Жүргізушілер арнайы көлікке жол бере ме?

Қазақстанның ТЖМ «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Жол бер!» республикалық профилактикалық акциясын бастады. Оның мақсаты жүргізушілерге жолда жауапкершілік пен сыйластық таныту маңызды екенін еске салу және жедел қызметтердің шақыру орнына кедергісіз жетуін қамтамасыз ету.
Акция аясында блогерлердің қатысуымен және дрондарды қолдану арқылы әлеуметтік эксперимент жүргізіледі. Бұл формат жол жағдайын сырттан көруге мүмкіндік береді және жарықдиодты маяк пен сирена қосылған арнайы көліктерге уақытылы жол беру қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді.
Алғашқы түсірілім Шымкент қаласында өтті. FPV-дрон ТЖМ өрт сөндіру көліктері мен Апаттар медицинасы орталығының машиналарының қозғалысын әуеден түсірді.Түсірілімді блогер және оператор Тимур Байғұлов жүргізді.
Бейнематериалдар жүргізушілердің басым көпшілігі арнайы көліктерге уақытылы жол беретінін көрсетті.
Алайда мұндай жағдайда бірнеше секундтың өзі қымбатқа түсуі мүмкін. ТЖМ барлық жол қозғалысының қатысушыларын абай болуға, ережелерді сақтауға және арнайы көліктерге әрқашан жол беруге шақырады.










