Қызылорда облысында жүзге жуық көп балалы отбасы тұратын ауыл бар

0
61
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

 — Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылында 100-ге жуық көп бала отбасы тұрады.

Ауылда 2,5 мың адам тұрады. Олардың 43-і «Алтын алқа» иегері болса, 54-і «Күміс алқаға» лайықты деп танылған.

Ақ жаулықты аналар салт-дәстүрге жанашырлық танытып, жас ұрпаққа әдет-ғұрыпты насихаттап келеді.

Отбасында 11 бала тәрбиелеп өсірген Тазагүл Қазыбекова жасының ұлғайғанына қарамастан белсенділігімен көзге түсіп келеді. Ауылдық клубта жас қыздарға тоқу үйретіп, арнайы үйірмесін жүргізеді. Сондай- ақ, ерекше заттарды тоқып, көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп жүр.

«Ауылда 18 баланы тәрбиелеп өсірген Сабыт пен Бәтима перзенттерінің барлығын жақсы азамат етіп өсірді. Олардың балалары мен немерелері де көп балалы ана», — дейді Тазагүл Қазыбекова.

Ауылда құрақ көрпе ісінің шебері атанған Айнұр Доспанбетова 6 баланың анасы. «Күміс алқа» иегері кезінде құрақ көрпе жасауды хобби ретінде бастаса, бүгінде оны бизнеске айналдырған. Осы мақсатта берілетін 1 млн теңге ақшалай грантқа өз ісін ашыпты.

«Бала кезімізден әжелер мен аналарымыздан ұлттық салт-дәстүрді үйрендік. Қайсыбір кезеңде жүн түтіп, жіп иіру, жылы киім тоқу, киіз үйге арналған кілем мен әшекей жасау күнделікті жасалатын жұмыстар еді. Қолөнер бұйымдарын жасау қазақ халқында ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді», – дейді ол.

Ауылда «Батыр аналар» әжелер ансамблі бар. Ол 35 жыл бұрын құрылған. Қазір шығармашылық ұжымда батыр аналардан құрылған вокалистердің үшінші буыны өнер көрсетіп жүр.

Ауылда кейінгі 7 жылда бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұл — қазыналы қарттар мен ақ жаулықты аналардың ұрпағына дұрыс тәрбие беруінің бір көрінісі.

Сондай- ақ, Қызылорда облысында үш мәрте егіз босанған ана тұрады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ