Жаңа оқу жылына дайындық: биыл әлеуметтік көмек ата-ананың шотына аударылды

0
326
Фото: Halyq Uni

Биыл Жалпыға бірдей міндетті білім қорынан 450 мыңнан астам мұқтаж оқушыға мектеп формасы мен оқу-құралдарын сатып алуға 18 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Вице-министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ, төтенше жағдай салдарынан жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар қаржылай көмек ала алады. Абай облысындағы өрт салдарынан қаза тапқандардың балаларының әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем көрсетілген.

Оқу-ағарту министрлігі әрбір білім алушыға киім, оқу-құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшерін бекітті.

Биыл әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері 40 567 теңгені құрайды. Былтыр Оқу-ағарту министрлігі көп балалы, аз қамтылған аналардың талаптарын естіп, өтініштерін орындау мақсатында есепшоттарына қаражат аударуды көздейтін Үкіметтің қаулысына өзгеріс енгізді. Қабылданған өзгерістер ата-аналар мен балаларға мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын, әрі жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Еділ Оспан.

Осылайша, 3 тамызындағы жағдай бойынша өңірлерде 201 206 баланың ата-анасының есепшотына 8,2 млрд теңгеден астам қаражат аударды. Мұндай жағдайда ата-аналар аталған тауарларды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты ұсынуы керек. Материалдық көмек тамыздың соңына дейін ата-аналардың мектеп директорының атына берген өтініші негізінде ұсынылады.

Айта кетейік, биыл жаңа оқу жылында республика бойынша мектептерде білім алушылардың саны 3 млн 500 мың, оның ішінде бірінші сыныпқа қабылданған балалар саны 380 000 мыңнан асады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ