Жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес — Шыңғыс Әрінов

0
269
Фото: ҚР Үкіметі

 — Ел бойынша сейсмикалық жағдай тұрақты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты.

«Кеше болған жер сілкінісі бойынша министрлік бірінші минуттан бастап қажетті шараларды үйлестірді. Азаматтардың арасында үрей болдырмау үшін жер сілкінісі туралы және одан ары халықтың әрекеттері бойынша хабардар етуді бастады. Сөйлеу дабылы, сирена және жергілікті объектілер жүйесі тартылып, телерадио каналдары арқылы жеткіздік. Республикалық және өңірлік жедел штабтар ашылып, 386 азаматтарды қабылдау пункті ұйымдастырылды. Тәулік бойы жедел желі жұмыс істеп тұр. Кеше қабылдау қабылдау пункттерінде үш мыңға жуық адам орналасты. Оның ішінде 906 бала бар. Әкімдіктер қираған ғимараттарды анықтау бойынша тексеруді жалғастырып жатыр», — деді министр.

Оның айтуынша, сонымен қатар министрліктің әуе кемесімен сел қаупі бар аумақтарда аэровизуалды зерттеу жүргізілді.

Алгоритмге сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері тартылды.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде.

«Жер сілкінісі кез келген төтенше жағдай сияқты алдын ала болжау мүмкін емес. Осыған байланысты министрлік олардың алдын алу және халықты бірінші кезекті әрекеттерге дайындау бойынша жұмыс жүргізуде. 20 ақпаннан бастап Алматыда азаматтарды төтенше жағдайларға дайындау үшін министрліктің бастықтары қатарынан жедел топ жұмыс істеуде. Осы қысқа мерзім ішінде жер сілкінісі кезінде азаматтардың іс-қимылы туралы ауқымды ақпараттандыру және түсіндіру жұмысы жүргізілді. Ол өз нәтижесін көрсетті. Бұл жолы халықтың көп бөлігі үрейге ұшыраған жоқ. Жедел топ 8 мыңға жуық ауланы аралап, білім беру нысандарында 650-ден астам сабақ өткізді және адамдар көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмыстары мен ескерпелер таратты. Кеше менің бұйрығыммен халықты оқыту және жер сілкінісі кезінде практикалық әрекеттерді пысықтау үшін қосымша Алматыға Ұзынағаштан әскери қызметшілер жіберілді. Қазіргі уақытта ел бойынша сейсмикалық жағдай тұрақты», — деді Шыңғыс Әрінов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ