Астанада Халықаралық жас хореографтар байқауы өтті

0
18

Халықаралық би күніне орай Қазақ ұлттық хореография академиясында Халықаралық жас хореографтар байқауы өтті. Шығармашылық сайысқа Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан және Әзербайжан елдерінің қатысушылары жиналды.

Халықаралық қазылар алқасының құрамына саланың білікті мамандары кірді. Олардың қатарында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Достық» орденінің II дәрежелі кавалері Константин Заклинский, халықаралық педагог-хореограф Ирма Кардано, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері, өнертану кандидаты Анвара Садыкова болды.

Бағдарлама аясында байқау көрсетілімі, ұлттық би бойынша шеберлік сабақтары, сондай-ақ Ирма Карданоның Хосе Лимон техникасына негізделген шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Сонымен қатар делегация жетекшілеріне арналған «Өнер саласындағы жоғары оқу орындарының цифрлы трансформациясы: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты форум өтті.

Байқаудың екінші кезеңінде 25 қойылым көрсетілді. Жас хореографтар өз жұмыстарында би өнерін жаңаша қырынан танытып, өзіндік қолтаңбасын айқын көрсетті.

Халықаралық байқау қорытындысы бойынша Ольга Николайчук (Мәскеу) пен Бауыржан Салауатов (Астана) І дәрежелі лауреат атанды. ІІ дәрежелі лауреат атағына Әліби Искандиров (Алматы) пен Ерсұлтан Тойғұлов (Астана) лайық деп танылды, ІІІ дәрежелі лауреат атағын Анна Борщова (Минск) мен Фаим Кибиров (Алматы) иеленді.

Сондай-ақ ұлттық дәстүрді сақтау, шығармашылық ізденіс пен кәсіби шеберлік үшін арнайы марапаттар табысталды. Бірқатар қатысушыға Barcelona Ballet Project атынан жазғы тағылымдамаға жолдама ретінде сертификаттар берілді.