Бұл – азамат пен қазанаттың қайрат-күші мен ерік-жігері сыналатын үлкен дода

Биылғы «Ұлы дала жорығы» халықаралық бәйге-марафоны – Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылатын айтулы іс-шара ретінде алғаш рет толық Алматы облысының аумағында өтеді. Бұған дейін бірнеше өңірді қамтып, мыңдаған шақырымға созылып келген бұл дәстүрлі бәйге-марафон биыл қатысушылардың қарымын бір ғана облыс көлемінде сынағалы отыр. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында айтты.
«Халықаралық бәйге-марафонды Joryq ат спорты федерациясының басшысы әрі жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбеков Алматы облысы әкімдігіне бірлесіп ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірген. Ел руханияты үшін маңызы зор жобаны бірден қолдап, қолға алдық. Болашағы жарқын жобаның мазмұны терең әрі туризм саласын ілгерілетуге қосар үлесі зор. Бұл бастама біздің алға қойып отырған мақсаттарымызбен де үндесіп жатыр. Өңірімізге келетін туристер мен жарысқа қатысушыларға көрсететін көрікті жерлеріміз баршылық. Тіпті, жоспарланған шараларды бес күнге сыйғызу қиынға соғып отыр. Сондықтан барлығын егжей-тегжейлі ойластырып, барлық тарапқа тиімді болуын қарастырып жатырмыз. Әр шетелдік қатысушының қызығушылығы болашақта облысымызға шетелдік туристердің легін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Мемлекет басшысы: «Ұлы дала жорығы – бұл қазақ халқының атқа міну мәдениетін жаңғырту, ұлттық спортты дамыту әрі жастарды патриотизмге тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам», – деп жобаның елдік мән-маңызын атап өткенін есте ұстай отырып, ұлтымыздың ұмыт бола бастаған құндылықтарын қайта жаңғырту, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі озық тәжірибемізді өзгелерге де насихаттай алсақ, нұр үстіне нұр болары анық.
Ат спорты – қазақтың қанында бар, ұлттың төл болмысы. Жастарды атқа баулу, жылқы жануарын тануға үйрету – ұлт жадында ат үстіндегі өмір сүру мәдениетін қайта жаңғырту жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.
Дәстүрге айналған «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафоны 9-14 мамыр аралығында өтеді. Қазіргі таңда 5 күндік бәйгеге бірнеше шетелдік команда қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл – азамат пен қазанаттың қайрат-күші мен ерік-жігері сыналатын үлкен дода. Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылатынына сенім мол.
Жарысқа 10-нан астам елден, атап айтқанда, Түркия, Ресей, Мажарстан, Оңтүстік Африка Республикасы, Қырғызстан, өзге де мемлекеттерден жүзден астам спортшы келмек. Біздің шабандоздар жарысқа қатысып қана қоймай, халықаралық әріптестік орнатып, өңіріміздің көрікті жерлерімен қонақтарды таныстырады. Биылғы халықаралық бәйге-марафон табиғаты көркем, тарихи орындарға бай Балқаш, Жамбыл, Іле аудандарының аумағында өтеді. Шабандоздар бес күн ішінде 500 шақырым жолды еңсеріп, шын мықтыны анықтайды.
Марафон аясында өтетін ауқымды шаралардың бірі – асылтұқымды жылқылар көрмесі. Бұл көрмеде келушілер елімізде өсірілетін ерекше жылқы тұқымдарымен танысып, жылқы шаруашылығының дамуына назар аудара алады. Сонымен қатар шетелдік меймандарға қазақ халқының мәдени мұрасын тереңірек таныту мақсатында этноауылдар, фотоаймақтар мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылады. Ел ішінен келген қолөнер шеберлері ұлттық бұйымдарын жәрмеңкеге шығарып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін көпшілікке кеңінен насихаттайды. Бұл – дәстүрлі мәдениеттің бай мұрасын көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік. Біз тек спортшылардың ғана емес, халқымыздың тарихи болмысы мен мәдени құндылықтарын да бүкіл әлемге танытуды мақсат етеміз.
Марафон барысында қатысушылар күн сайын арнайы аялдамаларда аттарын суытып, тынығуға мүмкіндік алады. Сол сәттерде ұлттық ойындарымыз көрсетіліп, қазақи киім үлгілері таныстырылады. Осылайша, бәйге тек спорттық дода ғана емес, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтатын, достықты бекемдейтін бірегей алаңға айналмақ», – дейді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.