Заңнан шыққан шу
Ақпанның соңында Грузия парламенті «Шетел ықпалының ашықтығы туралы» және «Шетел агенттерін тіркеу туралы» деп аталатын екі заң жобасын қарап, соңғысын мақұлдаған еді. Алайда бұл заң жобаларына қарсы шыққандар көп болды.
Әуелі парламентте басталған қарсылық Тбилиси орталығындағы наразылық акциясына ұласты. Осылайша, іс ушығып, екі күнге жалғасқан соң, елдің билеуші партиясы заң жобасын күн тәртібінен алып тастауға мәжбүр болды. Грузия парламенті шетелдік агенттер туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Өйткені ондағы 150 депутаттың 76-сы қолдап, 13-і қарсы болған, 61 депутат қалыс қалған. Қабылдануға сәл қалған заң шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғаларды арнаулы реестрге тіркелуді міндеттейді. Олай болмаған жағдайда ірі көлемде айыппұл салынуы немесе бес жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін еді. Алайда «Грузин арманы – Демократиялық Грузия» билеуші партиясы Тбилисидегі жаппай наразылықтан кейін парламенттен аталған заң жобасын алып тастау туралы шешім қабылдады.
«Қоғамның әрбір мүшесінің алдында жауапты басқарушы күш ретінде біз өзіміз қолдаған шетел агенттері туралы заң жобасын ешқандай алғышартсыз кері қайтарып алу жөнінде шешім қабылдадық», делінген партия сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Өйткені осыған байланысты Тбилиси орталығында екі күн бойы наразылық акциясы өтіп, наразылық білдірушілердің бір бөлігі парламент ғимаратын қоршай бастаған. Жағдай ушыққан соң қала орталығына арнайы жасақ тартылған. Грузин ақпарат құралдарының хабарлауынша, ереуілшілердің көбі газ, түтін және төбелестен зардап шеккен. Кейбірі қамауға алынған. Түн ортасынан кейін арнайы күштер Руставели даңғылындағы акцияны таратып, парламентке қарама-қарсы аумақты толығымен тазартты.
Грузия билігі болса, наразылық күш көрсету сипатына ие болды деп мәлімдеді. Ал АҚШ-тың Тбилисидегі елшілігі мақұлданған заң жобасы мен шеруге шыққандарға күш қолданылғанын «грузин демократиясына түскен дақ» деп атап, баға берген.
«Мұндай заңның мақұлданғаны Грузияның стратегиялық серіктестерімен қатынасына зиян келтіреді және өз елінің азаматтарына көмектесіп жүрген ұйымдардың жұмысын қиындата түседі. Заң жобасы мен оның өте белсенді талқыланғаны билік партиясының Еуроатлантика интеграциясына дайын екеніне күмән келтіреді», деп мәлімдеді АҚШ елшілігі.