Жастарға «9-20-25» жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр

0
161
Фото: Kazinform

«Отбасы банкі» жастарға арналған «9-20-25» жаңа бағдарламасын әзірлеп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Дарынды жастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау мақсатында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын беріліп келеді. Заңға сәйкес, үміткерлердің жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Марапаттау номинацияларына өзгерістер енгізілді. Өздерінің нақты мақсаттарына және қоғамның игілігіне бағытталған жастарды тәрбиелеу мақсатында «Қоғамдық қызмет» номинациясы «Креативті бастамалар» номинациясымен ауыстырылды. Бұл ретте Мемлекет басшысы белгілеген «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында бизнес, ғылым, мәдениет, БАҚ және ақпараттық технологиялар саласындағы 30 үздік жоба анықталды. Қазіргі уақытта «Отбасы банкімен» бірлесіп, «9-20-25» жаңа бағдарламасы әзірленуде, оның негізгі қатысушылары жастар болмақ», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Министрдің айтуынша, биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Бұл заңның басты жаңалықтарының бірі – жастардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайту. Осылайша, жастардың саны 3,7 миллион адамнан 5,7 миллион адамға дейін артты.

«2023 жылы Жастардың даму индексі енгізілді. Бұл көрсеткіш мемлекеттік органдардың жастармен жұмысының және олардың мәселелерін шешудің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Онда ауыл жастарымен жұмыстан бастап патриоттық тәрбиеге дейінгі 7 бағыты қамтиды. Одан басқа құжатта 80 іс-шаралар жоспары қабылданды. Тұжырымдаманың алғашқы нәтижелері бар. 943 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 467 мыңы – жастар», – деді Аида Балаева.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ