Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарЗаң мен тәртіпҚоғам

Басты назарда –балалар қауіпсіздігі: ювеналды полиция инспекторының қызметтегі бір күні

Семей қаласының ювеналды полиция инспекторы Жұлдыз Қалиқанова балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет етеді. 21 жастағы жас маманның бір жұмыс күні мектептердегі кездесулерден, ата-аналармен әңгімелесуден, отбасыларды аралау мен түнгі профилактикалық рейдтерден тұрады. Оның басты мақсаты – әр баланың үнін естіп, қауіптің алдын алу.

Ол небәрі 21 жаста. Күні кеше ғана өзі де мектеп партасында отырған жас маман бүгінде балалардың қауіпсіздігіне жауапты полиция қызметкері. Жұлдыз Қалиқанова мектептерде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор болып қызмет етеді. Оның басты міндеті – балаларға өз әрекеттерінің салдарын түсіндіру, қауіпті жағдайларды дер кезінде аңғаруға және қиындық туындағанда кімнен көмек сұрау керектігін білуге көмектесу.

Жұлдыз Қуатқызының ішкі істер органдарындағы қызметіне бір жыл болған. Ол Семей қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы. «Орталық» учаскесіне қызмет көрсетеді. Оның жауапкершілігіне №37 гимназия мен №4 мектеп бекітілген.

Жұмыс күні сағат 08:30-да қалалық полиция басқармасында басталады. Одан кейін мектептерге бару, педагогтермен кездесу, оқушылармен және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу жалғасады.

Кездесулердің негізгі тақырыптары – буллинг пен кибербуллинг, ұсақ бұзақылық, вандализм және құқық бұзушылықтың салдары. Әр тақырып балалардың жас ерекшелігі мен күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға қарай түсіндіріледі.

«Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында инспектор оқушыларға жауапкершіліктің қарапайым күнделікті әрекеттерден басталатынын түсіндіреді. Мәселен, ортақ чатта қандай пікір жазуға болады, біреуге қысым көрсетілген жағдайда қалай әрекет ету керек, достарының қауіпті ұсынысына ерген дұрыс па? Мұндай әңгімелердің мақсаты – балаларға заң талаптарын жаттатумен шектелмей, әр әрекеттің салдарын түсіндіру.

Қызметтің тағы бір маңызды бағыты – профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандар мен олардың отбасыларын аралау. Мұндай кездесулер барысында баланың тұрмыс жағдайы, ата-анасымен қарым-қатынасы және қауіпсіздігіне қатысты мәселелер назарға алынады. Бұл жұмыс ерекше әдептілік пен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені әр отбасының өзіндік жағдайы мен шешімін қажет ететін мәселелері бар.

Ата-аналармен байланыс орнату да инспектор жұмысының ажырамас бөлігі. Отбасы, мектеп және полиция арасындағы өзара түсіністік пен тұрақты байланыс балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Ал түнгі профилактикалық рейдтер кезінде жұмыс кешкі уақытқа дейін жалғасады. Нұсқаулықтан кейін инспектор әріптестерімен бірге ойын-сауық орындарын, дәмханалар мен кәмелетке толмағандар болуы мүмкін өзге де қоғамдық орындарды аралайды. Мұндай рейдтер сағат 22:00-ден 03:00-ге дейін жүргізіледі.

Мектеп дәлізіндегі кездесулер, ата-аналармен әңгіме, отбасыларды аралау және түнгі рейдтер – ювеналды полиция инспекторының күнделікті қызметінің бір бөлігі. Бұл жұмыстың әр сәті баланың жағдайына бейжай қарамауға, мәселені дер кезінде анықтап, оның алдын алуға бағытталған.

Өйткені кейде баланың бір ауыз сөзін тыңдау, көңіл күйіндегі өзгерісті байқау немесе уақытылы қолдау көрсету үлкен қауіптің алдын алуы мүмкін.

Сәйкес жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: Астанада оқушыларға арналған этно-лагерь ұйымдастырылды

zamandas_kz

Еліміздің архивтерінде 27,5 млн астам құжат сақтаулы тұр

zamandas_kz

Мақатаевтың ұлы әкесін қорлаған блогерді кешірді

zamandas_kz