Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери полиция бас басқармасының өкілі подполковник Хурсанбек Махмудов Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында қола жүлдеге еншіледі.
Хурсанбек Махмудов жекпе-жек спорт түрлерімен 13 жасынан бастап айналысады. Алғашында дзюдо секциясына қатысып, кейін қазақ күресі мен самбоға ден қойған. Аталған спорт түрлерінен де жақсы нәтижелерге қол жеткізген.
Оның спорттық мансабындағы жаңа кезең 2026 жылдың сәуір айында басталды. Осы уақытта Хурсанбек Махмудов грэпплинг пен джиу-джитсумен айналыса бастады. Алғашында ол 14 жастағы ұлы Мансурды грэпплинг секциясына алып келген. Жас спортшы бүгінде Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанып, Азия чемпионатының қола жүлдесін және грэпплинг пен джиу-джитсудан әлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленген.
Ұлының спортқа деген қызығушылығы Хурсанбектің өзін де татамиге шығуға ынталандырды. Жарты жылдың ішінде ол осы спорт түрінен бес жарысқа қатысып үлгерген. Әскери қызметші екі іріктеу жарысында және Алматы қаласында өткен Д. Қонаев атындағы халықаралық турнирде алтын медаль жеңіп алса, Астанадағы халықаралық деңгейдегі жарыста күміс жүлде олжалады. Ал Әбу-Дабиде өткен әлем чемпионатының қола жүлдесі оның кезекті жетістігі еді.
Махмудовтар отбасында спортқа ерекше көңіл бөлінетінін айта кетейік. Хурсанбек жұбайы Гүлнозамен бірге бес бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Қыздары жүзумен және бимен айналысса, ұлдары әкелерінің жолын қуып, спортқа қызығушылық танытып келеді.
Бұл отбасылық дәстүрдің бастауы Хурсанбектің балалық шағынан басталған. Оның спортқа, дене шынықтыру мен жекпе-жек өнеріне деген ынтасын әкесі – бокспен және күреспен айналысқан, еңбек сіңірген жаттықтырушы Хасан Махмудов оятқан. Хурсанбек спортшыға тән ең жақсы қасиеттерді әкесінен дарытқан.
– Әрбір жетістігімді отбасыма, ең алдымен, Ауған соғысының ардагері, әкем Хасан Махмудовқа арнаймын. Мені спортқа баулып, алға ұмтылуыма көмектесетін бар қасиетті бойыма сіңірген – сол кісі. Халықаралық аренада Қарулы күштер мен туған елім, Қазақстанның намысын қорғау мен үшін зор мәртебе, – дейді әскери қызметші.
Хурсанбек Махмудовтың жауапты әскери қызметімен қатар жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізіп жүргені ерекше құрметке лайық.
Ол Қарулы күштер қатарында 2007 жылдан бері қызмет етеді. Қазіргі уақытта Әскери полиция бас басқармасының материалдық-техникалық қамтамасыз ету бастығы лауазымын атқарады. Қызметтік міндеттерді ұдайы жаттығулармен және халықаралық жарыстарға қатысумен қатар алып жүру талапты, тәртіп пен ерік-жігерді қажет етеді.
Хурсанбек Махмудовтың өнегесі табандылық пен үнемі мақсатқа ұмтылыстың спортта да, кәсіби қызметте де биік белестерге жетуге жол ашатынын көрсетеді.
