Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықЖаңалықтарҒылым-Білім

ҚазҰУ студенттері әлемдік чемпионатқа жаңа зертханада дайындалады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде FIRST Robotics Competition халықаралық бағдарламасы аясында робототехника зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Жоба «Скиф Сауда» ЖШС қолдауымен жүзеге асырылды. 

Компания зертхананы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және университет командасын 2027 жылғы сәуірде АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship халықаралық чемпионатына дайындауға 50 миллион теңге көлемінде демеушілік қаражат бөлді.

Салтанатты рәсімге университеттің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, «Скиф Сауда» ЖШС құрылтайшысы Динара Зиманова, университет өкілдері, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шара барысында сөз сөйлеген проректор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған еліміздің технологиялық дамуын жеделдету, жасанды интеллектіні кеңінен енгізу және жоғары білікті инженерлік кадрлар даярлау міндеттерінің маңыздылығына тоқталды. Осы міндеттерді іске асыру аясында ҚазҰУ ғылыми-инновациялық инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде ашылған жаңа зертхана студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, жас таланттардың идеяларын нақты инженерлік жобаларға айналдыруға және болашақ инженерлер мен өнертапқыштарды даярлауға арналған алаң болмақ.

«Скиф Сауда» ЖШС құрылтайшысы Динара Зиманова өз кезегінде инженерлік білім беруді дамыту мен талантты жастардың әлеуетін ашуға бағытталған бастамаларды қолдаудың өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, ғылымға, технологиялар мен білімге салынған инвестиция – ел болашағына қосылған маңызды үлес.

Жаңа зертхана роботтарды жобалауға, құрастыруға, бағдарламалауға және сынақтан өткізуге қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ол механика-математика факультетінің студенттері, соның ішінде «Электроника» білім беру бағыты бойынша білім алушылар үшін практикалық дайындықты қамтамасыз етеді. Мұнда механика, электроника, бағдарламалау және инженерлік дизайн бағыттары бойынша бірлескен жобалар жүзеге асырылып, мектеп оқушыларына арналған робототехника үйірмелері мен жарыстар ұйымдастырылады.

Айта кетерлігі, қазақстандық жастар халықаралық робототехника жарыстарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 2025 жылы еліміздің құрамасы FIRST Global Challenge чемпионатында төртінші рет әлем чемпионы атанды.

Сондай-ақ шара барысында университет командасының капитаны Биназир Зиманова FIRST Championship 2027 чемпионатына дайындық жоспарын таныстырды. Студенттер роботтың жұмысын көрсетіп, команданың инженерлік-техникалық дайындығының нәтижелерін ұсынды.

FIRST Robotics Competition – әлемнің талантты жастары арасындағыхалықаралық инженерлік жарыстардың бірі. Оның аясында командалар шектеулі уақыт ішінде өнеркәсіптік деңгейдегі роботтарды жобалап, құрастырып, бағдарламалайды, содан соң өз әзірлемелерін халықаралық аренада сынақтан өткізеді.

Сәйкес жаңалықтар

Coursera халықаралық конференциясында Қазақстан жетістігі мойындалды

zamandas_kz

Россия – Казахстан: союз в сердце Евразии

zamandas_kz

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ШИЕЛІ АУДАНЫНДА КҮН-ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

zamandas_kz