Жұмыс барысында көз жұмған мемқызметкерлердің отбасына бір жыл ішінде баспана беріледі

0
115
көрнекі фото: Halyq Uni

Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға да жеңілдік қарастырылады

 Қазақстанда жұмыс барысында қаза тапқан мемлекеттік қызметкерлердің отбасына бір жыл ішінде баспана беріледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Министр заңда азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қосымша шаралар қарастырылғанын атап өтті.

Мысалы, жетім балалардың, көпбалалы отбасылардың, толық емес отбасылардың, мүгедектігі бар балаларды асырып отырған отбасылардың балаларының кәмелетке толуына не олардың қайтыс болуына байланысты мәртебесі өзгерген жағдайда, олардың баспана кезегін сақтау көзделеді, – деді Қанат Шарлапаев.

Сондай-ақ министр қызмет барысында қаза тапқан мемлекеттік қызметкерлердің отбасына қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларын жергілікті атқарушы органдардың бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету де бар. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үйді бөлу кезінде қосымша бөлме бөлу көзделген.

Заң жобасын қабылдау халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға және оны оңтайландыруға әкеледі деп есептейміз. Сондай-ақ азаматтардың барлық санаты арасында тұрғын үйді әділ түрде бөлудің бірыңғай механизміне енгізуге мүмкіндік береді, – деді ведомство басшысы.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұған дейін министр «Отбасы банк» екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығарылып, баспана беру тәртібін өзгерту мәселесі қарастырылып отырғанын хабарланған еді.

Дәурен Ерболат

ПІКІР ҚАЛДЫРУ