Заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстарын күшейту қажет

0
18

Фото: Ағыбай Аяпбергенов

— Саланың дамуына серпін беру үшін «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Ол 2027 жылға қарай елімізді байланыс желілерімен және ең кемі секундына 100 Мбит болатын жылдамдығы жоғары интернетпен 100% қамтуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект министрлігінің алдында осы ұлттық жобада жоспарланған барлық іс-шараны тиімді орындау міндеті тұр, — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол бүгінде телефон және интернет-алаяқтық жағдайлары көбейіп жатқанын айтты. Олардың дені шетелдік нөмірлердің және ұлттық жүйемізде тіркелмеген құрылғылардың көмегімен жасалады. Сондықтан Жасанды интеллект және Ішкі істер министрліктері осындай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстарын күшейтуі қажет.

— Деректер базасынан азаматтардың дербес мәліметтерінің таралып кеткені үшін жазаны қатаңдату керек. Мұндай талап мемлекеттік органдармен қатар, қаржы ұйымдарына, мобильді операторлар мен жеке бизнеске де қатысты болуға тиіс. Балалардың цифрлық кеңістікте қорғалуын қамтамасыз ету үшін sim kids жобасының тәжірибесін кеңінен тарату керек. Екіншіден, байланыс нысандарын салу кезінде басы артық бюрократиядан арыла алмай келеміз. Кейде антенна бағанын орнату жұмыстарының өзі бір жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Жаппай цифрландыру жағдайында мұндай үдерістерді оңтайландырып, барынша жеделдету керек. Жасанды интеллект министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен және байланыс операторларымен бірге бір ай мерзімде осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, — деді Үкімет басшысы.

Мұнымен қоса ол елді мекендерде байланыс пен интернет сапасы төмен аймақтардың мәселесін біржола шешу үшін өңір әкімдіктеріне байланыс операторларына базалық станциялар орнатуға орын бөлуге, соның ішінде кез келген қолайлы нысандарда орналастыруға жәрдемдесуді тапсырды.

https://kaz.inform.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ