Сейсмикалық қауіпсіздік селқостықты кешірмейді

0
192

Сейсмология институтының мәліметінше, 2018-2022 жылдары Алматыда 2 мыңнан астам жер сілкінісі болған. Олардың аумақтық таралу сипатына қарағанда, негізгі сейсмикалық белсенділік қаланың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жиірек байқалады екен. Әзірге мамандар жер тербелісінің нүктесін, орнын және уақытын алдын ала болжай алмайды. Қолдан келері жерасты, жерүсті тербелістерінің динамикасын тұрақты түрде бақылаумен шектеліп отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директоры­ның орынбасары Нұрсарсен Өзбеков­тің мәлімдеуінше, елімізде табиғи апаттар, сейсмикалық қауіпсіздік мәселелерін жүйелендіретін заң жоқ, бұл «Азаматтық қорғау туралы» заңның кейбір баптарымен ғана реттеледі. Сарапшының айтуынша, бізге осы мәселеге байланысты бөлек заң керек.

Қазақстан аумағының 40 пайызы, оның ішінде өндіріс орындары бар өңірлердің 60 пайызы, хал­қы­ның үштен бірінен астамы тұратын елді мекендер жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтарда орналасқан. Же­ке заң қабылданса, сейсмикалық қауіп­ті аймақтарда салынып жатқан ғи­мараттардың қауіпсіздігі арнайы заңмен реттеледі. Төтенше жағ­дай­ларда халық пен мемлекеттік жүйе арасындағы қарым-қатынас заң­мен реттелуге тиіс. Сарапшы айтып өткендей, тіпті жеке заң қабылдау кешіккен күннің өзінде азаматтық қорғаныс туралы заң осындай баптармен толықтырылуға тиіс.

Елдің сейсмикалық аймақ­тарын­да жұмыс істеп жатқан станса­лар саны сейсмикалық қауіп­сіздік пен тәуекелді бағалаудың негізгі мін­деттерін толыққанды шешілді деп ешкім айта алмайды. Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының сейс­ми­калық қауіпті аймақтарында сейс­мологиялық бақылаулар аз, ал Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында сейсмологиялық ба­қы­лаулар әлі жеткілікті деңгейде да­мымаған. Түркиядағы зілзаладан соң мемлекеттің назары осы бағыт­тарға бағытталуы керек еді. Бірақ әзірге уәде мен жоспардан өзге ештеңе айтылып жатқан жоқ.

Алматыдағы ең жойқын жер сіл­кінісі 1911 жылы тіркелген. Сарап­шылар мұндай күшті жер сілкінісінің қайталануы да, қайталанбауы да мүмкін екенін айтады. Мамандардың сөзіне сенсек, қала сейсмикалық қауіпсіздік стандарттарына сай жо­баланып салынған. Қазақстан құ­рылысшылар одағы Алматыдағы фи­лиалының директоры Тимур Нұртаев 1970 жыл­дан бері қаладағы бар­лық ғимараттар 9 балдық жер сілкі­нісіне лайықталып салынғанын айтады. Тимур Нұртаев­тың айтуынша, Ал­ма­тыдағы жаңа көпқабатты үйлер жақ­сы күшейтілген. «Сонымен қатар олар бетоннан са­лынған, ол табиғатта не­ғұр­лым ұза­ғырақ болса, ылғалды сіңі­реді және соғұрлым күшті болады. Кір­піш мұн­дай қасиеттерге ие емес, жыл өткен сайын сынғыш болады», дейді маман.

Т.Нұртаев жеке сектордағы үй­лер көбінесе сейсмикалық қауіп­сіздік нормаларын сақтамай салын­ғандықтан, 5-6 балдық жер сіл­кінісі кезінде де құлап кетуі мүмкін болғандықтан, жеке үйлердің құ­ры­лысын қадаға­лауды күшейту маңыз­ды деп санайды.

Ал Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Ибрагим Күлшімбаев амплитудасы тоғыз балл және одан жоғары жер сілкінісі кезінде Ал­ма­тыдағы тұрғын үйлердің 30 пайы­зы­ның қирап қалуы мүмкін еке­нін айтқан болатын. Бұл туралы Ал­маты қаласында 2017-2018 жыл­­­дары жүргізілген ғима­рат­тар мен құ­рылыстарды паспорттау мә­лі­мет­терінде айтылған. Құжаттандыру 2001 жылға дейін салынған 10 525 нысанды қамтыды, оның ішінде тұр­ғын үйлер, әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар, емхана­лар, ауруханалар, әкімшілік ғима­раттар бар. Бұл бағыттағы жұмыс құрылыстардың ақаулары мен тозуын анықтау үшін ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін тексеру мақсатында жүргізілді.

Қазақ құрылыс және сәулет ғылы­ми-зерттеу жобалау институты өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаровтың айтуынша, аттес­тация қаладағы ғимараттардың үштен біріне жуығы сейсмикалық төзімділік стан­дарт­­тарына сәйкес келмейтінін анық­таған. Сарапшы айтып өткендей, сейсмикалық күшейту бағдарламасы бойынша әлеуметтік нысандар – ауру­­­ханалар, мектептер, емхана­­лар, бала­бақ­шалар нығайты­лып жатыр. То­зығы жеткен тұрғын үйлер­ге келсек, бұл ғимараттарды нығай­ту мүмкін емес. Сондықтан үйлер­дің көпшілігін жөн­деу бағдар­ламасы бойынша сүріп тастау ұсынылып отыр. Сондай-ақ ол пас­порттау қорытындысы бойын­ша зерт­телген 10 525 нысанды 2 GIS электрондық картасына байла­ныс­тыру арқылы электрондық төлқұ­жат­тар жасалғанын, онда ең қажетті сұрақ­тарға жауап берілгенін атап өтті.

«Ең сенімді үйлер – бұл жобалан­ған және нормаларға сәйкес салынған үйлер. Кеңес дәуіріндегі 5, 9 қабатты панельді үйлер жер сілкінісіне төзім­ді. Өйткені олар бірқатар елдегі күш­ті жер сілкіністерінен аман қалды», деді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, мұн­дай ғимараттар құрылысы басталмас­тан бұрын көп сатылы эксперимент­тік сынақтан өтуге тиіс. Алматыда 80-жыл­­­­­­­дардың соңында салынған мо­но­­литті үйлер жер сілкінісіне төзім­ді. «Ғимараттардың бірқатарында біз вибродинамикалық сынақтар жүр­гі­здік, бұл құрылымдық схеманың сейс­­­микалық жүктемелерге төтеп бере алатынын көрсетті», деп атап өтті сарапшы.

Құрылысшылардың кірпіштен салынған тұрғын үйлер сейсмикалық сілкіністерге төтеп бере алмауы мүм­кін деген пікірін Е.Шоқбаров та қолдайды. 2008 жылы институт Ал­матыдағы кірпіштен салынған үш қабатты ғимаратқа жүргізілген вибродинамикалық сынақ нәтижесі үш қабатты кірпіш үйлердің де жер сілкінісіне төзімді еместігін көрсетті. 1998 жылы қазақтың ұлт­тық нормалары әзірленді, олар 2001, 2004, 2006 және 2017 жылдары өз­ге­рістерге ұшырады. 2021 жылы бұл нормалар әлемнің 40-тан астам елінде қол­данылатын «еурокодтар» деп аталатын талаппен толық үйлестіріледі. Ера­лы Шоқбаровтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарына дейін қолда­нылған кеңестік нормалармен салыс­тырғанда, қазіргі нормалардың сенім­ділік деңгейі 50 пайызға жоғары. Сарапшының айтуынша, біздің стан­дарттарымыз ТМД елдерімен са­лыс­тырғанда көш ілгері дамыған. 2010-2015 жылдары еліміздің құрылыс саласы реформаланып, біздің стандарттар еуропалық стандарттар базасына бейімделген.

Алматылық сәулетші Алмас Ор­дабаев құрылыс мамандарының тек­­се­ру­лері мен зерттеулері өте маңыз­­ды екенін айтады. Тәртіп пен бақылау құрылыстың барлық кезеңін­­де бірдей жүру керек. Оның ай­туын­ша, ғимараттың қаңқасын ұс­тап тұра­тын тірек бұзылса, жер тербе­лісіне төзімділігі төмендеп, басқа тұрғын­дарға қауіп төнеді.

«Құрылыста жаңа технологияларды қолданып, мұны заңнамалық деңгейде бекіту керек. 9 балдық жер сілкінісі кезінде үйде сейсмикалық оқшаулағыштар болса, 4 балдық жер сілкінісі сияқты сезіледі, тек аспалы шамдар дірілдейді», дейді сарапшы.

Сейсмикалық тербелістің ықпа­лын әлсірететін технология уақыт өткен сайын жетілдіріліп келеді. Бірақ Ал­матыда мұндай технологиямен са­лынған үй санаулы ғана. Себебі баға­сы қымбат болғандықтан тек биз­нес санаттағы үйлерге ғана салынады. Ал мемлекеттік ипотекалық бағдар­ламамен салынған үйлер үшін мұндай технологиядан аспандағы ай мен жұлдыздың бағасы арзан.

Сарапшылардың айтуынша, мұн­дай технологияны аурухана­лар, мектептер, емханалар, балабақшалар, сау­да үйлерінде қолданатын кез келді. Оған құрылыс компанияларының да, мемлекеттің де қаржысы да, әлеуеті де жетеді. Миллиондық қалалар ғана емес, барлық аймақтардағы құрылыс ғимараттарында тербелістің ықпалын әлсірететін, халықтың өмі­рін сақтап қалуға сеп болатын тех­но­логия­ны міндеттейтін заң­ды қабылдауды кешіктіруге болмайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ