«Қызылорда – Жезқазған» жолы – көлік инфрақұрылымындағы маңызды жоба

0
251

Фото: Қызылорда обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Республика үшін маңызды автожол құрылысы таяу арада іске асады

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 136 шақырым учаскесіндегі қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жауапты мердігер мекемелер басшыларымен жиналыс өткізіп, мәселелерді талқылаған. Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. «Қазавтожол» ҰК АҚ Қызылорда облыстық филалының басшысы Ерұлан Жүнісов атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Аймақ басшысы көлік инфрақұрылымы саласындағы өңір үшін ең маңызды жобалардың бірі – «Қызылорда – Жезқазған» автожолы мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін еске салып, ең алдымен жұмыс сапасына баса мән беруді тапсырды. Жол құрылысына қатысты, сонымен қатар еңбек заңдылығын қатаң сақтау туралы міндеттер жүктеді. Құрылыста жұмыс істейтін шетел азаматтарының арасында ешқандай құқық бұзушылықтың болмауы жіті бақылануы тиіс. Сыр өңірін орталықпен байланыстыратын үлкен жобаны іске асыруда сапа, тәртіп және жол құрылысы заңдылықтарының сақталуы бірінші орында тұруы керек.

Өткен аптада өңірге жұмыс сапарымен келген президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар нысан жұмысымен танысып, аймақ дамуына оң баға берді.  Мемлекет басшысына «Қызылорда – Жезқазған» автожолын салу барысы туралы баяндалды. Бүгінде осы жолдың Қызылорда облысына тиесілі 216 шақырымының 104 шақырымы аяқталып жатыр.

Айта кетсек, облыс әкімдігінің басшылығымен құзырлы мекеме мамандарынан жасақталған арнайы комиссия жол құрылысы талаптарының қатаң сақталуын қадағалайды. Жоба 2025 жылға дейін толықтай пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

«Қызылорда – Жезқазған» автожолын қайта жаңартудың техника-экономикалық негіздемесіне сәйкес айналма жол, 2 айрық, ауыл шаруашылық техникалары мен үй жануарларына арналған 2 өткел, су арналарына 3 көпір, 2 көпфункционалды аралық бақылау (салмақ, габарит, жылдамдық) өлшейтін арка, 5 заманауи жылы дәретхана, 5 демалыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткелі, 117 жол қиылысы мен түйісуі қарастырылған.

Қазір мердігер мекемелер қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп, құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.

Президент қолдауымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығы 4 жолақты жолға ауысады.  Мемлекет басшысы қазіргі жол, шын мәнінде, өте тар екенін атап өтіп, оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастауды, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға кешіктірмей қаржы бөлуді тапсырды. Аймақ үшін ғана емес, республика үшін маңызды автожол құрылысы таяу арада іске асады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ