Жауын аз түседі: Қазақстанда биыл қуаңшылық бола ма?

0
143
Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

Қазгидромет болжамы бойынша шілдеде Маңғыстау, Атырау, БҚО, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ тамызда Атырау, БҚО және Қызылорда мен Түркістан облыстарының оңтүстік аудандарында жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бұл маусымдық болжамды консультативтік болжам ретінде пайдалану қажет. Кейін ол бір айға, онкүндікке, аптаға арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланады.

Осыған байланысты, 2021 жылы Маңғыстау және Қызылорда облыстарында болған қуаңшылық еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде қайталануы мүмкін деп нақты айтуға әлі ерте, – делінген ресми жауапта.

Жайылымдарда су көздерін ашу үшін құдық қазу жұмыстары қолға алынған еді. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша Маңғыстау облысында 2021-2022 жылдары 67 құдық, Қызылорда облысында 42 құдық қазылып, 108-і субсидияланған.

Сонымен қатар, шаруашардың биыл жем-шөп бойынша да тарығып қалмайтындарын мәлімдеп отыр. Министрлік ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басына жем-шөп шығындарының құнын субсидиялайды.

Осы мақсаттарға биыл өңірлер 11,7 млрд теңге бөлген. Оның ішінде Маңғыстау облысы 719,7 млн теңге және Қызылорда облысы 375,8 млн теңге қарастырған. Қажет болған жағдайда облыс әкімдіктерінің қосымша қаражат бөлу мүмкіндігі бар.

Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Азық-түлік корпорациясында 235,2 мың тонна көлемінде жем қор құрылған. Қажет болған жағдайда шаруаларға арзандатылған бағамен берілмек. Сондай-ақ, мал азығын дайындау науқаны жүріп жатыр. Сондықтан көрші облыстардан жем-шөп тасу қажеттілігі туралы өтініш түспеген.

Екі жыл бұрын қуаңшылық зардабын тартқан екі облыста бүгінге дейін төрт түліктің қай түрінен де өсім бар деген мәлімет беріп отыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес Қызылорда облысында 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларында 2021 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал басы 11,7%-ға артып 424 мың басқа жеткен. Қой 6,2%-ға артып 736,6 мың бас, жылқы 30,8%-ға артып 232,4 мың бас, түйе 10,6%-ға артып 65,2 мың басты құрап отыр.

Маңғыстау облысында жылқы 24,3%-ға артып 153,4 мың бас, түйе 17,7%-ға артып 100,6 мың бас, ірі қара мал басы 0,6%-ға артып 29,6 мың басты құраған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ