ЖАБЫҚ ЕЛДІҢ ЖҮРЕК ҚАҒЫСЫ
Жақында Сенат Төрағасы Иран президентін ұлықтау рәсіміне қатысу мақсатында Иран Ислам республикасына ресми сапар жасады. Астана мен Тегеран арасындағы уақыт айырмашылығы бір жарым сағат. Біз Иран астанасына жеткенде күндізгі аптап ыстық басылып, көне шаһардың кешкі тіршілігі қыз-қыз қайнап жатыр екен. Көшеде қаптаған мотоцикл: оң жақ қапталдан да, сол жақ қапталдан да ызғытып өтіп жатады; жол қауіпсіздігі үшін кәдімгідей алаңдайды екенсің, бұлар үшін үйреншікті нәрсе секілді.
Иран президентінің резиденциясы қаланың қақ ортасында, ескі ғимаратта орналасқан екен. Асып бара жатқан салтанат жоқ, есік-терезелеріне дейін, тіпті едені де көнерген. Жалпы, бұл елде «барға – қанағат, жоққа – салауат» дейтін ұстаным берік орныққандай. Бұл қырық жылдан астам уақыт Иранға салынған санкцияның ғана салдары емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын Аятолла Хомейнидің тұрған үйінде болғанмын. Бір бөлмелі шағын үй, ешқандай жиһаз жоқ, еденге қалың кілем төселген. Дәрет алатын бөлмесі ғана бар. Елдің бұрынғы президенті Махмуд Ахмединежад та өте қарапайым болғаны белгілі. Ол президент болып сайланғаннан кейін де мемлекет басшысына тиесілі тұрғынжайда тұрмай, бірталай уақыт үш бөлмелі пәтерінде тұрған…
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Иран Ислам республикасының жаңадан сайланған президенті Масуд Пезешкианды сайлаудағы жеңісімен Мәулен Әшімбаев құттықтады. Сонымен қатар ол Қазақстан екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беріп отырғанын атап өтті.
– Сізге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауы мен жылы лебізін жеткізуге рұқсат етіңіз. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Иран – Каспий өңіріндегі көршіміз, сондай-ақ Таяу және Орталық Шығыстағы маңызды сауда серіктестеріміздің бірі. Сондықтан Иранмен қарым-қатынасты нығайту біздің сыртқы саясатымыздағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл ретте Қазақстан Парламенті өз тарапынан екі ел арасындағы байланысты жан-жақты нығайтуға ықпал етеді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Иран тарапына аталған елдің делегациясы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Саммитіне белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді. Саммиттің нәтижесінде маңызды 25 құжат, оның ішінде Астана декларациясы қабылданғаны белгілі.
Сұқбат кезінде парламентаралық ынтымақтастық мәселелері де сөз болды. Соның аясында Қазақстан Парламентінің қос Палатасында Иранмен достық топтары жұмыс істейтіні айтылды. Одан бөлек, Иранның жаңартылған парламентінде осындай топ құру екіжақты қарым-қатынасқа оң әсер ететініне де назар аударылды. Кездесу барысында Қазақстан–Иран парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі ретінде бірқатар ұсыныстарды қойын дәптеріме түртіп алдым.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Иран президенті Масуд Пезешкианды ұлықтау рәсіміне қатысты.
Сондай-ақ Палата Спикері Ислам кеңесі мәжілісінің Төрағасымен, Ислам мәдениеті және байланыстары ұйымының басшысымен кездесті. Екіжақты кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынасты арттыру және парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Ислам кеңесі мәжілісінің Төрағасы Мохаммад Багер Галибафпен кездесуде Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Иран Парламенттерінің ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективасына тоқталды. Палата Төрағасы заң шығару саласындағы өзара байланыстың негізгі бағыттарын атап өтті.
– Қазақстан Парламенті Иранның Ислам кеңесі мәжілісімен өзара байланысты арттыруға мүдделі. Біздің Парламенттерімізде жұмыс істеп келе жатқан достық топтары парламентаралық ынтымақтастықтың берік негізін құрайды. Бұл бағытта өзара байланысты практикалық мазмұнға басымдық бере отырып, қалыптастырған маңызды. Сондай-ақ екі ел үшін өзекті мәселелерді оң шешуге ықпал ету және заң шығару ісінде тәжірибе алмасу да айрықша мәнге ие, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы Ислам мәдениеті және байланыстары ұйымының президенті Мохаммад Мехди Иманипурмен кездесті. Онда тараптар екі халықтың мәдени және рухани байланыстарын нығайту мәселелеріне назар аударды. Бұл ретте жаһандық сын-қатерлерді еңсеру жолында рөлі артып келе жатқан рухани дипломатияға және осы бағытта күш біріктірудің маңызына аса мән берілді.
– Биыл қазан айында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XXII отырысын өткізу жоспарланып жатыр. Онда Съезді дамыту тұжырымдамасын әрі қарай іске асыру мәселесі талқыланады. Одан бөлек, келесі VIII Съездің тақырыбы мен өткізу мерзімі бекітіледі. Сондай-ақ Жас діни лидерлер форумы өткізіледі. Аталған іс-шараларға Иран елінің өкілдері белсенді қатысады деп үміттенеміз, – деген Мәулен Әшімбаев Иран тарапына Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің бастамаларына қолдау танытып, Форумның қорытынды құжаттарын әзірлеуге белсенді қатысқаны және дінаралық келісімнің идеялары мен құндылықтарын дәріптеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Енді Иран елінің қазіргі жағдайына келейік. Биыл 19 мамыр күні бұрынғы президент Эбрахим Раиси мінген тікұшақ жерге құлап, мемлекет басшысымен бірге Ішкі істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиан, Шығыс Әзербайжан губернаторы Малек Рахмати, Тебриз имамы аятолла Мохаммад Әли Әль-э-Хашем және күзетшілер мен бүкіл экипаж қаза болды. Раиси Иран мен Әзербайжан шекарасындағы плотина құрылысының ашылуына қатысып, өз еліне қайтып бара жатқанда Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясындағы Арсбаран деген жерде опат болды.
Эбрахим Раиси 1960 жылғы 14 желтоқсанда Мешхед қаласында туып-өскен. Бес жасында әкесі Саид Қажыдан айырылғасын алаңсыз дін оқуына барып, тәлім алып, Мұхаммед пайғамбарымыздың тікелей ұрпағы саналатын Сейіт дәрежесіне қол жеткізген адам. Елдегі әңгімелер бойынша, Иранның бас рахбары – 85 жастағы Әли Хаменеидің бірден-бір «мұрагері» есебіндегі кісі саналса керек.
Иран билігінің құрылымы бойынша елдің бас билеушісі – Әли Хаменеи. Ол бұл міндетті 1989 жылдан бері атқарып келеді. Ал президент атқарушы билікке жауап береді, үкіметті басқарады.
1978–1979 жылдары Ислам революциясы басталғанда 18 жастағы Раиси Иран шахы Мохаммад Реза Пехлевиге қарсы толқулардың бел ортасында болғанға ұқсайды. Прокурордан президенттікке дейінгі саяси күрес жолын өткізген Эбрахим Раиси коррупцияға қарсы күресуші тұлға ретінде танылды. 2019 жылы АҚШ Раисидің жеке өзіне санкция салды. Президент болғанға дейін де Америка тарапынан тоғыз жасөспірімге қатаң жаза қолданды деген желеумен осындай шектеу белгіленген болатын.
2017 жылы президент сайлауына түсіп, екінші турда іс жүзіндегі президент Хасан Роуханидан жеңілгеннен кейін де күресін тоқтатпай, 2021 жылғы 18 маусымда президент тағына отырады. Бұл сайлауға Иран халқының 48,8 пайызы ғана қатысқан, ең төменгі көрсеткіш саналады; 24,9 миллион адамның 18 миллионы Раисиді жақтап дауыс берген. Сөйтіп, ол елдің 8-ші президенті атанды. Раиси билігі кезінде Иранның экономикалық дамуына мемлекет қатты араласты. Экономиканың басым бөлігін бақылайтын боньяд, яғни қорларды Иран революциясының күзет корпусын /КСИР/ толық өз қолына алды. Елге шетел инвесторларының келуіне ашық қарсы болды. АҚШ пен Еуропа елдерімен ынтымақтастық жасаудан бас тартты. Раиси билікке келген кезде COVID-19 пандемиясы өріс алып, үкіметке қарсы толқулар күшейіп, экономика әлемдік санкция құрсауында қалған еді. Израиль мемлекетімен араздық өрши түсті. Осыларға қоса ішкі саясатта да қатаңдық көрініс тапты. Президент болып сайланғаннан кейінгі бір жыл ішінде ислам дресс-кодын бұзған әйелдерге қатаң шаралар қолданыла бастады. 2022 жылы әдеп полициясы тұтқынға алған Махса Аминидің қаза табуы жағдайды тым шиеленістіріп жіберді. Елде жаппай наразылық акциясы басталды. «Әйелдер. Өмір.Азаттық» деген ұранмен қалың қозғалыс Иран билігін төңкеріп жібере жаздады… Раиси үкіметі хиджаб туралы заңды жұмсартып, әдеп полициясын көшелерден аластағандай болғанымен, 2023 жылы Иран билігі «Хиджаб және парасаттылық туралы» заң қабылдады. Осы заң бойынша басына орамал салмаған әйел 10 жылға түрмеге қамалатын болды.
Кенеттен Раиси қайтыс болған соң елде президент сайлауы жарияланды.
Жағдай осылай аса күрделі сипат алып тұрған кезде Масуд Пезешкиан әділетті жақтаушы адам ретінде танылды. Ол Раиси үкіметін киім кию тәртібін бұзғаны үшін әдеп полициясы ұстағаннан кейін қайтыс болған 22 жастағы Махса Аминидің өлімін дұрыс зерттемегенін ашық түрде сынға алған бірден-бір парламент депутаты.
Масуд Пезешкиан сайлау науқаны кезінде әйелдердің «мұсылмандық киім үлгісін» сақтауын қадағалайтын Иранның әдеп полициясын қатты сынға алды. Сайлау науқаны кезінде Пезешкиан Ислам революциясы кезінде әйелдердің басы мен мойнын қоғамдық орындарда жабуды талап ететін заңды да өткір сынады. «Адамдарға қатысты жасалатын қатыгездікке қарсымыз. Әсіресе апаларымыз бен қыздарымызға қатыгездік жасауға болмайды. Оларға қарсы мұндай әрекеттерге жол бермейміз», – деді Масуд. Сөйтіп, реформатор ретінде танылған Масуд Пезешкиан Ирандағы президенттік сайлаудың екінші турында жеңіске жетті. Алғашқы тур бойынша екі үміткер де тең түскендіктен, сайлаудың екінші кезеңі өткізілген еді.
Масуд Пезешкиан сайлауда 16 миллион 384 мың 403 дауыс жинаса, Саид Джалили 13 миллион 538 мың 179 дауысқа ие болды. Осы нәтиженің негізінде Иран Ислам республикасының 14-ші президент сайлауында Масуд Пезешкианның айы оңынан туды. Сайлауда барлығы 30 миллион 510 мың 157 адам дауыс берген. Халықтың сайлауға қатысу деңгейі 49,8% болды.
Масуд Пезешкиан 1954 жылғы 29 қыркүйекте Батыс Әзербайжан облысының Махабад қаласында дүниеге келген.
Оның жеңіске жеткеннен кейінгі алғашқы айтқан сөзі: «Барлығына достық қолын созамыз. Бәріміз осы елдің адамдарымыз, елдің өркендеуі үшін бірлесіп еңбектенуіміз керек».
Пезешкиан Иранның бүкіл әлемнен «оқшаулануын» тоқтатуға уәде берді.
2015 жылғы ядролық келісімді қайта жандандыру бойынша Батыспен «конструктивті келіссөздер жүргізуге» шақырды, оған сәйкес Иран Батыс санкцияларын жеңілдету үшін өзінің ядролық бағдарламасын шектеуге келісті. «Егер біз санкцияларды алып тастай алсақ, адамдардың өмірі жақсарады, ал санкциялар қалса, өмір қиындай түспек», – деді Пезешкиан сайлау науқаны кезінде берген сұқбатында.
Осылайша, Пезешкиан, Иран халқының пікірінше, реформатор деп саналады. Қоғам одан оң өзгерістер күтеді. Осы жерде ерекше тоқтала кететін бір жайт бар. Қанша президент болса да, негізгі барлық билік Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеидің қолында. Ислам республикасындағы жоғарғы шешім қабылдау өкілеттігі жоғарғы көшбасшы Аятолла Әли Хаменеиге тиесілі. Сондықтан түбегейлі реформаларды жүргізуге, яғни бас рахбардың құзыретіне ыңғайы келе бермейтін әрекеттерге батылы бара ма? Бұл – үлкен мәселе.
Әйтсе де ұлы Абайдың «Адамның адамдығы істі бастағанынан білінеді, бітіргенінен емес» деген тұрғыдағы тәмсіл сөзін негізге алсақ, Масуд Пезешкианның әзіргі бастамалары Иран жұртшылығының көкейінен шығып жатқандай.
Масуд Пезешкианның жасы 69-да. Ол 1954 жылғы 29 қыркүйекте Батыс Әзербайжан провинциясындағы Мехабад қаласында дүниеге келген. Бұл өңірде әзербайжандар мен күрдтер тығыз араласып кеткен. Масудтың әкесі парсы нәсілі тектес әзербайжан, анасы – күрд. 1975 жылы Үрми ауылшаруашылық академиясын бітірген. Тағам өнеркәсібі саласының маманы болса да, 1985 жылы Тебриз медицина университетін жалпы хирургия мамандығы бойынша бітірген. 1993 жылы Иранның медицина ғылымдары университетін «кардиология» мамандығы бойынша тамамдаған.
1973–1975 жылдар аралығында шекарадағы Заболе қаласында әскери міндетін өтейді. 1980–1988 жылдары Иран-Ирак соғысы кезінде әскери дәрігер болып жұмыс істеген. Сөйтіп жүріп, әскери ұрыстарға да қатысқан.
1985 жылдан Тебриз университетінде физиологиядан дәріс берген. 1993 жылдан бастап Шахи Мадани атындағы Тебриз ауруханасында кардиолог болып жұмыс істейді, кейін осы аурухананың басшысы болады. 1994–1999 жылдары Тебриз медцина университетінің ректоры қызметін атқарған.
1997 жылы денсаулық сақтау министрінің орынбасары, 2001–2005 жылдары Иранның денсаулық сақтау министрі болды. Өз қызметінде елдің ауылдық сақтандыру жүйесін жасауға атсалысады. Шығыс Әзербайжан провинциясында 500 медицина мекемесі мен 50 медициналық орталық құрылысын салуға қатысқан.
2008 жылдан бастап Ислам консультативтік кеңесі, яғни Иран Парламентінің депутаты. Елдегі реформаны жақтайтындар арасында белсенділігімен көзге түскен. 2009 жылы Махмуд Ахмединежадқа қарсы тәртіпсіздіктерді күшпен басу әрекеттерін қатаң сынға алған. 2013 жылы президенттік сайлауға түсіп, бақ сынап та көрген. Алайда Әли Акбар Хашеми Рафсанджанидің кандидатурасын қолдап, өзі сайлаудан бас тартқан.
2016 жылдан 2020 жылға дейін Парламенттің вице-спикері болды. 2021 жылғы президент сайлауына өзге реформашылармен бірге қатыстырылмады. Әйтсе де үкіметтің бассыздық әрекеттерін ашық сынаудан тайынбады. Махса Аминидің өлімінен кейін оқиғаны ашық тексеру жөнінде талаптар қойды.
Пезешкианның басты ұстанымы ашық та айқын. Ол Батыспен арадағы кикілжіңдерді бейбіт жолмен реттеуге, ядролық қару бойынша келісімдерді жаңғырту және санкция мәселесінде диалог арқылы жағдайды дұрыстауға барынша ниетті. Иранның этностық аз топтары – әзербайжан, белудж және арабтардың қолдауына ие.
Масуд мырзаның табанды, ұстамды және дәйекті тұлға екеніне Иран халқының көзі жеткен. 1997 жылы Мұхаммад Хатамидің президент кезінде денсаулық сақтау министрінің орынбасары болды. 2021 жылдан бастап төрт жыл денсаулық сақтау министрі қызметін абыроймен атқарды. Саяси ұстанымы айқын көрінген кездің бірі осы кез. Парламент депутаттары елдегі дәрі-дәрмек жетіспеушілігіне және медицина қызметіндегі тарифтердің күрт өсуіне байланысты жариялаған импичментті өзара ымыра, келісіммен шешкен де осы Пезешкиан болатын. Сол әрекетінен кейін Тебриз, Оску және Азаршахр округтерінің парламенттегі белсенді өкілі болды. 2016–2020 жылдар аралығында парламенттің вице-спикері болған сәтте де сол кездегі президент Хасан Руханимен бірге құрылған фракцияны басқарды.
2003 жылы иран-канада журналисі Зухра Каземи Тегеран түрмесінде қайтыс болады. Әлемдік БАҚ ойбай салып жатқанда қыздың өлімінің себебін миына қан құйылудан болғанын айтып, шетелдік мамандарға тоқтау салған да осы Пезешкиан.
2018 жылы АҚШ-тың бастамасы салдарынан туындаған экономикалық проблемаларды мемлекеттің барлық құрылымдарының басшыларын біріктіре отырып қарауды ұсынған да осы Масуд мырза. Екі жылдан кейін АҚШ Ислам революциясының күзет Корпусын «террористік ұйым» деп жариялағанда бұл элиталық әскери-саяси құрылымның ұлттық қауіпсіздік мәселесінде басты рөл алатынын айтып, айыптаған да осы кісі.
Иран президенті Эбрахим Раиси қаза болғаннан кейін елде кезектен тыс президент сайлауы жарияланғанын жоғарыда айттық. Реформатор депутат Масуд Пезешкианның кандидатурасын биліктің арнайы парламенттен төменгі органы құптап, бес бірдей үміткердің арасына ерекше сеніммен қосқаны белгілі.
Президенттікке үміткер Пезешкиан додаға түскенде оның сайлауда жеңіске жетуіне күмәнданғандар көп болған. Масуд мырзаның өзі де «бұл теориялық тұрғыда мүмкін емес» деп мәлімдеп үлгерген. Алайда кейбір сарапшылардың дәл осындай орда бұзбайтын орта ұстанымдағы адамның сайлауға түсуі ел сенімін оятады, сайлауға қатысатын азаматтар қарасын көбейтеді деген болжамы дәл болып шықты.
Пезешкианның әйелдерге, әсіресе хиджаб киюге қатысты ой-пікірлері қоғамға серпіліс берді. Іс жүзіндегі биліктің әйелдерді қатаң қысымға алуын айыптаған үміткер сайлау кезінде «Біздің қыздарымыз бен қарындастарымызды жылатпаймын» дегендей уәде берген болатын. Саясаткер үкімет пен азаматтар арасындағы сенімді орнықтыруға бар күшін салатынын айтқан. Пезешкиан «Иран Ислам республикасында қызды хиджаб кимедің деп түрмеге қамап, артынша оның отбасына өлі денесін беру ешбір жөнге келмейтін тірлік» деп ірі сөз айтқан еді.
2022 жылғы наразылықтар кезінде Пезешкиан Иранның IRINN телеарнасына сұқбат берген екен. Сонда болған оқиға «ең алдымен біздің кінәміз, біз діни сенімді күштеп таңу арқылы жүргізгіміз келеді» депті. Бұл шын мәнінде батылдық!
Масуд Пезешкианға елдің бұрынғы президенті Хасан Рухани да жақтас болды. Ол сайлау бюллетенінде «санкция көлеңкесін сейілте алатын» бірден-бір реформатор деп Пезешкианды жоғары бағалады. Иран ядролық бағдарламасы бойынша 5+1 деп аталатын АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Германия мемлекеттері тарапынан жасалған қысымнан кейін Иран экономикасы мүлде қаңтарылуға қарады.
Иран жаңа президенттің келуімен АҚШ пен Еуропа елдері тарапынан жасалған құрсау қысымынан ептеп болса да босаңсуға үміт етеді.
Сайлауға қазіргі парламент спикері, бұрынғы Ислам күзет Корпусының басшысы Мохаммед Багер Галибаф пен ядролық бағдарлама бойынша бұрынғы бас келісімші Саид Джалили да қатысқан. Олардың әрқайсысы бір-бір серке. Мүйізі қарағайдай осындай тұлғалар арасынан Масуд Пезешкианның жолы болуы кездейсоқтық па, әлде Хақ Тағаланың бұйрығы ма?
Associated Press (AP) агенттігі жаңа президент әзербайжан тілінде сөйлейтінін жазыпты. Инаугурация алдында өзін «түрікпін» деп те айтқан көрінеді. Масудтың әзербайжандық тегі қоғамда «біріктіруші күш» болуы мүмкін деген де болжамдар бар.
Кардиохирург 53,3 пайыз дауыс жинап, Иранның 14-ші президенті атанды. Медицина ғылымының докторы. Адам жанына араша түсер ақ халатты адамның осынша сенімге ие болуында не сыр бар?
Масуд мырзаның жеке басында мұңды сәттер болған көрінеді. 1994 жылы оның әйелі сегіз жасар баласымен автокөлік апатына ұшырап қайтыс болып кеткен екен. Содан қайтып үйленбеген, екі ұл, бір қызын өзі тәрбиелеп өсірген азамат. Әлеуметтік желідегі парақшасында «еркек, әке және ата» деген жазу бар.
Саясаткердің қызы Зухра Пезешкиан Тегерандағы Шариф атындағы Технология университетінен аналитикалық химия саласы бойынша жоғары білім алған. Үлкен ұлы Жүсіп Пезешкиан де осы университетті тамамдап, физика ғылымының докторы атағын алған. Кіші ұлы Мехди болса шетелде оқып келіп, қазір электр техникасы саласында диссертация қорғауға дайындалып жатыр.
Өз отбасына дұрыс тәлім-тәрбие берген адам қоғамда үлгі болса керек.
Сонымен, Иранның екіжақты билік жүйесі – клерикалды және республикалық қос тағаны қалай өзгереді?
Хаменеидің жасы 85-те. Келесі мұрагер кім болады? Жаңа президент Иран саясатына қаншалықты ықпал ете алады?
Сайлауалды бағдарламасында берген әлеуметтік саладағы өзгерістерді жасай ала ма?
Масуд Пезешкианның мамандығы – кардиолог. Жүрек маманы. Талай жүректің соғысын тыңдаған. Талай адамды ажалдан аман алып қалған. Енді Иран елінің жүрек қағысын дұрыс ырғаққа сала ала ма?!
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор