Жергілікті маңызы бар жолдар да назардан тыс қалған жоқ

Биылғы жылдың күзінде Жетісу облысында республикалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал» автожолының (0-45 км) жөндеу жұмыстары аяқталады. Сол сияқты «Сарыөзек ауылын айналып өту» (0-7 шақырым) жолындағы құрылыс жұмыстары да бітеді. Бұл туралы Кербұлақ ауданының тұрғындарымен кездесу барысында белгілі болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Өткен жылғы кездесуде уәде бергендей, «Алацем» зауыты өз қаражаты есебінен «Сарыөзек-Көктал» автожолының бойында ұзындығы 38 шақырым және Сарыөзек ауылын айналып өтетін 7 шақырым технологиялық жолдарын салды. Енді жүк көліктері жаңарған «Сарыөзек-Көктал» автожолын бұзбайтын болады, – деді кездесу кезінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев.
Оның айтуынша, көліктердің шамадан тыс жүк тасымалдауының алдын алу мақсатында былтыр «Сарыөзек-Көктал» автожолының 51-ші шақырымына автоматтандырылған өлшеу жүйесі орнатылған. Осындай жүйені биыл қараша айында жолдың 6-шы шақырымына, яғни «Алацем» цемент зауытының жанындағы учаскеге де орнату жоспарланып отыр. Бұл жүйелер ауыр жүк көліктерінің «Сарыөзек-Көктал» жолын бұзуына жол бермейді.
Сондай-ақ «Сарыөзек-Қорғас» автожолының 113 шақырымы жөнделді, ал биыл қалған 135 шақырымын жөндеуге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстары қараша айына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, сөйтіп жалпы ұзындығы 248 шақырым жол толықтай қалпына келтіріледі.
Жергілікті маңызы бар жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, Шанханай, Шұбар, Көксу ауылдарында жалпы ұзындығы 12,7 шақырым болатын 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Қарашоқы ауылына кіреберіс жолды, Жаңалық, Сарыөзек, Майтөбе ауылдарындағы көпірлерді жөндеу және Малайсары ауылына кіреберіс жолдарды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін толық аяқталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Кербұлақ ауданының әкімдігі ұсынды.