Тарихы терең, тағдыры бөлек әндер-ай

Әр тағдырға арнап ән жазылмағанмен, талай туындыда тұтас тағдыр жатыр. Әнге айналған музалардың кереметі ме, әлде өзі сынды пендені періште көріп, музадан музыка жасаған қаламгердің қайталанбастығыма әйтеуір тағдыр тудырған әндер өміршең келеді. Осы тұста Париж аспанын әнге бөлеген Әміре Қашаубаевтың «Дудар-айым, Дудым, Бір сен үшін тудым! Шіркін-ай, Дудар-айым, Дудым!» деген өлең жолдары ойға оралды.
0
607
Иә, осы бір әдемі ырғақпен айтылған әуен көпшіліктің жүрегінен орын алғаны анық. Кейін заман ағымына сай мәнері өзгеріп әлем сахналарында айтылатын нағыз классикалық шығармаға айналды. Өткен ғасырдың басында Нұраның бойындағы ұядай мекен Ұялыда туып, ауыздан ауызға тараған әннің бүкіл әлемді шарлай жөнелгені тегіннен тегін емес. Орыс қызының қазақтың бар болмысын бойына сіңіріп, қазақ жігітіне ән арнауын, махаббаттан бөлек талай терең тақырыппен байланыстыруға болатындай. Алғашында әзіл ән ретінде жазылған шығарманың нақты авторы кім екені әлі де болса талас тудырып келе жатқан мәселе. Көпшілік Дүйсеннің яғни, әндегі Дудардың досы Үлебай ақынның үлесіне ұпай бергенімен, Мариямның өз өлеңі дейтіндер де баршылық. Белгілісі, әлемдік классикаға енген туындының нотасыз, кәсіби білімді қажет етусіз жазылғаны, таланттың тылсымдығы әрі шексіздігі.
Ел арасында «халық әні» деген айдарментарап, махаббат балладасындай шырқалып жүрген әннің тағы бірі – «Қарағым-ай». Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, «Дарын» сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-актер Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы бұл әнді естіген тыңдарманның көңілі босап қоя беретіні айдан анық. Себебі әнде мұңды махаббат бар. Тек қос ғашықтың арасындағы сезім емес. Ән жарыққа шыққанда бәзбіреулер бұл ән әнші басына түскен ауыр қайғыдан, орны толмас өкініштен, жауапсыз махаббаттан туған деген еді. Алайда, әннің дүниеге келуі әнші тағдырымен еш байланыспайды. Ән әуенін сазгер, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев, ал мәтінін халық ақыны Шөмішбай Сариев жазған. Композитордың өкініші әкесі мен туған әпкесінен ерте айырылғаны. Әкенің орындалмай кеткен ақ арманын, қыздың кілт тоқтаған келте тағдырын әннің сценарийінде жалғастырып, ғұмырлы етеді.
Нурикамал, Камалым-ай,
Күндей ашық жанарың-ай,
Қолым жетпей, сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым қабағыңа-ай, қарағым-ай.
Осы бір әдемі әннің шығу тарихы да қызық. Композитор Тұрдықылыш Ізтаймен оның жары, ақын Ханбибі Есенқараның ортақ шығармасы. Бірақ екеуінің ортақ сезімінің жемісі емес. Табиғат аясындағы бір отырыста композитор Нурикамал есімді сұлу қызға ғашық болады. Онысын ақын жүрегі сезбесін бе? Жарының сұлулыққа деген нәзік талғамын қалай бар солай қабылдайды Ханбибі ханым. Тұрдықылыштың түнімен толғатқан әніне өзі сөз жазып береді. Иә, Ханбибі Есенқарақызы әйелдің қызғаныш сезімінен гөрі, ақын жүрегінің кеңдігіне, достық пейіліне басымдық береді. Ол Нурикамалды қарсылас санаған жоқ. Керісінше, сырлас, серік етті.
Кезінде Тынышбай Рақымды отбасын тастап, Алтайдың ар жағындағы ғашығына аттандырған ән есіңізде болар?! Ол Сәкен Қалымовтың орындауындағы «Алтайдың ар жағынан келген ару» атты ән. Әннің әуенін де, сөзін де белгілі ақын-сазгер Тынышбай Рақым жазған еді. Осылайша Тынышбайды Тынышбай, Сәкенді Сәкен еткен ән өзге елдегі қандастарымыздың рухын көтеріп, атажұртқа қайтуға үндегендей болады. Massaget.kz сайтындағы мәлімет бойынша, шығарманың кейіпкері Әмина Еркешқызын өзінің сүйген жарымен таныстырғанда осы ән екен. Өзі туралы жазылған әнді естігенде Әмина таңқалыпты. Бажайлап қарасаңыз, бір ғана кездесу, бір ғана көзқарас. Осыншалықты өміршең әндерді өмірге әкеліп, тарихқа айналды.
P.S. Абайша айтсақ, дүние есігін әнмен ашып, жер қойнына әнмен кіру пешенемізге жазылған елміз. Күлсек, әнмен сақ-сақ күліп, жыласақ, әндетіп жылаған елміз. Тіршілігіміздің бар тынысы, бар тармақ-тарауы әнмен астасып жатады. Әнсіз өмір жоқ. Жасыруға келмес, қазір «Кетті, лақты ол тыңдамай, неге,Бидің үстіне би сұрайды, неге,Ол қыз, ол қыз?» деген мән-мағынасы жоқ, түсініксіз, жұтаң әндер жарыққа шығып жүр. Бұл тек бір ғана мысал. Тізбектей берсең көп. Сөз саптауы сауатсыз, жұртқа айтары жоқ әндерді естігенде тарихы терең, ескі бірақ есті әндерді шынында аңсайсыз. Қорыта айтқанда, есті әндер ешқашан ескірмейді екен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ