2025-2026 оқу жылына арналған оқулықтар сараптамадан өтті
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Сараптамада 278 оқулық пен оқу-әдістемелік құрал қаралды, оның 266-сы мақұлданып, пайдалануға ұсынылды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы келесі оқу жылында қолданылатын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптамадан өткізді. Сараптамада 278 оқулық пен оқу-әдістемелік құрал қаралды, оның 266-сы мақұлданып, пайдалануға ұсынылды.
Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған Брайль шрифтімен және жазуы үлкейтілген оқулықтар әзірленді. 4-сыныптар үшін цифрлық сауаттылық, орыс тілі және шет тілдері (ағылшын, неміс, француз), бейнелеу өнері, еңбекке баулу, жаратылыстану пәндері бойынша оқулықтар және ұйғыр, өзбек тілдерінде оқытатын мектептерге арналған оқу құралдары бекітілді.
— Пәндік сараптама комиссиясында тәжірибелі педагогтер мен ғалымдар жұмыс істеді. Оқу әдебиеттерін бағалау әр басылымды сынақтан өткізу мен талдау нәтижелеріне негізделіп, ғылыми-педагогикалық талаптарға сәйкес жүргізілді. Бекітілген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер білім берудің заманауи талаптарына толық сәйкес келіп, оқушылардың табысты оқуына және болашақта қажетті маңызды дағдылар мен білімдерді дамытуға бағытталған, — деп атап өтті министрліктің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Назира Әбдірахманова.
Сондай-ақ, айта кету керек, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік құралдар алғаш рет кешенді сараптамадан өтті. Оқу-әдістемелік кешенге әдістемелік нұсқаулық, жұмыс дәптері, оқулық, үлестірме және демонстрациялық материалдар мен альбомдар кіреді.