Тегін білім алады

0
164

Әскерге барудан жалтаратын жастар көп. Себебі түсінікті де. Кейінгі уақытта әскери бөлімдерде орын алып жатқан жағымсыз жағдайлардан кейін ата-аналардың өзі баласының сарбаз атануына қарсы. Қайтпек керек?

Қорғаныс министрлігі азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жобаны қолға алып отыр. Ол мерзімді әскери қызметін өткерген барлық азаматтарға Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын өтеген соң күнтізбелік жыл ішінде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева былтырдан бастап тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

«Біріншіден, әскери борышын өтеген жігіттер күнтізбелік жыл ішінде ҰБТ-ны есепке алмай, еліміздің барлық жоғары оқу орынына түсе алады. Сондай-ақ ақылы түрде білім алуға өтініш беруге болады. Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен бекітілген қабылдаудың үлгілік қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл ережені Әділет министрлігі бекітті және қазір тіркеу сатысында», дейді А.Төлембаева.

Бұл бастаманы еліміздегі 40 жоғары оқу орны қолдап, жылына барлығы 3 мың грант бөлінеді деп күтіліп отыр. Осылайша, әскерге шақырылған әрбір оныншы сарбаз оқуға тегін түсуге мүмкіндік алады. Бұл тек Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдерінде ғана емес, басқа да әскери құрылымда – Шекара қызметі, Ұлттық ұланда қызмет еткен жауын­герлерге де қатысты.

Белгілі болғандай, жауынгерлік даярлық саласында ең жоғары нәтиже көрсеткен әскер қатарына шақырылған сарбаздар университет тарапынан 100 пайыз жеңілдікпен оқуға түсуге мүмкіндік алады. Жоғары оқу орындарымен тиісті келісімдер жасалған. Олардың тізімімен департаменттің ресми сайтында танысуға болады.

Жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері: мемлекеттік-құқықтық, тактикалық, барлау, атыс, техникалық, инженерлік, дене шынықтыру, әскери-медициналық, дене шынықтыру даярлығы, көлік жүргізу, радио және химия-биологиялық қорғау саласында, байланыс бойынша даярлық, жалпы әскери жарғылар. Дайындықтың осы түрлері физикалық күшті ғана емес, интеллектуалды күшті де қажет етеді. «Сондықтан да әскери қызметшілер жоғары нәтиже көрсетсе, бұл олардың жоғары деңгейі мен жоғары оқу орындарында одан әрі білім алуға дайын екенін көрсетеді», дейді спикер.

Ай сайын жауынгерлік даярлықтың барлық пәні бойынша әскери қызметшінің ағымдағы бағалары­ның рейтингі шығарылады. Әскери бөлімдер мен мекемелердің командирлері мерзімді қызметтің әскери қызметшісіне ай сайын жеке рейтинг жасайды. Рейтинг жалпыға қолжетімді бөлімше орналасқан жерде жинақтау жүйесі бойынша ілінеді. «Әр сарбаз мамандықты және оқуға түскісі келетін үш университетті таңдайды. Іріктеудің ыңғайлылығы мен ашықтығы үшін ЖОО есебінен білім алу үшін мерзімді қызметтің әскери қызметшілері арасында конкурстық іріктеу өткізу бойынша «Срочники 2.0» цифрлық платформасы іске қосылды. Бұл жүйеде мерзімді әскери қызметшілердің бағалары көрсетіледі. Оны өзгертуге немесе жоюға мүмкіндік жоқ. Жүйе автоматты түрде жоғары оқу орындарына таратылады. Орындарды бөлу үшін комиссия құрылады. Оның отырысы жылына екі рет өткізіледі. Рейтинг нәтижелерімен келіспегендер апелляцияға бере алады», деді Айгүл Төлембаева.

Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі екінші деңгейлі банктермен әскери борышын өтеп жүрген­дерге «несиелік демалыс» беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ министрлік сарбаздардың қауіп­сіздігі мәселесін де қолға алмақшы. Мәселен, аға офицерлердің жауапкершілігін арттырып, ата-аналар комитетімен тығыз байланыс орнату жоспарда бар. Психологтер де жауынгерлермен жиірек кездесіп, моральдық қолдау көрсетпек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ