Таңғалдырған «Тұрандот»
Тұрандот ханшайымның жұмбағын шешуге асық көрермен үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев пен италиялық режиссер Давиде Ливермор тандеміндегі классикалық туынды тамаша тарту болғаны сөзсіз.
Джакомо Пуччинидің «Тұрандоты» жай ғана опера емес, бұл – бүкіләлемдік музыка мәдениетінің нағыз жауһары. Ол өзіне сюжеттің драмалық тереңдігін, жарқын әрі есте қаларлық музыкалық тақырыптар мен қуатты вокалдық партияларды біріктіреді.
Әйгілі опера ХІІ ғасырдағы шығыс поэзиясының классигі Низамидің ХVIII ғасырдағы парсы ертегілерінің еуропалық жинағына енген поэмасы негізінде сахнаға шықты. Оны бұл топтамадан италиялық драматург Карло Гоцци өзінің «театрға арналған ертегілеріне» алған еді. Ал либретто авторлары – Джузеппе Адами мен Ренато Симони. Суық та сарабдал, бірақ өте сұлу Тұрандот туралы аңызға айналған хикая көрермендерді ханшайымның ғана емес, сондай-ақ режиссердің де жұмбақтарына жауап іздеуге шақырады. Құпияға толы қызықты эпизодтар көрушісін әлбетте бейжай қалдырмады.
Әсіресе құрғақ дала мен қураған ағаштарды суарып тұратын шынайы жаңбыр көрермен көңіліне ерекше әсер сыйлады. Бұл өлі табиғат көрінісі Тұрандоттың патшалығында махаббат пен жылулықтың жоқтығын білдіреді. Дегенмен татулық пен жақсылықтың жаршысы болған балалар келгенде ағаштар жаңа театрлық технологиялардың арқасында гүлдейді, осылайша сұлу ханшайымның жүрегін жібітуге үміт бар екенін көрсетеді.
Тұрандоттың жеңіл ақ көйлекте жердің астынан көтерілуі де қойылымдағы ең әсерлі сәттердің бірі болды. Оның бейнесі көрермендердің бойында таңданыспен қатар, Тұрандоттың жанында өлімнің өзі жүргендей қорқыныш туғызды. Спектакль ақ-қара гаммада орындалған, яғни өмір философиясын оқиғаның негізгі өзегі еткен. Осы сынды символдық сөйлетулер мен аллегориялық астарлар қойылымның көркемдік деңгейін даралайды. Ал өмірдің алма-кезек екенін білдіретін медузалар мен оқиғаны бақылаушы айдаһар бейнесі спектакльге қиял-ғажайып жарқындық пен тереңдік үстейді.
Қойылымға халықаралық деңгейдегі шақырылған солистер қатысты. Калаф ханзаданың партиясында грузиялық тенор Георгий Ониани опера сахнасының примасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллинамен бірге өнер көрсетті. Екінші құрамды мұңлы ханшайым Тұрандоттың рөлін украиналық сопрано Оксана Крамарева орындады, Лиудің партиясында чехиялық Либуше Санторисова шықты. Сонымен қатар театрдың тұрақты көрермендері үшін «Астана операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаевтың Калафтың партиясындағы дебюті ерекше оқиға болғаны анық. Оның қатысуы «Опералия» өнер думанының жақын сәтіне айналды десек, қателеспейміз.
«Қазақстан – құрмет ерекше тұтатын елдерімнің бірі. Сондықтан мұнда өнер көрсету – мен үшін әрдайым үлкен бақыт. Астанадағы дебютім 2005 жылы болған еді, «Мадам Баттерфляй» операсында өнер көрсеттім. Сол спектакль жанымда керемет естеліктерімен жатталды. Бұл жолы мен Пуччинидің репертуарындағы сүйікті партияларымның бірі – Калаф рөлін жеткіздім. Шынын айтқанда, талғампаз көрермен негізінен Калафтың әйгілі ариясын тыңдауға келеді. Солист ретінде оны орындаудан мен де ләззат аламын және адамдарға сондай бақыт сыйлай алғаныма қуанамын, – деді грузиялық Георгий Ониани.
Әртістің айтуынша, ол «Тұрандотты» әлемнің көптеген сахнасында орындап жүргенімен, ерекше есте қаларлық өнер көрсету 2005 жылы Миландағы Ла Скала театрында болған: «Мен концертті Калафтың ариясымен аяқтадым, сол кезде залда отырғандардың барлығы «тағы да, тағы да» деп айқайлап, осы арияны екінші рет айтып беруімді өтінді. Сонда италиялық дирижер: «Тағы ән шырқай аласың ба?» деп сұрағанда, мен өле-өлгенше ән салатынымды айттым. Залда отырған грузиялықтар концерттен кейін жаныма келіп, қуаныштан көздеріне жас алды. Бұл – мен үшін өмірімдегі ең қымбат сәттердің бірі», деп естелігімен бөлісті әнші.
Туындыны терең мағынаға толтырған тапқыр режиссерлік шешімдер, жарқын сценография мен сәнді костюмдер һәм әртістердің шебер ойыны Пуччини кейіпкерлерінің эмоциялық жай-күйін, олардың құштарлықтары мен уайымын шынайы жеткізе білді. Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, есімі әлемге мәшһүр дирижер Алан Бөрібаевтың талғампаз танымы композитордың осынау танымал хикаяға салған барлық ой тереңдігі мен сырлы сезімін музыка арқылы түсінуге тамаша септесті.
Орайы келгенде айта кетейік, қазақ атын жаһанға танытып жүрген дарынды дирижер жақында Венгрияда Модест Мусоргскийдің «Борис Годунов» операсының премьерасын, сондай-ақ Сергей Прокофьевтің «Соғыс және бейбітшілік» спектакльдерінің топтамасын сахнаға шығарды. Оның шеберлігі мен музыкалық материалды интерпретациялауы кез келген қойылымның жоғары деңгейде орындалуымен ерекшеленеді.
Операның финалы да тың шешімдерімен таңғалдырды. Алтын түстес реңктерге боялған ғажайып әлем көрерменіне бейнебір ертегілер елінде жүргендей әсер сыйлады. Ал Тұрандот Калафқа өзінің жүрегін ашқанда сахнаға сәуле шашылып, бір сәтте айнала жарқырап кетті. Осылайша, сценографтар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов спектакльді шын мәнінде қызықты әрі қайталанбастай етіп, «Тұрандотты» өткізіп алуға болмайтын бірегей театрлық оқиғаға айналдырды.