Жұмысы жақсының тұрмысы жақсы

0
197

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған жобасы аясында бірқатар жұмыстар Алмалы ауданында жалғасты.

«Social project management» орталығы» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Мұхамеджан Әбдібек пен «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының кадр істері жөніндегі маманы Балжан Қырмыш жазасын өтеп шыққан адамдарға кәсіпорындағы бос жұмыс орындары туралы әңгімеледі.

«Біз мамыр айынан бері осы жобаны іске асырып келеміз. Жоба аясында әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтсақ, психологиялық тренингтер, құқықтық көмектер, сонымен қатар жұмыс берушілермен кездесулер өткізу көзделген. Мұндай жұмыстар түрмеде жазасын өтеп жатқан адамдар үшін де, жазасын өтеп шыққан адамдар үшін де жүргізіліп жатыр. Міне, бүгін сіздерге «Алматы Су» мекемесінің жауапты маманын ертіп әкеліп отырмыз» деді М.Әбдібек.

Өз кезегінде сөз алған Б.Қырмыш жиналғандарға бос жұмыс орындарын таныстырды. «Монтер, носос машинисі, контроллер, слесарь мамандарға мұқтажбыз. Айлықтары разрядтарына қарай төленеді. Бізде олар үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы разряд ретінде жұмыс істей алады. Ең төменгі жалақы 120-130 мың теңге. Еңбегіне және өтіліне қарай біртіндеп өседі дейді» дейді ол.

Жыл басынан бері қалада бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдар үшін жұмыс берушілермен көптеген кездесулер ұйымдастырылып келеді. Олардың арасында «Galant botlers», «Геллиос», «Арена S», «Алматы өнімдері», «Тәртіп» компанияларының кадр мамандары бар.

Дегенмен, бүгінгі таңда түрмеден шыққан адамдар былай тұрсын университет бітіріп қолына диплом алған адамдарға жұмыс табу қиын екені белгілі. Темір тордың арғы жағынан шыққан адамдар көп жағдайда жұмыс берушілер тарапынан қолдау таппайды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қала әкімдігі бірқатар компаниялырға квота жариялаған болатын. Сол квота нәтижесінде бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Осындай жеңілдікке ие болған кәсіпорында осы жобаға жұмыс берушілер ретінде тартылды.

«Social project management» орталығы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ