Жол ережелерін сақтау – қала үшін маңызды басымдықтардың бірі

0
27

Алматыда жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кең ауқымды науқан өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz. 23 наурызда еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматы қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған “Менің қауіпсіздігім – менің қолымда” атты кең ауқымды науқан ұйымдастырылды. Шара Алматы қалалық полиция департаментінің, қала әкімдігінің және JET, WHOOSH, Яндекс шеринг-компаниялары мен мотоцикл мектебінің қолдауымен өткізілді. Алматы – күн сайын жолдарымен миллионнан астам автокөлік жүретін заманауи мегаполис. Қала ішіндегі және қала сырты бағытындағы көлік қозғалысының қарқынына байланысты жол қауіпсіздігі мен жол ережелерін сақтау – қала үшін маңызды басымдықтардың бірі. Науқан барысында қатысушылар мотоциклдер шеруін және “Жас сақшы” сыныптары мен жас жол инспекторларының салтанатты шеруін тамашалады. Аталған іс-шаралар қоғам назарын жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығына және балалар мен жастар арасында жолда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға аударды. Сонымен қатар шара аясында арнайы оқу-жиындар ұйымдастырылып, онда мамандар электросамокаттар мен мопедтерді қауіпсіз жүргізу ережелері мен осы көлік түрлерін пайдаланушыларға қойылатын талаптар туралы жан-жақты түсіндірді. Қатысушылар мен қала тұрғындары үшін сұрақ-жауап алаңы, тақырыптық ойындар, флешмобтар өткізілді. Сонымен қатар шара барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған бұл бастаманы қолдауға танымал қазақстандық әртістер де келді. Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров іс-шараның маңыздылығына тоқталды. – Мұндай ауқымды іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және барлық қатысушылар – жүргізушілер, жаяу жүргіншілер мен жеке көлік құралын пайдаланушылар арасында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Барша қала тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, – деп атап өтті ол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ