Жібек мінезді жеңгелер көркем әдебиетте ғана кездесе ма?

«Жақсы жеңгең – жарты анаң», «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді» дегенді естігенде бірден көркем әдебиеттегі Тоғжанның Қарашаштай, Ботагөздің Айбаладай асыл жеңгесінің бейнесі көз алдымызға келеді. Қала бері Ақтоқтыны үйіне алып кетуге асығатын, Балқадишаны кірпік қақпай күзететін жеңгелердің жанкештілігі ойға оралады. Осыларды ойлап, қайынсіңлісімен емен жарқын сырласып, бірін-бірі ұнатқан қос жүректі табыстыруға құмартып тұратын қазақтың үлгілі келіндері туралы тек өткен шақта айтатынымыз өкінішті-ақ. Әрине, көпке топырпақ шашудан алшақпыз. Қайнысы мен қайынсіңлілерінің есімдерін атамай, еркелетіп ерекше ат қойған байырғы жеңгелердің өнегелі жолы неге жалғаусыз қалды? Жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сыйластық неге сетінеді?
0
1266

Әріден қозғар болсақ, қазақта жеңге мен қайынсіңлі, қайын іні арасындағы өзара сыйластықтың, бір-біріне деген қамқорлық пен құрметтің орны өзгеше. Жеңге мен қайын інінің қарым-қатынасы әпке мен інінің жақындығындай болса, шаңырақтың бойжеткен қыздары үшін жеңгенің қадірі, тіпті қымбат. Өткенге көз тастасақ, жаңа отаудың босағасын аттаған уақыттан бастап келіндер күйеуінің інілерін еркелетіп, «ерке бала», «сұлу жігіт», «мырза жігіт», «молда бала» деген сияқты жарасымды аттар қойып, болашақта жақсы азамат болып есеюлеріне тілектес болып отырған. Сондай-ақ, қайын інілерін өзінің туған бауырындай көріп, ақыл-кеңес, әзіл-қалжыңдарын айтып, олардың топ ішінде еңселері биік, жүздері жарқын болуы үшін біркиер киімдерін сәндеп, ел назарын аударатындай етіп киіндірген. Ал қайынсіңлілерін «ерке қыз», «ажарлым», «аппақ қыз», «сырғалым», «сұлуым» деп еркелеткен. Қайынсіңлілер анасына яки әпкесіне айтпаған сырын жеңгесіне айтып, ашық-жарқын әңгімелесетін. Ақылды, көргенді келіндер жұбайының іні-қарындастары арқылы ата-ене, туыс-туғандарына өткізе алмаған сөздері мен істете алмаған жұмыстарының ебін тауып, жөнін келтіріп, шаруаны дөңгелетіп отырғанын да әжелеріміз бен аналарымыздың әңгімесінен талай естігенбіз. Өз кезегінде алымды да алғыр қайны мен қайынсіңлілер іскер жеңгелері арқылы ұнатқан адамымен тілдесіп, сүйгенімен жарасты жұп болып кеткені туралы да ел аузындағы аңыз-әңгімеге арқау болған оқиғалар жетерлік.

Халқымыздың ерте заманнан бері құндылығын жоймай келе жатқан салт-дәстүр, жөн-жоралғыларында да жеңгеге артылар жауапкершілік орасан. Мәселен, қызға құда түсіп келген қауымның алдына болашақ келін болатын бойжеткенді екі жеңгесі ертіп апарып, күйеу жігіттің ата-анасына көрсетіп, «болашақ келініңіз міне, көрімдік беріңіз» деп қолқалайды. Көрімдікті сылтауратып, ұзатылатын қызды болашақ ата-енесі мен қайын жұртынан келген адамдармен жүздестірудің терең тәлім-тәрбиелік мәні бар. Сол арқылы басқа шаңырақтың табалдырығын келін болып аттайтын арудың көңіл-күйін орнықтырады. Ата-енесін, қайын жұртын көрген қыз бала қандай әулеттің мүшесі атанатынын түсінеді.

Есіңізде болса, баяғыда қызға таласатын жігіттерді араздастырмау мақсатында «қыз қашар» деген де дәстүр болған. Ауыл жастары күн ұзаққа ән салып, күй тартып, күрес, бәйге, қыз қуу ойындарын өткізеді. Күйеу жігіт қыз жеңгесіне «қыз қашарға» деп бір жорға немесе бағалы киім, ол болмаса лайықты бір сыйлық береді. Қыз жеңгелері қызды кілемге отырғызып, әкесінің оңаша бір үйіне алып барады. Сонымен қатар жеңгелер ретін тауып «күйеу шақырар» кәдесін алады. Жігітті ертіп бара жатқан жолында жеңгелер әртүрлі кәделер алуына болады. Мысалы, желіден өтіп бара жатса «желі тартар», «ит ырылдатар», «бақан салар», үйге кірерде «табалдырық аттар», тіпті қалыңдық бөлмесінің алдында өлген кейіп танытып жата қалатын кемпірге «кемпір кәде» беріп, оны «тірілтіп» жолына салады. Шымылдық ашқан жеңгелеріне «шымылдық ашар», төсек салған жеңгелеріне «төсек салар», сондай-ақ «қол ұстатар», «шаш сипатар» сияқты түрлі жөн-жоралғылар жасалады.

Қызға ұрын барған кезде де жігіттер қыздың жеңгелерінің көмегіне жүгініп, оларға сәлем-сауқат жолдап, білезік-сырға, алқа-жүзік, қол орамалдар, жаулықтар сыйлағанын көркем әдебиеттен оқып жүрміз. Ауылдың қызына жігіттер әдетте қыздың жеңгесі арқылы сөз салатын болған. Оңаша кездесуге алып шығу немесе сөйлестіру үшін олардың арасында жеңге жүрген. «Қалмады баста бөрік, белде белбеу, Жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» деген өлең жолдары тегіннен-тегін айтылмаған-ды. Өйткені жеңгенің көңілін табу үшін жігіт оған түрлі сыйлық беретін болған.

Ұзатылатын қызды туған үйінен шығарып салып, құтты орынға қондыру қазақ салтында аса қуанышты, ерекше игілікті іс болып саналады. Қызды аттандырарда екі жеңгесі екі жағынан қолтықтаған күйі жаяулатып алып шығады. Бойжеткенді өз үйінен ұзатып шығарар алдында қыз жеңгелері оны оңаша бір үйге апарып, қалаған-сұрағаны болса беріп, өкпе-реніші, арман-тілегі болса айтқызып, ел-жұртты ұмытпай ұдайы келіп-кетуін, сондай-ақ барған жаңа ел-жұртында тату-тәтті өмір сүруін үгіттеп, түрлі әзіл-қалжың айтып күлдіріп, көңілін орнықтырып аттандырады. Келінге арнап беташар жыры айтылған және бетін ашатын кезде де күйеуінің екі жеңгесі екі қолтығынан демеп тұрады. Түрлі жөн-жоралғы, ырым-тыйым, жиын-тойдың барлығы да болашақ жұбайларды адамгершілікке, ата-баба дәстүріне құрмет етуге, ар-ұят пен адалдықты сақтауға, ұстамдылыққа, сезімдерін ақылға ұттыруға баулитыны талассыз.

Қазіргі жастардың ұнатуы қиын, талаптары зор

Статистика агенттінің 2009 жылы жүргізген санағы барысында елімізде жасы 30-дан асса да, отбасын құрмаған 798 000 азамат анықталыпты. Содан бері бұл сан өспесе кеміген емес. Бұл әрине толғандыратын жайт. Кәрі қыздар мен сүр бойдақтар санының көбею себебін көпті көрген кісілерден сұрасаң, барлығы дерлік жастар арасын дәнекерлеп жүретін, оң-солын танып үлгермеген қыз-жігіттерге жақсы жар таңдауға көмектесетін жеңгелердің азайғанын алға тартады. Жеңге деген қадірлі атқа ие болып жүрген қазақтың бүгінгі келіндері бұған қандай қатады?

Редакция сөзге тартқан келіншектердің көпшілігі қайынсіңлісін жігітпен, қайнысын қызбен таныстырудан қорқатындарын бүкпесіз айтты. Себебі сау бастарына сақина тілегілері жоқ. Соның бірі – Назерке есімді келін. «Мен үлкен әулеттің келінімін. Туған бір қайным, үш қайынсіңлім бар. Туысқан қайныларым мен қайын сіңілілерім де көп. Шынын айтсам, ешқайсысына ат қойып, еркелетіп көрмеппін. Қазір заман басқа ғой. Ал жастардың жар таңдауына мүлдем араласпаған дұрыс деп ойлаймын. Өзім себепкер болып біреумен таныстыру тіпті ойымда жоқ. Ертеңгі күні таныстырып, табыстырып қойып, сосын олар отбасы болып кете алмаса, ата-енем мен күйеуім менің бетіме баспай ма?! Одан да тыныш жүрген артық деп ойлаймын», – дейді Назерке.

Үлкен бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған Әлима есімді жеңгейдің де пікірі осыған саяды. «Жасы 37-ге келген бойдақ қайнымды бір-екі рет ұжымымдағы жақсы қыздармен таныстырдым. Бірақ жолдасым шаруаң болмасын деп ұрсып тастаған соң, қазір ондай іске араласпаймын. Оның үстіне, бұл қылығымды қайным да жақтыра қойған жоқ. Қазіргі жастарға ештеңе ұнамайды ғой. Болашақ жарға қояр талаптары ұзын-сонар. Қыздар сымбатты әрі қалталы жігіт іздейді. Жігіттер қауымы қыздың дене бітімінен бастап, шыққан тегі, оқыған-тоқығаны, қолынан келетін ісіне қарайды. Негізінен әркімнің өз теңін өзі тапқаны дұрыс. Бұрынғыдай достары, жеңгелері таныстырған адаммен бір-екі рет кездесіп, шаңырақ көтеретін жастар жоқ қазір. Бір емес, бірнешеуімен кездесіп, талғап-таңдайды. Сөйлесіп жүрген адамының болмашы бір кемшілігін байқаса, теріс айналып жүре беретіндер көп. Өз қайынсіңлілеріме қарап отырып бүгінгі жастардың төзімсіз әрі міншіл болып бара жатқанын аңғарамын, – деп Әлима ойын қорытындылады.

        Қорқыт ата айтқандай, әйелдің төрт түрі болады. Олар салақ әйел, ынсапсыз әйел, үйдің құты болатын әйел, адам тілін алмайтын кесір әйел. Яғни, жеңгелер де өскен ортасына, өмірден көріп-түйгеніне байланысты сан алуан болып келетіні ақиқат. Жасыратыны жоқ, жеңгетайлықтың жолы осы деп бүгінде жастарды жарастыру, оларға тәлім-тәрбие берудің орнына теріс жолға итермелейтін, жас қыздардың тәнін саудалауға, жеңіл жүріске итермелеп, сол арқылы нәпақа табатын «жеңгетайлардың» көбейгені көз көріп, құлақ естіп отыр. Материалдық игілік бірінші орынға шыққандықтан ақшаны ардан жоғары қоятындар бар. Осыған байланысты елімізде орын алған келеңсіз оқиғаларды тәптіштеп жазбасақ та әлеуметтік желілерден көріп, оқып жүрміз. Бұл сорақылықтың негізгі себептерінің бірі – қыз бала тәрбиесінің ақсауы. «Қызға қырық үйден тыйым» салған қазақтың темірдей қатал тәрбие мектебінің керегесі сөгіліп, шаңырағы шайқалғаны қынжылтады. Ардан безген қыздар үшін жауапкершіліктің бір ұшы жеңгелерге келіп тірелетіні сөзсіз. Өйткені бойжеткен әке-шешеге айта алмаған сырды жеңгеге жеткізеді. Ата-ананың қызға тіке айтуға бата алмаған ескертуін де жеңге түсіндіреді. Қыз бала тәрбиесінің басы-қасында жүріп, сүйген жігіті мен екі арадағы әдепті қарым-қатынастың өрбуіне де себепкер болатын – жеңгелер. Сондықтан асыл жеңешелеріміздің қадірі кемімесе екен. Жібек мінезді жеңгелер көркем әдебиетте ғана емес, қарапайым өмірімізде болса игі.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ