Қызылша өршіп тұр: мектептер мен университеттерде карантин енгізіле ме?
Қараша айында 6 мың бала қызылша жұқтырған
Қазақстанда қызылша ауруының өршуіне қарамастан мектептер мен жоғары оқу орындарында карантин шектеуі енгізілмейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында журналистердің бірі Оқу-ағарту министріне «Қазір мектептер, колледждер мен университтердегі қызылша ауруына қатысты жағдай қандай? Мұнда карантин енгізіле ме?» деп сұрақ қойды.
Оқу-ағарту министрі жағдай бақылауда екенін атап өтті.
Жалпы барлық білім беру ұйымы жергілікті атқарушы биліктің бақылауында. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі жағдайға мониторинг жүргізіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеге қатысты шешім қабылдамады. Біз ДСМ және жергілікті атқарушы билікпен байланыстамыз, – деді Ғани Бейсембаев.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттер арасында тұмау өршіп тұрғанын, бірақ олардың арасында қызылша жұқтырғандар аз екенін айтты.
«ЖРВИ (ОРВИ) өршіп тұр. Алайда қызылша жұқтырғандардың саны аз. Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарындағы (шамамен 80%) 8 мың студент медициналық көмек сұрауға мәжбүр болды. Бірақ олардың 200-300-і ғана қызылша жұқтырды деген күдік бар. Министрліктің (ДСМ) хабарлауынша, эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Біз Денсаулық сақтау министрлігі және Қазақстанның бас санитар дәрігерімен тікелей байланыстамыз. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, (карантин енгізуге – авт.) себеп жоқ. Университеттердің басшылығы мен ректорлары Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті денсаулық басқармаларымен байланыста отыр», – деді Саясат Нұрбек.