Қызметіне сай келмейтін полицейлер жұмыстан шығарылады – ІІМ

0
185
Игорь Лепеха, фото: Halyq Uni

Биыл өтетін кезектен тыс аттестация барысында қызметіне сай келмейтін полицейлер жұмыстан шығарылады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлады zamandas.kz Halyq Uni тілшісіне сілтеме жасап..

Игорь Лепеханың айтуынша, жеке құрам арасында тәртіпті күшейту шаралары үнемі қолданылады.

«Соның бірі – аттестация. Жеке құраммен жұмыс істеуге бірінші кезекте жауапты орта буын басшыларын тексеріп, аттестациядан өткізіп, талапқа сай келмейтіндерін жұмыстан шығарамыз. Егер полицейлер заңсыз әрекеттерге барып жатса, онда өзіндік қауіпсіздік қызметі мен кадрлық бөлімшелер қызметкерлері осы адамдарды ертерек анықтамағаны үшін жауап береді», – деді министрдің орынбасары Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Игорь Лепеха биыл өтетін кезектен тыс аттестация барысында жауапсыз полицейлер қызметінен кетуі мүмкін екенін жеткізді.

Неге олардың саны қысқаруы керек? Біз қызметіне сай келмейтіндерді жұмыстан шығарамыз. Олардың орнына халықтың арасынан басқасын аламыз. Мұнда (полицияны) қысқарту туралы сөз болып отырған жоқ, – деді ол.

Сондай-ақ журналистердің бірі Ішкі істер министрінің орынбасарынан «Полиция арасында зорлау деректері тіркелді. Мұндай қылмыс болмау үшін қандай шешімдер қабылданады?» деп сұрақ қойды. Игорь Лепеха тиісті тексеру жүргізілгенін атап өтті.

«Біріншіден, адамға қатысты барлық материал, оның өзін қалай ұстағаны, тәртіп пен заңды бұзуға қатысты деректер, беделіне нұқсан келтіретін материалдар ескеріледі. Содан кейін сұқбат барысында көп нәрсені анықтауға болады. Біз әр қызметкерді жеке тексереміз», – деді Игорь Лепеха.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ