Тараз – тарихтың шежіресі, мәдени мұраның қайнар көзі, көп үнді қолөнершілер қаласының рухы

0
16

Жамбылда «Тараз – қолөнершілер қаласы» IV халықаралық фестивалі өтуде

 Тараз әртүрлі елдерден келген шеберлерді, дизайнерлерді және қонақтарды біріктірді. Әртүрлі мемлекеттерден келген шеберлер өздерінің бірегей бұйымдарын «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық фестивалінде ұсынды. Ауқымды шара тарихи-мәдени «Көне Тараз» кешенінің аумағында өтіп, оны дәстүр, тарих пен заманауи өнер тоғысқан ерекше алаңға айналдырды.

Фестиваль алаңына кіреберістен-ақ мерекелік көңіл-күй сезілді. Қонақтарды ұлттық киім киген қыздар қарсы алып, қазақ дастарханының молшылығын, берекесін және қонаққа деген құрметті білдіретін жеті түрлі тағамнан дәм татқызды. Мұндай жылы қарсы алу – ғасырлар бойы қалыптасқан қонақжайлық дәстүрінің айқын көрінісі болды.

Фестивальдің ашылуында Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарын Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтады.

– Тараз – жай ғана көне қала емес. Бұл – Ұлы Жібек жолы бойындағы адамзат өркениетінің рухани негізіне айналған, уақыттың ізі сақталған қасиетті мекен. Екі мың жылдан астам тарихы бар бұл қалада түрлі халықтар тоғысып, өнер мен дәстүрдің үзілмес желісін қалыптастырды. Сондықтан Тараз – тарихтың шежіресі, мәдени мұраның қайнар көзі, көп үнді қолөнершілер қаласының рухы, – деді өңір басшысы.

Әкім қаланың дүниежүзілік қолөнер орталықтары желісіне енуі – қазақстандық қолданбалы өнердің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі екенін атап өтті.

– Бүгінгі фестиваль дәстүр мен заманауилықты үйлестірген ерекше мәдени кеңістік қалыптастырып отыр. Мұнда әрбір туындыда тарихтың ізі бар, әрбір өрнекте халықтың жаны көрініс табады, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ ол фестивальдің практикалық маңызына тоқталды:

– Бұл шара туризмнің дамуына серпін береді, кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер ашады, мәдени байланыстарды нығайтады және ең бастысы – жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырады. Өңір басшысы қатысушыларға шабыт пен шығармашылық табыс тіледі.

Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова, «Қазақстан этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті, Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің мүшесі Салтанат Жапарова да құттықтау сөз сөйледі. Спикерлер мәдени мұраны сақтау, шеберлерді қолдау және этнодизайнды дамыту мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.

– «Тараз – қолөнершілер қаласы» фестивалі – дәстүрлі қолданбалы өнерді сақтау мен дамытуға, халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған ел көлеміндегі маңызды шара. Ұлы Жібек жолындағы көне қолөнер орталығы ретінде Тараз шеберлер мен дәстүрлерді біріктіріп, өткен мен бүгіннің арасындағы диалогқа айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени мұраны сақтау мен ұлттық өнерді қолдаудың маңызын бірнеше рет атап өткен. Бұл фестиваль тәжірибе алмасуға, шығармашылық байланыстарды нығайтуға, этнодизайнды дамытуға және жастарды халқымыздың бай мәдени мұрасына тартуға үлкен мүмкіндік береді деп сенемін. Барша қатысушыларға шабыт, жаңа жетістіктер тілеймін, – деді Мәлік Отарбаев.

Іс-шараның маңызын арттыра түскен тағы бір жайт – 2022 жылдан бастап Тараз қаласының Қазақстандағы алғашқы болып Дүниежүзілік қолөнер қалалары тізіміне енгізілуі. Бұл мәртебе өңірдегі сәндік-қолданбалы өнердің жоғары деңгейін және бай мәдени мұрасын айғақтайды.

Салтанатты жиын барысында сәндік-қолданбалы өнердің дамуына үлес қосқан шеберлер марапатталды. Олардың еңбегі – дәстүрдің жалғасы әрі елдің мәдени болмысының ажырамас бөлігі.

Фестиваль мазмұнды концерттік бағдарламамен жалғасып, заманауи дизайнерлердің ұлттық нақыш пен қазіргі үрдістерді үйлестірген топтамалары көрсетілді. Ұсынылған жұмыстар дәстүрлі өрнектер мен пішіндердің қазіргі сән индустриясында жаңа сипатқа ие бола алатынын көрсетті.

Артём КИМ, фото Юрия КИМ