ҚЫЗЫЛОРДАДА МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНЫП, 40 ПӘТЕР ТАБЫСТАЛДЫ

0
17

Сыр өңірінің мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2022 жылдан бері 20 мәдениет нысаны жаңадан бой көтеріп, ел игілігіне берілген. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде баяндады.
«Өңірде мәдениет саласында соңғы 3 жылда 21 мәдениет нысаны жаңадан бой көтерді. Оның 9-ы ауылдық клуб, 7-уі «Руханият орталықтары» және Анаға тағзым, Отбасы, Өнер орталықтары мен облыстық тарихи-өлкетану музейі.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен биыл 2 ауылдық клуб салынуда. Аудандағы «Руханият орталықтарында» музей, кітапхана, архив, неке қию залына, ардагерлер мен аналар кеңесіне, жастарға, этномәдени бірлестіктерге, үкіметтік емес ұйымдарға толық жабдықталған жұмыс кабинеттері ашылды.
Қызылорда қаласында «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Көпфункционалды мың орындық «Өнер орталығы» шығармашылық кештер, концерттер мен қоғамдық іс-шаралар өтетін орынға айналды.
Биыл Қызылорданың Қазақ АКСР астанасы болғанына 100 жыл толды. Атаулы датаға орай 2 млрд. 300 млн. теңгеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің заманауи жаңа ғимараты бой көтерді.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК қолдауымен 3 млрд. 800 млн. теңгеге салынған «Достық үйінің» жаңа ғимараты жақын күндері қолданысқа беріледі.
Мәдениет саласының қызметкерлеріне көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 пәтер табысталды.
Жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді, жыраулық дәстүр өкілдерінің отауы Жыраулар үйі ашылды», – деді Н.Нәлібаев.
Сыр өңірінде мәдениет, өнер және әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында «Тұран» сыйлығын жыл сайын табыстау дәстүрге айналған.
Бұған дейін Астана, Алматы қалаларында Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өтті. Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай, Шығыс Қазақстан облыстарына да өнер сапары ұйымдастырылды.
Қызылорда облысының өнер майталмандары Наурыз мерекесін, еліміздің салт-дәстүрлерін халықаралық деңгейде, атап айтқанда, Испания, Финляндия, Эстония елдерінде насихаттады. Ұлттық мереке Республика күніне орай Швейцарияның бірнеше қаласында Қызылорданың мәдениет және өнер күндері өтті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ