11 жылға сотталған ер адам Жоғарғы сотқа жүгіннен кейін бостандыққа шықты
Астанада 11 жылға сотталған ер адам істі Жоғарғы сот қарағаннан кейін бостандыққа шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
2021 жылы елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 41 жастағы Валерий Ханды 11 жылға бас бостандығынан айырған. Ол электронды ақпарат ресурстарын пайдалану арқылы аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны, өңдегені, тасымалдағаны және сақтағаны үшін кінәлі деп танылған. Оның адамдармен алдын ала келісіп әрекет еткені айтылған.
Содан кейін ер адам сот үкіміне апелляциялық шағым түсірген, алайда сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырған.
Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі Бас прокурордың наразылығы бойынша қайта қарап, сот актілерін өзгерту қажет деп тапты.
Сот Валерий Ханды іс бойынша басқа сотталған адамның жауабына сүйеніп соттаған. Алайда оның кінәсі фото немесе хат-хабарлама арқылы расталмаған.
Стенограммаға сәйкес, Хан қатысқан әңгімеде психотроптық затты әзірлеу процесі туралы сөз болады, бірақ заттың өзі туралы айтылмайды, психотроптық заттарды тасымалдау немесе өткізу талаптары талқыланбайды. Әңгімеден Ханның затты әзірлеуге қатыспағаны көрінеді. Бұл Ханның тыйым салынған заттарды сатуға ниеті туралы уәждерді жоққа шығарады, — делінген ресми ақпаратта.
Сондай-ақ Жоғарғы сотта ер адамның сотқа дейінгі тергеу барысында және сотта өзіне тағылған айыпты мойындамағаны назарға алынды. Басқа сотталғандар оның қылмысқа қатысы барын жоққа шығарды.
Тергеу іс-шаралары барысында Ханнан психотроптық заттар мен оларды әзірлеуге арналған жабдықтар табылмаған.
Осылайша, Ханның тыйым салынған заттардың әзірленуден хабары болғаны, алайда оны құқық қорғау органдарына хабарламағаны айтылды. Іс қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша сараланды.
Жоғарғы сот Валерий Ханға қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жаза мерзіміне оны күзетпен ұстау уақыты есепке жатқызылды және оны өтеуіне байланысты Хан дереу қамаудан босатылды.