Үздік алты жоба
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысын қолдауға бағытталған ректор грантына конкурс ұйымдастырды. Байқауға 22 жұмыс ұсынылып, солардың арасынан 6 жас ғалымның жобасы үздік деп танылды.
Осылардың ішіндегі ерекше бастамалардың бірі – заманауи Arduino технологиясы арқылы жасалатын «Smart ботаникалық бағы» жобасы. Жас ғалым, университеттің аға оқытушысы Дархан Орынбековтің айтуынша, бақта өсімдік топырағындағы ылғалдылықты анықтайтын құрылғы орнатылады.
– Ондағы көрсеткіштер арқылы бақ автоматты түрде тәулік ішінде бір мәрте 10-15 минут суарылады. Бұл өсімдіктің түріне де байланысты, – деді грант иегері.
Ал «Археология және этнография» орталығының ғылыми қызметкері, PhD Ислам Құрманиязов ежелгі Асанас, Қышқала, Арал-асар ескерткіштерінен табылған остеологиялық материалдарды ғылыми тұрғыдан талдап, ортағасырлық кезеңдегі жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесін зерттеуді қолға алмақ. «Мәдениеттану» мамандығы бойынша философия докторы Жарқынбек Әбікенов оңтүстік өңір тұрғындарының коммуникациялық мәдениетіндегі үдерістерді зерттеумен айналысады. Ғалым Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Жетісу, Алматы облыстары мен Алматы, Шымкент қалалары тұрғындарының коммуникациялық дағдыларын назарға алуды жоспарлауда.
Гранттық жобаларды іріктеуде жоба тақырыбының маңыздылығына, ашықтығына, өзектелігіне ерекше басымдық берілді.
Қазақ халық педагогикасындағы дене шынықтыру дәстүрлерін терең зерттеп, студенттерді патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуге бағытталған PhD Талант Бимахановтың жобасы да конкурста қолдау тапты. Педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Ербол Бекіш XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақтың рухани және зайырлы интеллигенциясының ағартушылық-педагогикалық қызметін зерттемек.
Конкурста бастауыш, орта және жоғары мектеп мұғалімдеріне арналған психологиялық-педагогикалық терминдердің глоссарийін үш тілде әзірлеуге арналған Жанна Ізтілеуованың жобасы да қолдауға ие болды.
Жастар жыл соңына дейін зерттеу жүргізіп, республикалық және халықаралық ғылыми басылымдарға мақалалар жариялайды. Үздік шыққан 6 жобаға 10 млн теңгелік сертификат табысталды. Дәстүрлі конкурс аясында былтыр 4 жоба университет грантын иеленген болатын. Мұндай қолдау жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашпақ.
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658