Жалғас – бастауыш сынып мұғалімі
Тәуелсіздіктен бергі уақыт ұзаған сайын ұлт ұлыларының үндестігін ұрпаққа танытудың өзектілігі күшейе түспесе, кеміген емес. Әсіресе орыс тілінде білім алатын оқушылардың санасына қазақтың рухани қазынасын құюға мектептерде мән беріле бастағаны қуантады. Осы көштен табылған Жалғас Қабылбеков – бүгінде бастауыш сынып ұстазы ретінде көзге ерекше түсіп отырған жас маманның бірі.
Жалғас Керекудің №30 орта мектебіндегі орыс сыныбына сабақ береді. Ертіс ауданындағы Қызылқақ ауылының түлегі «Мұғалім мамандығын оқушы кезімнен жақсы көрдім, өзім үшін бұл қиын әрі қызықты жол еді», дейді. Мектептен кейін орта оқу орнын аяқтап, туған ауылына барып екі жыл еңбек еткен соң Павлодарға қоныс аударды. Қылшылдап тұрған жас әрі әлеуеті мол маман екенін байқаған мұндағылар бастауыш сынып мұғалімі болуға бірден шақырыпты.
– Менің алдымдағы ағаларым мен әпкелерім кезінде мектептерде ер-азаматтардың көп болғанын жиі әңгімелейтін. Кейінгі уақытта оқушылардың тәрбиеден шығып бара жатқанын қоғамымыз ер ұстаздардың азайып кеткенімен байланыстырады. Расында, солай шығар. Әсіресе бастауыш сыныптарға сабақ беруге өзім шамалас жігіттердің тартыншақтайтынын түсіне алмаймын. Бастауыштағы балалардың зейнін ашу – әлемдегі ең асыл іс. Отбасыңызда жетіліп келе жатқан ер балаларыңызға білім ордасында тек нәзік жандар ғана сабақ үйреткенін қалар ма едіңіз? Өз басым олай ойламаймын. Сондықтан балаларды жастайынан ермінезділікке баулу, Бауыржан мен Қасым аталарымыздың батырлық істерімен рухтандыру біз секілді ер ұстаздардың өмірлік миссиясы болуы керек, – дейді Жалғас Бекежанұлы.
Бір қызығы, мектептегі ер мұғалімдердің жас толқыны қазіргі күні тізе қосып, тәрбие мәселесінде жоғары нәтижеге қол жеткізудің жолын бірлесіп іздеп жатыр. Ол үшін төрт жас маманнан тұратын мектептің шығармашылық фокус тобы құрылыпты. Жалғастан бөлек, бұл топқа – тарих мұғалімі Мұхаммед-Рахым Қалымов, көркем еңбек мұғалімі Данияр Шамбулов және аға тәлімгер Архат Сейсембаев мүше. Негізі білім беру саласына қандай да бір жаңа әдістер, тың технологиялар енгізілсе де, оқыту мен тәрбиелеудің мәні бірдей болып қалады. Яғни ұстаздар өскелең ұрпақты өмірге тиімді әрі саналы азамат етіп дайындауға тиіс. Барлық өзгерістің соңында оқушының келешегі тұрғанын ұмытпауымыз керек. Оларға заманауи білім беру, практикалық дағдылары мен іскерлігін дамыту, белсенді болуға үйрету, алған дағдыларын іс жүзінде қолдана білуге жұмылдыру, тағысын-тағы толып жатқан міндеттер бар мұғалім алдында. Шығармашылық фокус тобы осы бағыттарда еңбектеніп жатыр.
– Жаңа тәсілдерді енгізудің маңыздылығы мен қажеттілігін ескере отырып, біз әр сабақты зерттеуге зейін қойдық. Бұл бізге оқу барысында оқушылардың өзін қалай ұстайтынын, сабақтар арасындағы айырмашылықты байқауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, оқушылардың, ата-аналардың, қоғамның қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру жолдарын жоспарлауды меңгердік. Бір-бірімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей отырып, жаңа идеялармен байыта отырып, озық тәсілдерді қолданамыз. Мүмкіндіктерімізді бағалап, тың шешімдерді өзіміз қабылдай алатын деңгейге жеттік. Бұған қоса біз зерек және дарынды оқушыларға білім беру тәсіліне жаңа көзқараспен қарау үшін зерттеу сабақтарын өткізуді қажет деп санадық. Бұл сабақтар дарындылықты ерте анықтаудың оңтайлы тәсілдері мен алуан түрлерін табуға көмектеседі. Әрине, бұл – ұзақ мерзімді жоба. Қазіргі заманда оқыту жүйесі бір орында тұрмайтыны белгілі, – деп ой бөлісті жас маман.
Жалғас екі тілді де еркін меңгерген. 2-сыныптың оқулықтарындағы мәліметтерден бөлек, қосымша қызықты ақпараттарды әзірлеп, оқушыларға күнделікті сабақ барысында ұсынады екен. Мәселен, орыс әдебиеті оқулығында Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Сәкен Сейфуллиннің, өзге де ұлт ағартушылары мен ақын-жазушылардың өлең-жырлары бар. Балаларға тұлғалар жайында қызықты деректерді айтып, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары жайында әңгімелейді. Мұның барлығы – нәтижесіз емес. Балалар өздерінің естіген, оқыған ақпараттарымен бөлісіп, ізденгіштіктерін танытып жатады дейді ұстаз.
Бір ғажабы қазіргі жастардың ұстаз мамандығына қатысты идеалы өзгерген. Олар үшін ұстаздық – мәртебелі мамандық қана емес, жаңашыл әрі ұлағат иесі. Ал Жалғас секілді әлеуеті зор жас кадрлар өз мамандығының абыройын асыруға түрткі болып отырғандай көрінеді.