ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН ПРЕЗИДЕНТ ПАРКІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылордадағы қайта жаңғыртылған Президент паркінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Рәсімге құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, барлық ауданнан келген делегаттар арнайы қатысты.
Аймақ басшысы қала тұрғындарын саябақтың ашылуымен құттықтап, өңірде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстарды атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы», – деген болатын.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы тұрғындар арасында тазалық мәдениетін кеңінен насихаттауға, туған жерімізді көркейтуге тың серпін берді. Жоба аясында санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауда кешенді жұмыстар атқарылуда. Бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс орындары, ойын, спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізіліп келеді.
Өңірімізде біркелкі дизайн код бекітіліп, облыс орталығынан бастап барлық елді мекендер бірегей архитектуралық талаптарға сәйкестендірілді. Қызылорда қаласында 2 млрд. 905 млн.теңгеге 83 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, 900 млн. теңгеге қосымша 21 тұрғын үй жаңғыртылуда. Өткен жылы 1 млрд. 300 млн. теңгеге 20 көпқабатты�тұрғын үйдің аулаларына балалар ойын, спорт алаңдары салынып абаттандырылды.
Облыс орталығында жаңа нысандар бой көтеріп, жасыл желек пен саябақтар саны көбейіп, озық сәулет үлгісі қалыптасуда. Өскелең ұрпақ үшін таза, жайлы әрі қауіпсіз орта құру алдағы уақытта да жалғасады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясындағы акцияларға, табиғат қорғау шараларына жастар мен қоғам белсенділері қатысып, үлес қосуда.
Саябақты жаңғырту жұмыстарын сапалы жүргізген «Алем Құрылыс» компаниясының ұжымына Сыр жұртшылығының, Өзімнің атымнан шынайы алғысымды білдіремін! Егемен елімізді көркейту жолындағы істеріміз табысты болсын!» – деді аймақ басшысы.
Айта кету керек, жаңа саябақ аумағына заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, баскетбол, футбол алаңдары, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орнатылған. Жалпы 31 гектарға 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілді.
Саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар ірі жоба қолға алынған. Атап айтқанда, 6 гектар жерге 300 орындық заманауи балалар лагері, 2,4 гектарға Ботаникалық білім беру орталығы, 8,2 гектарға тоғыз қабатты 15 тұрғын үй салынуда.
Бұдан бөлек, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық құрылысы қарқын алды. Жақын күндері 5,5 гектар аумақта жаңа драма театр мен заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталады.
Рәсімде Президент паркіндегі жұмыстарды сапалы атқарған мердігер мекеме өкілдері мен экологиялық акцияларға белсенді атсалысқан еріктілер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қоғам қайраткері Жарылқасын Шәріпов ізгі лебізін білдірді.










