Жан жарасы көзге көрінбейді

Инста желіге кіре қалсаң, психологиялық небір тренингтерге көз сүрінеді. Яғни тұлғалық жағынан өсем десеңіз, өзіңді жақсы көрем десеңіз алдымен бала кезден қалған жан жарасын емдеп алу керек. Иә, денедегі жарақат көзге көрініп тұратындықтан, оны емдеуге асығатынымыз белгілі. Ал іште жасырынып жатқан жан жарасы кейде елеусіз қалатыны рас. Негізі нағыз емдеу керек жарақат түрі де осы болуға тиіс. Сол жараны жазуға асығу керектігін алға тартады бүгінгінің психоаналитик мамандары. Себебі оның кері әсері өмірдің соңына дейін жалғасады екен. Бұрын-соңды аса маңызды саналмаған тақырып кейінгі кездері өте өзекті болып отыр. Ендеше, бала кездегі жарақаттың ересек өмірге тигізетін кері әсері жайлы қалам тербемекпіз.
0
296

Таяқ – тәрбие болмас

Қай кезеңде де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың болғаны әмбеге аян. Бүгінде ол жайлы бүкпесіз айтылуы оның көбейгенін емес, керісінше оны ашық айтатындардың артқанын білдіреді. Жалпы зорлық-зомбылықтың ауқымы көз көгерту, естен тандырудан әлдеқайда терең. Мамандар соның ішінде көпшілік елей бермейтін эмоционал зорлыққа баса мән беру керектігін тілге тиек етуде. Себебі бұл көріністі біз күнделікті көреміз. Мысалы, баласының жер-жебіріне жетіп жекіп жатқан ата-ананы көз алдыңызға келтіріңіз. Яки анасының күнара таяқ жегенін көретін балаларды алайық. Бұл – ең көп белең алған әрі көпшіліктің еріксіз келісіп, терістейтін жан жарақаты. Неліктен еріксіз келіседі десеңіз, осы бала кездегі жарақат жайлы жастар жағы біліп, оны емдеу жолдарымен танысуға ұмтылғанымен, үлкендер бұған мән беру тұрмақ, «бәріміз таяқ жеп өстік, онда тұрған ештеңе жоқ» деп дес бермеуі мүмкін.

Міне, осындай екі адамның ортасында өмірге келген бала жан жарақатына көп түседі екен. Өйткені ұрсып сөйлеу, адам құрлы көрмеу олар үшін бұрыннан қалыпты жағдай болып саналып келген. Кейін сол бала отбасын құрған соң, ата-анасының орнын өзі басуы ғажап емес. Ғаламтордағы мәліметке сенсек, Лондондағы King’s College-дің Психиатрия институты ғалымдары 23 544 депрессиялық ауытқу жағдайын зерттеген. Нәтижесінде, балаға қатаң болу, ұрып-соғу кейінгі күйзелістерге жол ашып қана қоймай, бойындағы түрлі жаман қылықтардың пайда болуына да сеп болады екен. Соның ішінде ішімдік, есірткіге құмарлықтың оянуына бала кездегі жарақаттар әсер ететіні дәлелденіп отыр. «Жанұяда әкесі ішімдікке әуес болса, бала қорқақтау болып өседі. Соның кесірінен ойын ашық айта алмайды. Не қалайтынын, қай бағытты таңдайтынын білмейді. Өздігінен шешім қабылдаудан қорқатын болады. Мәселен, сондай ортада өскен жігіт үйленген кейін де анасына жалтақтауын қоймайды. Тіпті, отбасына ие бола алмай, ақыры ажырасатындар көп. Себебі анасын ренжітіп алмау үшін әйелін тыңдамайды. Шаңырақ шайқалған соң ондай азаматтар маскүнемдікке не құмар ойынына бой алдырып жатады. Ал мұндай жағдайға сол бала кездегі жарақаттар сеп болады», – дейді №244 Ы.Жақаев атындағы қазақ орта мектебінің психологы Несібелі Мырзахметова.

Бұдан бөлек енді ғана отбасын құрған екі жас арасында пайда болатын түсініспеушілік болашақта өмірге келетін бала үшін әсері бар. Психолог Н. Мырзахметованың сөзіне сүйенсек, қинап қосылған екеуден өмірге келген балаларда жан жарақаты көп болады екен. «Білім ордасындағы балалармен жұмыс жасағанда ең бірінші қоятын сұрағымыз – «ата-анаңыз сүйіп қосылған ба?». Өйткені көп мәселенің басы осында жатады. Өздеріңіз білетіндей біздің қазақы қоғамда қинап қосу, алып қашу сынды жайт көп. Ал енді елестетіңіз, өзі зорлықпен келген қыз өмірге бала алып келуге құштар бола ма? Сол сияқты кей отбасында қыз дүниеге келе беруі мүмкін. Оларға ұл керек, ұлдың орны бөлек болып тұр делік. Сәби өмірге келген соң, алғашқы жарақаттар осылайша түсе бастайды. Одан бөлек, ананың босанғанға дейінгі және кейінгі күйзелісін де елеусіз қалдыруға болмайды. Мойындау керек, осы уақытқа дейін қоғамда баланы елемеу, оны жаны жоқ заттай қабылдау басым болып келді. Бала бәрін ұмытып қалады деп ойлайды. Байқағаным, баладан бұрын өзін ойлайтын сияқты. Яғни көп бала туғанды абырой көреді де, көпбалалы болады. Ал бірақ әр балаға тиісті махаббат беруді ойлай бермейді. Негізі бала кемі 4 жасқа дейін әке-шеше махаббатына қанық болып өсуі керек», – дейді маман.

Заманауи зерттеулерді сөйлетсек, бала кездегі ауыр күйзелістер мидың және психиканың дамуына кері әсер беретіні дәлелденген. Айталық, бала кездегі зорлық не ата-ана махаббатының жетіспеушілігінің кесірінен тұлға болып қалыптасуда кедергілер қалыптасады. Яғни өзіне сенімсіз, өзін өзгелерден үнемі кем көретін болады. Сондай-ақ баланың ашушаң болып өсуі, есейе келе ұрлық-қарлыққа жақын болу себебі де отбасындағы атмосфераға тікелей байланысты. Осы күнге дейін бұл тақырыпқа қатысты жасалған зерттеу саны өте көп. Ондағы байлам мынадай: бала кездегі жайсыз оқиғалар мен психикалық ауытқулар арасында байланыс бар екен. Бергісі күйзеліс болса, арғысы, тіпті ауыр шизофренияға әкеп соғуы әбден мүмкін.

Тұлға болғанын қаласаңыз…

Неміс нейропсихологы Томас Эльберт бала кездегі ауыр жарақат оның тұлға болып қалыптасуына бөгет болатынын айтады. Яғни жан жарасы жазылмаған, ұзақ уақыт ауыр халде жүріп қалған бала өмір бойына нәзік әрі көңілшек болып қалады. Түптің түбінде әке-шеше тарапынан мейірімге қанып өскен баланың тұлға ретінде толық қалыптасуы оңай. Оның әрі әлеуметтік жағдайға тіреліп тұрғаны шамалы. Өйткені кедей отбасында өскендер қаржылай қиындық көргенімен, көңілі тоқ болуы мүмкін. Сол сияқты ауқатты жанұяда ата-анасының балаға қарайтын уақыты жоқ болуы да кездеседі. Яғни бірінші кезекте баланы қаржылай қамтамасыз ету емес, эмоционал тоқ қылу маңызды.

Кей отбасы тым қатал тәрбие беріп жатады. Ондай суық қарым-қатынастың кейін салдары болады. Айталық, анасы ешқашан мақтамайды, кемшілігін бетіне басады, сабақтағы үлгерімі төмен болса бұрышқа тұрғызады дегендей. Мәселен, қазір жасы отыздан асқан қыздар көп. Жағдайы жақсы, бірақ тұрмысқа шыға алмай жүр. Себебін сұрай келе, бала кезінде әке-шешесі тарапынан шектеудің көп болғанын аңғаруға болады. Яғни «төрт алуға болмайды», «анаумен дос болма», «бәріне үлгі болуың керек» деген сияқты шектеулер оған тұсау болады. Сол сияқты баланың пікіріне құлақ аспай, олар үшін таңдау жасайтын ата-аналар да жоқ емес. Ол да болашақта балаға кері әсер етеді. Табиғи болмысынан алыстап, әке-шешесі айтқан мамандықты оқыған ол кейін жұмысты жиі ауыстыратын, өмірден орнын таппай жүрген адамға айналады. Ең бірінші кезекте, ата-ана бала тәрбиесіне келгенде сауатты болуы керек. Өзі әріп танымайтын адам басқаға қалам ұстауды қалай үйретеді? Сондықтан қыз-жігіттер бала өмірге келгенге дейін көкірек көзін ашып, саналы түрде қадам жасауды үйренуі керек.

Расында, жар таңдауда қателеспеу керек дегенді бәрі тілге тиек еткенімен, оның астарына үңіле бермейтіндер бар. Алдымен шаңырақ құрудың жауапты әрі үлкен қадам екенін түсініп, одан кейінгі кезеңде баланы өмірге алып келудің де бейнебір жоба екенін ұғыну қажет. Ал енді біздегі «ешкім біліп туған жоқ» немесе «бәріміз де оңбай таяқ жегенбіз. Жаман адам болмадық» дейтіндерге өсіп келетін болашақ тұлғаның болмысына тиіспеу керектігін баса айта кету керек. Бала кездегі психикалық жарақатты уақыттың емдемейтінін, қайта үдете түсетінін түсіну қажет. Яғни сол кезеңдерді еске түсіретін жағдай бола қалса, дереу еске түседі. Болмаса, сезім мен басқалармен қарым-қатынаста әлгі жарақат негатив қалыпта қанға сіңіп кетеді. Мұндай жарақаттардың симптомы өте көп. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен адамды өзінен басқа ешкім жақсы біле алмайды. Демек, жарақаттарды емдеуді әркім өзі қолға алғаны жөн.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ