ұстағысы келді», дейді М.Санду.

Айта кетерлігі, президенттің жазбасы бір тәуліктің ішінде оң мыңдаған лайк жинап, көптеген пікір жазылды. Соған қарағанда, оқырманның көпшілігі бұл қадамды құптап отыр.

Жалпы, тіл саласын зерттеп жүрген мамандар молдова мен румын тілдері бір екенін алға тартады. Тек бір тілге екі атау берілген. Мұны түсіну үшін аз-кем тарихқа көз жүгірткен жөн. Молдова тілі XVI ғасырдан бас­тап қалыптасып, XIX ғасырда біржола орнықты. Осы кезеңде Румыния мемлекетінің іргетасы қалана бастаған еді.

Сол уақытқа дейін аймақ­ты мекендеген халық бір тілде сөйлейтін. Алайда Румынияның пайда болуымен аталған елдің әліп­биі латын қарпіне көшіп, бір­тіндеп славян тектес сөздер ығыс­тырыла бастады. Өз кезе­гінде молдова тілі кириллицада қалды. Бірақ 1994 жылы Молдова тәуел­сіздігін алған соң латын қарпіне ауысты. Кейбір сөздегі айыр­машылық бар екеніне қара­мастан, екеуі де бірдей тіл еді.

Сарапшылардың пайымдауынша, Молдованың мұндай қадамға баруына көршілес Украинаға Ресейдің басып кіруі әсер етіп отыр. Яғни бұл – саяси қадам. Өйткені халық түгелге дерлік румын тілінде сөйлейді. Атауын өзгерткенімен, күнде­лікті өмірде адамдар бұрынғы­дай тілдесе бермек. Бұдан бөлек, соғыс басталғалы Молдова аумағына ресейлік бірнеше зымы­ран құлады. Украинадағы энергетика жүйесіне жасалған шабуыл­дың салдарынан көрші елден мол мөлшерде электр тоғын импорт­тайтын Молдова жарықсыз қалды. Оның үстіне, тәуелсіздігін жариялаған, бі­рақ мойындалма­ған Прид­нестров аймағын Ресей тарапы қолдайтыны белгілі. Халықаралық қоғамдастық ол өңірді Молдова меншігі санайды. Осы қадам арқылы ел билігі соқыр шектей болған ауданды қолдайтын Кремльден ауылын аулақ қондыруды көздейді.

Мұны саяси қадам деуіміздің тағы бір себебі мынада. Тұрғын­дардың көпшілігі әлде­қашан өздерін Румынияға жақын санайтын. Мәселен, 2009-2021 жылдар аралығында Румыния төлқұжатын Молдова халқының 40 пайызға жуығы алған. Бұл үдерістің 2009 жылдан бас­талмағанын, оның алдында да болғанын ескерсек, қазіргі таңда тұрғындардың Еуропалық одаққа мүше мемлекеттік азаматтығын алды десек, қателеспейміз. Бұл шешімді Румыния тарапы жоғары бағалады. Ел премьер-министрі Николае Чуканың айтуынша, көршілес мемлекеттің аумақ­тық тұтастығын, егемендігін қол­­дайды. Экономикалық әл-ауқа­тын жақсартуға қолұшын созады.

«Мен Кишиневте парла­менттің Молдова Респуб­ликасындағы румын тіліне ресми мәртебе беру жөніндегі заңды қабылдауын құптаймын. Тарихи және ғылыми шындықты мойындау Прут өзе­ні­нің екі жағалауындағы мәдениет пен тілдің ортақтығын растайды», дейді Н.Чука.

Қазақстан мен Молдова арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 27 шілдеде орнатылды. Екі ел арасындағы мәдени байланыс дамып келеді. Молдова астанасы Кишиневтен 130 шақырым жердегі Анений Ной ауданындағы Гура-Быкулай ауылындағы Теориялық лицейге 2008 жылы 9 мамырда Қазақстан елшілігі кеңес одағының батыры Қанаш Қамзиннің мемориалдық тақтасын орнатқан болатын. 1944 жылы Молдованы неміс-фа­шист басқыншыларынан қорғауда көз жұмған Қазақстан жа­уын­герінің есімі кейін лицей ор­на­­ласқан көшеге берілді. Елімізде молдован диаспорасының 20 мыңға жуық өкілі тұрады және мәдени орталығы жұмыс істейді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ