Жаңатаста дизель отынын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
Жаңатаста 10 тоннаға жуық дизель отынын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, Жамбыл облысының полиция департаменті Жаңатас қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС зауытынан ұзақ уақыт бойы дизель отынын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты қолға түсірді. Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен («Ірі мөлшерде жасалған ұрлық») сотқа дейінгі тергеу iсi басталды.
Ұрлықтың Түркістан облысының 34 жастағы тұрғынының бастамасымен жасалғаны белгілі болды. Оған зауыттың қызметкерлері қосылған. Күдіктілер ұзақ уақыттан бері ірі көлемдегі дизель отынын зауыттан әкетiп отырған.
Полиция олардың тұрғылықты жерін тінту кезінде 10 тоннаға жуық дизель отынын, ЖЖМ тасымалдау үшін пайдаланылған автокөлiктер мен арнайы жабдықтарды тауып, тәркіледі. Сонымен қатар тегіс ұңғылы мылтықтың кесіндісі табылды.