Сейсмикалық қауіпсіздік селқостықты кешірмейді
Сейсмология институтының мәліметінше, 2018-2022 жылдары Алматыда 2 мыңнан астам жер сілкінісі болған. Олардың аумақтық таралу сипатына қарағанда, негізгі сейсмикалық белсенділік қаланың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жиірек байқалады екен. Әзірге мамандар жер тербелісінің нүктесін, орнын және уақытын алдын ала болжай алмайды. Қолдан келері жерасты, жерүсті тербелістерінің динамикасын тұрақты түрде бақылаумен шектеліп отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсарсен Өзбековтің мәлімдеуінше, елімізде табиғи апаттар, сейсмикалық қауіпсіздік мәселелерін жүйелендіретін заң жоқ, бұл «Азаматтық қорғау туралы» заңның кейбір баптарымен ғана реттеледі. Сарапшының айтуынша, бізге осы мәселеге байланысты бөлек заң керек.
Қазақстан аумағының 40 пайызы, оның ішінде өндіріс орындары бар өңірлердің 60 пайызы, халқының үштен бірінен астамы тұратын елді мекендер жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтарда орналасқан. Жеке заң қабылданса, сейсмикалық қауіпті аймақтарда салынып жатқан ғимараттардың қауіпсіздігі арнайы заңмен реттеледі. Төтенше жағдайларда халық пен мемлекеттік жүйе арасындағы қарым-қатынас заңмен реттелуге тиіс. Сарапшы айтып өткендей, тіпті жеке заң қабылдау кешіккен күннің өзінде азаматтық қорғаныс туралы заң осындай баптармен толықтырылуға тиіс.
Елдің сейсмикалық аймақтарында жұмыс істеп жатқан стансалар саны сейсмикалық қауіпсіздік пен тәуекелді бағалаудың негізгі міндеттерін толыққанды шешілді деп ешкім айта алмайды. Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының сейсмикалық қауіпті аймақтарында сейсмологиялық бақылаулар аз, ал Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында сейсмологиялық бақылаулар әлі жеткілікті деңгейде дамымаған. Түркиядағы зілзаладан соң мемлекеттің назары осы бағыттарға бағытталуы керек еді. Бірақ әзірге уәде мен жоспардан өзге ештеңе айтылып жатқан жоқ.
Алматыдағы ең жойқын жер сілкінісі 1911 жылы тіркелген. Сарапшылар мұндай күшті жер сілкінісінің қайталануы да, қайталанбауы да мүмкін екенін айтады. Мамандардың сөзіне сенсек, қала сейсмикалық қауіпсіздік стандарттарына сай жобаланып салынған. Қазақстан құрылысшылар одағы Алматыдағы филиалының директоры Тимур Нұртаев 1970 жылдан бері қаладағы барлық ғимараттар 9 балдық жер сілкінісіне лайықталып салынғанын айтады. Тимур Нұртаевтың айтуынша, Алматыдағы жаңа көпқабатты үйлер жақсы күшейтілген. «Сонымен қатар олар бетоннан салынған, ол табиғатта неғұрлым ұзағырақ болса, ылғалды сіңіреді және соғұрлым күшті болады. Кірпіш мұндай қасиеттерге ие емес, жыл өткен сайын сынғыш болады», дейді маман.
Т.Нұртаев жеке сектордағы үйлер көбінесе сейсмикалық қауіпсіздік нормаларын сақтамай салынғандықтан, 5-6 балдық жер сілкінісі кезінде де құлап кетуі мүмкін болғандықтан, жеке үйлердің құрылысын қадағалауды күшейту маңызды деп санайды.
Ал Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Ибрагим Күлшімбаев амплитудасы тоғыз балл және одан жоғары жер сілкінісі кезінде Алматыдағы тұрғын үйлердің 30 пайызының қирап қалуы мүмкін екенін айтқан болатын. Бұл туралы Алматы қаласында 2017-2018 жылдары жүргізілген ғимараттар мен құрылыстарды паспорттау мәліметтерінде айтылған. Құжаттандыру 2001 жылға дейін салынған 10 525 нысанды қамтыды, оның ішінде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар, емханалар, ауруханалар, әкімшілік ғимараттар бар. Бұл бағыттағы жұмыс құрылыстардың ақаулары мен тозуын анықтау үшін ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін тексеру мақсатында жүргізілді.
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу жобалау институты өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаровтың айтуынша, аттестация қаладағы ғимараттардың үштен біріне жуығы сейсмикалық төзімділік стандарттарына сәйкес келмейтінін анықтаған. Сарапшы айтып өткендей, сейсмикалық күшейту бағдарламасы бойынша әлеуметтік нысандар – ауруханалар, мектептер, емханалар, балабақшалар нығайтылып жатыр. Тозығы жеткен тұрғын үйлерге келсек, бұл ғимараттарды нығайту мүмкін емес. Сондықтан үйлердің көпшілігін жөндеу бағдарламасы бойынша сүріп тастау ұсынылып отыр. Сондай-ақ ол паспорттау қорытындысы бойынша зерттелген 10 525 нысанды 2 GIS электрондық картасына байланыстыру арқылы электрондық төлқұжаттар жасалғанын, онда ең қажетті сұрақтарға жауап берілгенін атап өтті.
«Ең сенімді үйлер – бұл жобаланған және нормаларға сәйкес салынған үйлер. Кеңес дәуіріндегі 5, 9 қабатты панельді үйлер жер сілкінісіне төзімді. Өйткені олар бірқатар елдегі күшті жер сілкіністерінен аман қалды», деді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, мұндай ғимараттар құрылысы басталмастан бұрын көп сатылы эксперименттік сынақтан өтуге тиіс. Алматыда 80-жылдардың соңында салынған монолитті үйлер жер сілкінісіне төзімді. «Ғимараттардың бірқатарында біз вибродинамикалық сынақтар жүргіздік, бұл құрылымдық схеманың сейсмикалық жүктемелерге төтеп бере алатынын көрсетті», деп атап өтті сарапшы.
Құрылысшылардың кірпіштен салынған тұрғын үйлер сейсмикалық сілкіністерге төтеп бере алмауы мүмкін деген пікірін Е.Шоқбаров та қолдайды. 2008 жылы институт Алматыдағы кірпіштен салынған үш қабатты ғимаратқа жүргізілген вибродинамикалық сынақ нәтижесі үш қабатты кірпіш үйлердің де жер сілкінісіне төзімді еместігін көрсетті. 1998 жылы қазақтың ұлттық нормалары әзірленді, олар 2001, 2004, 2006 және 2017 жылдары өзгерістерге ұшырады. 2021 жылы бұл нормалар әлемнің 40-тан астам елінде қолданылатын «еурокодтар» деп аталатын талаппен толық үйлестіріледі. Ералы Шоқбаровтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарына дейін қолданылған кеңестік нормалармен салыстырғанда, қазіргі нормалардың сенімділік деңгейі 50 пайызға жоғары. Сарапшының айтуынша, біздің стандарттарымыз ТМД елдерімен салыстырғанда көш ілгері дамыған. 2010-2015 жылдары еліміздің құрылыс саласы реформаланып, біздің стандарттар еуропалық стандарттар базасына бейімделген.
Алматылық сәулетші Алмас Ордабаев құрылыс мамандарының тексерулері мен зерттеулері өте маңызды екенін айтады. Тәртіп пен бақылау құрылыстың барлық кезеңінде бірдей жүру керек. Оның айтуынша, ғимараттың қаңқасын ұстап тұратын тірек бұзылса, жер тербелісіне төзімділігі төмендеп, басқа тұрғындарға қауіп төнеді.
«Құрылыста жаңа технологияларды қолданып, мұны заңнамалық деңгейде бекіту керек. 9 балдық жер сілкінісі кезінде үйде сейсмикалық оқшаулағыштар болса, 4 балдық жер сілкінісі сияқты сезіледі, тек аспалы шамдар дірілдейді», дейді сарапшы.
Сейсмикалық тербелістің ықпалын әлсірететін технология уақыт өткен сайын жетілдіріліп келеді. Бірақ Алматыда мұндай технологиямен салынған үй санаулы ғана. Себебі бағасы қымбат болғандықтан тек бизнес санаттағы үйлерге ғана салынады. Ал мемлекеттік ипотекалық бағдарламамен салынған үйлер үшін мұндай технологиядан аспандағы ай мен жұлдыздың бағасы арзан.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай технологияны ауруханалар, мектептер, емханалар, балабақшалар, сауда үйлерінде қолданатын кез келді. Оған құрылыс компанияларының да, мемлекеттің де қаржысы да, әлеуеті де жетеді. Миллиондық қалалар ғана емес, барлық аймақтардағы құрылыс ғимараттарында тербелістің ықпалын әлсірететін, халықтың өмірін сақтап қалуға сеп болатын технологияны міндеттейтін заңды қабылдауды кешіктіруге болмайды.