Қатерлі ісіктен сақтайтын екпе
Келер жылдан бастап елімізде жасөспірім қыздарды адам папилломавирусына қарсы вакциналау басталады. Аталмыш екпе әйелдер арасында ең жиі таралған онкологиялық аурулардың бірі – жатыр мойны ісігінен қорғауға көмектесетін бірден-бір тиімді амал болғалы отыр.
Кең таралған вирус
Елімізде жыл сайын 1800-дей әйел жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдықса, 600 шақты әйел осы дерттен көз жұмады. Ол әйелдер онкологиясында таралуы жағынан омырау рагынан кейінгі екінші орында тұр. Алайда, мамандардың айтуынша, жатыр мойны ісігі – алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру. Бұл қатерлі ісіктің көбіне-көп себебі – жыныстық жолмен жұғатын адам папилломавирусы (HPV) болып отыр.
«Жатыр мойны қатерлі ісігі кезінде 90-95 пайыз жағдайда ағзадан адам папилломавирусы табылады. Бұл вирустың 100-ден аса типі бар, оның 15-і онкогенді. Олар көбіне жыныс мүшелеріне немесе шырышты қабатқа үйкелу кезінде жұғады. Папилломавирусқа қарсы арнайы препарат жоқ: тек сол вирус туғызған жатыр мойны дисплазиясы, кондиломалар және папилломаларды емдеуге болады», – дейді DARMED медициналық орталығының гинеколог-эндокринологы Әйгерім Бөкебаева.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, адам папилломавирусы – жыныстық жолмен жұғатын ең кең таралған инфекциялардың бірі. Сексуалды белсенді адамдардың басым көпшілігі оны өмірінің қандай да бір кезеңінде бір немесе тіпті бірнеше рет жұқтырады. Олардың 90 пайызында инфекция ағзаның иммунитеті арқылы жоғалады, алайда әйелдердің барлығында инфекцияның созылмалы формаға өтіп, соңы жатыр мойны ісігіне ұласу қаупі бар.
«Гардасил» үлкенге де, кішіге де қолжетімді
Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкогинекология секторы жетекшісі, медицина ғылымының кандидаты, жоғары санатты онколог, хирург, гинеколог Аида Шакированың айтуынша, қазір әлемде адам папилломавирусына қарсы тағайындалған FDA мақұлдаған үш вакцина бар.
«Оның бірі – папилломавирустың 16 және 18-типтеріне қарсы еківалентті «Церварикс», екіншісі – төртвалентті «Гардасил» (6, 11, 16 және 18-типтерге қарсы), ал үшіншісі – тоғызвалентті «Гардасил-9» (6, 11, 16, 18, 31, 33, 45, 52 және 58-типтерге қарсы). Қазақстанда төртвалентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады деп жоспарланып отыр», – дейді ол.
Аталмыш 6, 11, 16 және 18-типтер – адам папилломавирусының ең онкогенді түрлері.
А.Шакированың сөзінше, «Гардасил» екпесі 2024-2025 жылғы Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесіне енгізіліп, келер жылдан бастап еліміздегі 11 жастағы жасөспірім қыздарға салынады. Вакциналау ерікті түрде, ата-аналардың келісімімен жүргізіледі.
«Ғылыми зерттеулердің деректері бойынша, әйелдер адам папилломавирусына қарсы екпені 35 жасқа дейін алуына болады, бірақ вакцинаның тиімділігі 70-75 пайызға төмендеуі мүмкін, өйткені онда бұған дейін вирустың қандай да бір типі болуы ықтимал. Дегенмен әйел ағзасында вирус болған күннің өзінде аталмыш екпе одан құтылуға көмектесе алады. Дәл қазіргі таңда Қазақстанда адам папилломавирусына қарсы бірде-бір вакцина жоқ, сондықтан қыздарымыз оны ала алмай жүр. Ал 2024 жылдан бастап кез келген ересек әйел «Гардасилді» ақылы негізде ала алады. Мектеп оқушылары үшін ол тегін әрі ерікті түрде салынады», – дейді онколог.
Дамыған елдер тәжірибесі үлгі
Ұлттық ғылыми онкология орталығы ұсынған мәлімет бойынша, былтыр елімізде 100 мың адамға шаққанда жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдығудың 9,4 дерегі тіркелген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,9 болған.
«Көбіне 35 пен 65 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны ісігіне шалдығады, сондықтан 30-70 жас аралығындағы әйелдер скрининг өтуге міндетті. Біздің пациенттеріміздің орташа жасы 48-50-ді құрайды. Жатыр мойны ісігіне шалдыққан пациенттердің өлім көрсеткіші 100 мыңға шаққанда 3,1 жағдайды құрайды», – дейді Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкологы Аида Шакирова.
Адам папилломавирусына қарсы вакцина дамыған елдер тәжірибесінде біраз уақыттан бері бар. Мәселен, Аустралия бұл екпені 2007 жылдан бастап қолға алды. Оны жылдың ішінде олар өз елдеріндегі адам папилломавирусына шалдығу деңгейін 22 есе, ал жатыр мойны ісігіне шалдығу көрсеткішін 50 пайызға, қазір тіпті 70 пайызға төмендеткен. Бүгінде онда 100 мың адамға шаққанда жатыр мойны ісігіне шалдығудың 5 дерегі тіркеледі. Аустралия тәжірибесінің ізімен көп ел, оның ішінде АҚШ, Кана- да, Еуропа елдері, Жапония да қыз балаларды HPV-ға қарсы вакциналауды жүргізіп келеді. Посткеңес елдерінің ішінде Өзбекстан, Армения және Түркіменстан бар.
Азат ҚАЗАҚ