«16 жыл баспанасының құжаты болмаған»: Астанада шағын аудан тұрғындарының мәселесі шешілді
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында «Нұр-бесік» шағын ауданының мәселесі туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Елордада 200-ден астам үй орналасқан «Нұр-бесік» шағын ауданы (Көктал 1 елді мекені) бар. Мұнда мыңнан астам адам өмір сүреді. Бұл шағын ауданда қала тұрғындары 2007 жылдан бері тұрып жатқанымен, 16 жылдан бері үйлеріне құқық белгілейтін құжаттары болмаған.
Сол себепті олар өз үйлеріне тіркеле алмаған. Осылайша олардың емдеу мекемелеріне тіркелуіне, балаларын балабақшаға, мектепке және т.б. беруіне мүмкіндіктері болмады. Олар достары мен туыстарының үйлеріне тіркелуге мәжбүр болды.
«Нұр-бесік» шағын ауданының тұрғындары жер учаскелерін заңдастыру мәселесін бізбен өткен кездесулерде бірнеше рет көтерді. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып, техникалық мәселелердің бәрі шешілді. Қазіргі уақытта тұрғындарға құқық белгілейтін құжаттарды беру рәсімі жүріп жатыр. Енді оларды ресми түрде елорда тұрғындары деп айтуға болады және 16 жылдан кейін тіркеле алады.
Шағын ауданды абаттандырумен де айналысып жатырмыз: сумен жабдықтау, су бұру, нөсер кәрізі, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау және т.б. инженерлік желілердің құрылысы бойынша жұмыс аяқталды. Сол сияқты көшелерге асфальт төселді, жарықтандыру бағаналары, 3 аялдама, интернет орнатылды, т.б. Біз қаланың елді мекендерін дамытуды ары қарай жалғастырамыз», — деп жазды Жеңіс Қасымбек.