Партиялар пікірсайысы: сөз бен іс
«Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын саяси партиялардың өкілдері пікір таластырды. Теледебатқа «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау, Қазақстан халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының жетекшісі Нұрлан Әуесбаев қатысып, елдегі өзекті мәселелерді ортаға салды.
Теледебатта 7 саяси партия сайлауалды бағдарламасының басымдықтарын алға тартты. Мәселен, «Ақ жол» мемлекеттің экономикаға қатысуын шектеу, кәсіпкерлікті қолдау қажеттігіне тоқталса, ЖСДП Парламентте көтеретін мәселелердің барлығын қолға алатынын айтып, сендіруге тырысты. Ал «Байтақ» жасылдар партиясы елге шенді-шекпен, бай-бағландар емес қарапайым халықтан шыққан азаматтар қажеттігін алға тартты. Әдеттегідей ауылдың мәселесін «Ауыл» партиясы назарға алып, осы жолы еңбек адамының мәртебесін көтеру керек ұсынысын білдірді. Халық партиясы болса ел мен жер үшін деген ұранға саятын іс тындыратынын мәлімдеді. «Respublica»-ның мәлімдеуінше, олар ауылдағы орта білімнің деңгейін қаламен теңестіріп, еңбекқор адамдарға лайықты айлық төлеу, жағымпаздық пен жемқорлықты жоюды қолға алмақ. Ал «Amanat» партиясында популистік ұран болмайды, елдегі өзекті мәселелерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарастырып, халықтың жағдайын көтермек. Сонымен теледебатта партиялар өкілдері не дейді?
Берік ДҮЙСЕМБИНОВ,
«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілі:
– Байқасаңыздар қазақ елінің соңғы 30 жылы ұранмен өтіп жатыр. Бағаның Еуропадағыдай шарықтауы, бүгінгі қымбат өмір осының бәрі қайдан шықты? Бұл тек саясатты ғана емес, экономиканы да жекешелендіріп алған адамдардың жауапсыздығынан шығып отыр. Ал біздікі құрғақ ұран емес, біздікі жүйелі жұмыстың жалғасы. Өкінішке қарай, бізде нақты экономиканың орнына слайд көрсетеді, елдің салған қаншама ақшасы мемлекеттік бағдарламаларға зая кетіп жатыр? Біздің мақсатымыз – осы қаржыны еркін нарық шеңберіне елдің өзіне қайтару. Экономиканы либерализация жасау, мемлекеттің қатысуын шектеу, нақты кәсіпкерлікті қолдау. Елді асырап отырғандардың бірі – кәсіпкерлер. Осыны «Ақ жол» партиясы талдап, саралай келе кәсіпкерлерді бұқаралық етуді мақсат тұтып отыр. Елімізде кәсіпкерлер көп болу керек. Ал кәсіпкерлікке зиян келтіріп отырған органдар жауапқа тартылуға тиіс.
Біз, «Ақ жол» партиясы өз тәжірибемізге сүйене отырып, әріптестеріміз айтқан игі істер бюджет болмаса іске аспайтынын атап көрсеттік. Сондықтан біріншіден, Парламенттің мемлекеттік бюджетті бекітуі мен бақылаудағы өкілеттігін күшейтуіміз керек. Кез келген мәселені шешу жолында мемлекеттік мүмкіндіктерді бюджет анықтайды. Бірақ елдегі мемлекет қаржысының қомақты бөлігі Парламенттің қатысуынсыз кетеді. Кез келген игі істі жүзеге асыру үшін бюджет Парламентке есепті болуы керек. Екіншіден, Үкіметті жеңіске жеткен партия құрауы керек. Ықпалды Парламент болуы үшін Үкімет оған есеп беруі керек. Үшіншіден, еліміздегі үлкен мәселе – сот билігі. Президент айтқан «Әділетті Қазақстан» деген сөз ең бірінші сот билігінен туындайды. Мәжілістің алдында жүздеген адам қолдарына плакат алып, шеруге шығып жүр. Қаншама адамды қабылдадық, солардың бәрінің сот әділдігіне айтар наразылығы бар.
Нұрлан ӘУЕСБАЕВ,
ЖСДП өкілі:
– Бірінші кезекте тегін медициналық қызмет, сапалы білім, азаматтардың ыңғайлы баспанасын қамтамасыз ету, зейнетақы, жалақы, жәрдемақыларды көтеру, жұмыспен қамту, банк саласындағы жоғары несиелерді төмендету мәселелері тұр. Осы мәселелердің шешілмеуінің басты себебі – жемқорлық.
Еліміз азаматтарының өмір сапасы стандарттарын енгізу ғылыми тұрғыда Еуропа елдерінен алынған. Елдегі ең әлжуаз, аз қамтылған адамның өзі нақты стандарттарға сай болуы керек. Ол қазіргідей тұтынушылық себет қана емес, дәрі-дәрмек, демалыспен қамтылуы керек, тамақтануы, киімі, басқасы бар. Бұл стандарттың сақталуына барлық министрлікті міндеттеу керек. Екіншіден, олигархиялық жүйеден арылу мәселесі. Қазақстанның жер қойнауында байлық мол болса да еліміз кедей тұрады. Өйткені бақылау жоқ. Осы орайда ұлттық байлықты мемлекетке қайтару да әлі өзекті болып тұр.
Қазіргі таңда еліміз ауыр кезеңді өткеріп жатыр. Қымбатшылық күннен-күнге қысып, шарықтау шегінен шығып барады. Сондықтан осында айтылған барлық мәселеден нақты қорытынды шығару керек. Парламенттің үнсіз жүргенінің салдарынан елімізді жемқорлық жайлап алды. Біз барлық мәселені бақылауда ұстауымыз керек, ол халықтық бақылау болуы керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге жетеміз. Біз үздіксіз жемқорлықпен күресеміз. Елге тиесілі байлықты мемлекетке қайтаруға тырысамыз.
Азаматхан ӘМІРТАЕВ,
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілі:
– «Байтақтың» басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы. Денсаулық – өмірдегі ең маңызды құндылық. 30 жыл бойы зауыттарды, кәсіпкерлікті қолдауға партиялар ықпал етті. Соңында не болды? Халқымыз ауруға шалдықты. Біз үгіт-насихат науқаны кезінде көп зауытқа бардық. Елді мекендерде қаншама ауру адам бар. Олардың жағдайын кім ойлап жатыр? Егер әр өндіріс адамға бақыт әкелмейтін болса, оның бізге керегі не? Сондықтан біз үшін бірінші кезекте – қоршаған орта, екінші адам денсаулығы тұрады. Бүгінде кәсіпорындар 364 млн тонна СО2 газын ауаға бөліп отыр. Соның салдарынан қаншама миллиондаған адам ауруға шалдығып жатыр. Мүгедек балалар дүниеге келді. Сол себепті біз қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, энергетика мәселесіне көңіл бөлуіміз қажет.
Сонымен қатар бүгінгі күні әлеуметтің жергілікті басқару жүйесімен байланысы жоқ. Сол үшін жаңа заңды тез арада қабылдауымыз керек. Егер біз Парламентке баратын болсақ, жергілікті өзін өзі басқару заңын қолға аламыз. Сол арқылы біз жергілікті халықтың билікке дауысы жететіндей жағдай жасаймыз.
Жигули ДАЙРАБАЕВ,
«Ауыл» партиясының өкілі:
– Қазір ауыл шаруашылығында проблема баршылық. Біріншіден, қарапайым еңбек адамының мәртебесіне назар аудару керек, яғни жұмысшылардың жағдайын жасау маңызды. Олардың қатарында мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешіп жүрген қарапайым инженерлер, механиктер, комбайншылар, малшылар, құрылысшылардың мәртебесін қайта қарау қажет. Атап айтқанда, осы салада жүрген адамдар қоғамда құрметті орнын алуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген түрлі формадағы 280 мың шаруашылық бар. Солардың барлығын салықтан босатудың амалын қарастыру қажет. Өйткені қазір ауылға барып жұмыс істеп, ауылды көркейтетін адамдар сирек кездеседі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында жүрген азаматтарға бар мүмкіндікті жасау қажет. Мұнымен қоса, квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарды ауылға қарай бұру мәселесін ойластырмақпыз. Себебі ауыл шаруашылығындағы өңделмеген өнімді өткізетін орындар, өңдейтін арнайы кәсіпорындар ұйымдастырылмаған. Сондықтан осы мәселелерге ерекше басымдық беру керек.
Сонымен қатар ауылдарда жол, сумен қамтамасыз ету және басқа да инфрақұрылымына қатысты шешілмеген мәселелер бар. Елді мекендерге газ, интернет тартып, мәдени нысандар салу қажет. Жастардың ауылға оралуына тиісті мүмкіндік жасау маңызды. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі туралы тиісті заң қабылдау керек. Біз осы бастаманы көтереміз. Ауыл шаруашылығында тұрақтылық болмай тұр, министрлер жиі ауысады. Осыған дейін бұл салада біраз кемшілікке жол берілді, сондай-ақ бағдарламалар мен жоспарлар тиісті деңгейде орындалмай қалды.
Асхат АСЫЛБЕКОВ,
Қазақстан Халық партиясының өкілі:
– Біздің сайлаудағы бағдарлама «Билік – халыққа», «Бай азаматтар – бай мемлекет» және «Әр отбасы – мемлекеттің қамқорлығында» деген үш бөлімнен тұрады. Біздің мақсат – ел билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құру. Формуламыз – әділ Президент – ықпалды Парламент – халықтық Үкімет. Осы орайда Мәжіліс пен мәслихаттарға нағыз билікті қайтару, аудиторлар палатасын және заңды дайындайтын институтты Мәжілістің құрамына енгізуге ерекше мән беріп отырмыз. Атқарушы билік аты затына сай болуы керек. Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік тіл мәселесін шешу жолында қандастарды қолдап отырған жалғыз партиямыз.
Әділеттілік негізі соттан басталуға тиіс. Сол үшін аудандық соттарды халықтың өзі сайлауын талап етіп отырмыз. Елімізде 3 миллиондай кедей адам бар. Ал 8 миллион халық несиеден басын көтере алмай отыр. Біз кедейлікпен күрес туралы заң қабылдауды талап етеміз. Біз ұсынып отырған салық реформасынан кейін елімізде қуатты орта қалыптасады. Ауыл шаруашылығын дамытатын арнайы бағдарламамыз да бар. Сондай-ақ аналар мен балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмысшылардың жағдайын жақсартамыз. Жаңа Еңбек кодексін қабылдаймыз. Балаға берілетін жәрдемақыны 13 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін өсірсек, ал төменгі жалақыны 70 мың теңгеден 140 мың теңгеге арттырамыз. Одан бөлек, әйелдердің 58 жаста зейнетке шығуын талап етеміз. Жас отбасыларға мемлекет тарапынан уақытша баспана бөлінуге тиіс. Ал ипотека 3 пайыздан аспауы керек.
Сырымбек ТАУ,
«Respublica» партиясының өкілі:
– Біздің партия осы күнге дейін 700 мыңға тарта адаммен кездесу өткізіп, 8 облыс, 3 қаланы аралады. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде қала мен ауыл арасындағы айырмашылық өте үлкен екенін байқадық. Көп адамның айтып жатқан ұсынысы – еңбек адамының жалақысын көтеру мәселесі. Ауылдағы балалардың білімі мен қаладағы балалардың білім деңгейі 5 жылға алшақтап кеткен және жемқорлық шегіне жеткен. Біздің алға қойған мақсаттарымыздың бірі – ауылдағы білім деңгейін көтеру.
Неге ауылда туған бала қаладағыдай оқи алмайды? Ауылда туған баланың кінәсі не? Әлі күнге дейін осы сұрақтарға жауап таба алмай келе жатырмыз. Сондықтан біз ең бастысы білім мәселесін шешіп алуымыз қажет. Сондай-ақ ауылдарда шағын және орта кәсіпке ешқандай жағдай жасалмаған.
Ауылдағы орта кәсіпке ешқандай жағдай жасалмағандықтан бұл іске ешкімнің келгісі келмейді. Орта кәсіпкерлердің өз күші мен ұмтылысы ғана бар. Сондықтан орта кәсіпті дамытуға күш саламыз. Нағыз еңбек адамдарының жалақысы бағаланбай жатыр. Ауылдан келеді де, қалада жұмыс істеп, 70 мың теңге алады. Ал үлкен қалада мұндай мардымсыз ақшаға күн көру мүмкін емес. Сол себепті ауылдағы кәсіпті оң жолға қойып, еңбек адамдарының ақ, адал істерін әділ бағалауымыз керек.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
«Amanat» партиясының өкілі:
– «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы шынайы түрде халықпен бірге жазылды. Біз осы күнге дейін ел-елді аралап, 1 миллионға жуық азаматпен тікелей кездестік. Кездесу барысында елдің ішіндегі қымбатшылық, жұмыссыздық және бір азаматтың 1 отбасын күнделікті табысымен асырап отырғанын көрдік. Әрине, мұндай мәселе елімізде бар. Бірақ осы мәселелерді шешуді тек «Amanat» партиясы іске асыра алады деген ойдамын. Осы күнге дейінгі барлық мәселені біз популистік ұрандармен емес, керісінше әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарастырып отырмыз. Біріншіден, «Amanat» партиясы ретінде әділетсіздікті жоюымыз қажет. Олигополияға жол бермей, ондағы барлық мәселені бірге талқылауымыз керек деп есептеймін. Жемқорлық түбімен жойылуға тиіс. Сонымен қатар әр отбасының, әр азаматтың табысын арттыруға атсалысуымыз қажет. Әр отбасының табысын арттыру үшін біз лайықты жалақыны ілгерілетеміз. Сонымен қатар жүздеген кәсіпорын ашамыз.
Әр адам мемлекеттің қамқорлығында болуы керек. Азаматтарға әлеуметтік көмек 2,5 есеге артатын болады. Әрбір азаматтың, оның ішінде ауыр өнеркәсіпте жүрген азаматтардың зейнет жасын төмендетуге атсалысамыз. Қазақстанда әрбір бала бақытты болуға тиіс. Сәбилеріміз 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз етілуі қажет. Апатты жағдайдағы, үш ауысымды мектептерді түбегейлі жоюымыз керек. Мұнан бөлек, жастарға жаңа мүмкіндіктер береміз. Біріншіден, 1,5 млн жасты жұмыспен қамтимыз. Екіншіден, студенттік шәкіртақыны 2 есеге арттырамыз. Жастардың жатақхана мәселесін түбегейлі шешеміз. Жастарға мүмкіндігінше көмек көрсетеміз.
ТҮЙІН. Сайлауалды кезеңде халық назарын аудартудың ең тиімді жолының бірі теледебат өткізу екеніне көз жеткіздік. Жалпы, еліміз көгілдір экран алдында пікірталас ұйымдастыруды 2004 жылдан бастады. Ол кезде Орталық сайлау комиссиясы өткізетін саяси іс-шара ретінде ғана қабылданып, сайлаудың нәтижесіне көп әсер ете қоймады. Өйткені халық партияның сайлауалды бағдарламасына емес, ондағы көшбасшы-жетекшінің иммиджіне қарай дауыс беретін. Оның үстіне, телесайыс дауыс беруге 3 күн қалғанда өткізілетін. Ал уақыт өте келе көш түзеліп, теледебат дәстүрі қалыптасты, одан қалды пікірсайыс мәдениеті де түзеліп келеді.
Айтпақшы, пікірсайыс кезінде «Қоғамдық пікір» зерттеу институты Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына қатысты әлеуметтік сауалдама жүргізді. Оған 70 минут ішінде 18 жастан асқан 34 947 респондент қатысқан. «Дауыс беруге барасыз ба?», деген сұраққа сауалдамаға қатысқандардың 77 пайыздан астамы «сайлауға барамын» десе, 9 пайызы жауап беруге қиналған. «Жоқ деуге болады» және «Жоқ» дегендер 1 пайызды құраған.