Қатерлі ісіктен сақтайтын екпе

0
314

Келер жылдан бастап елімізде жасөспірім қыздарды адам папилломавирусына қарсы вакциналау бас­талады. Аталмыш екпе әйелдер арасында ең жиі та­ралған онкологиялық аурулардың бірі – жатыр мойны ісігінен қорғауға көмектесетін бірден-бір тиімді амал болғалы отыр.

­­Кең таралған вирус

Елімізде жыл сайын 1800-дей әйел жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдықса, 600 шақты әйел осы дерттен көз жұмады. Ол әйелдер онкологиясында таралуы жағы­нан омырау рагынан кейінгі екін­ші орында тұр. Алайда, маман­дардың айтуынша, жатыр мойны ісігі – алдын алуға болатын жал­ғыз онко­логиялық ауру. Бұл қа­терлі ісіктің көбіне-көп себебі – жыныстық жолмен жұғатын адам папиллом­а­вирусы (HPV) болып отыр.

«Жатыр мойны қатерлі ісігі кезінде 90-95 пайыз жағдайда ағ­задан адам папилломавирусы та­былады. Бұл вирустың 100-ден аса типі бар, оның 15-і онкогенді. Олар көбіне жыныс мүшелеріне немесе шы­рыш­ты қабатқа үйкелу кезінде жұ­ғады. Папилломавирусқа қар­сы арнайы препарат жоқ: тек сол ви­рус туғызған жатыр мойны дис­пла­зиясы, кондиломалар және па­­пил­ломаларды емдеуге бо­лады», – дейді DARMED меди­ци­­налық ор­талығының гине­колог-эндо­кри­нологы Әйгерім Бөкебаева.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының дерегіне сүйенсек, адам папилломавирусы – жы­ныстық жолмен жұғатын ең кең таралған инфекциялардың бірі. Сексуалды белсенді адамдардың басым көп­шілігі оны өмірінің қандай да бір кезеңінде бір немесе тіпті бірнеше рет жұқтырады. Олардың 90 пайы­зын­да инфекция ағзаның имму­нитеті арқылы жо­ғалады, алайда әйел­дер­дің бар­лығында инфек­цияның со­­зыл­малы формаға өтіп, соңы жатыр мойны ісігіне ұласу қаупі бар.

«Гардасил» үлкенге де, кішіге де қолжетімді

Ұлттық ғылыми онкология ор­талығының онкогинекология сек­торы жетекшісі, медицина ғы­лы­мының кандидаты, жоғары санат­ты онколог, хирург, гине­колог Аида Шакированың ай­туынша, қазір әлемде адам па­пилломавирусына қарсы таға­йындалған FDA ма­құлдаған үш вакцина бар.

«Оның бірі – папиллома­ви­рустың 16 және 18-типтеріне қар­сы еківалентті «Церварикс», екін­ші­сі – төртвалентті «Гарда­сил» (6, 11, 16 және 18-типтерге қар­сы), ал үшіншісі – тоғызва­лентті «Гарда­сил-9» (6, 11, 16, 18, 31, 33, 45, 52 және 58-типтерге қарсы). Қа­зақ­станда төртва­лент­ті «Гардасил» вакцинасы қолда­нылады деп жоспарланып отыр», – дейді ол.

Аталмыш 6, 11, 16 және 18-тип­тер – адам па­пиллома­ви­русының ең онкогенді түрлері.

А.Шакированың сөзінше, «Гардасил» екпесі 2024-2025 жыл­ғы Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесіне енгізіліп, келер жыл­дан бастап еліміздегі 11 жас­тағы жасөспірім қыздарға са­лынады. Вакциналау ерікті түр­де, ата-ана­лардың келісімімен жүргізіледі.

«Ғылыми зерттеулердің де­ректері бойынша, әйелдер адам папилломавирусына қарсы екпені 35 жасқа дейін алуына болады, бірақ вакцинаның тиімділігі 70-75 пайызға төмендеуі мүмкін, өйткені онда бұған дейін вирустың қандай да бір типі болуы ықтимал. Де­генмен әйел ағзасында вирус бол­ған күннің өзінде аталмыш екпе одан құтылуға көмектесе алады. Дәл қазіргі таңда Қазақ­станда адам папилломавирусына қарсы бірде-бір вакцина жоқ, сондықтан қыздарымыз оны ала алмай жүр. Ал 2024 жылдан бастап кез келген ересек әйел «Гарда­силді» ақылы негізде ала алады. Мектеп оқушы­лары үшін ол тегін әрі ерікті түрде салынады», – дейді онколог.

Дамыған елдер тәжірибесі үлгі

Ұлттық ғылыми онкология ор­талығы ұсынған мәлімет бо­йынша, былтыр елімізде 100 мың адамға шаққанда жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдығудың 9,4 дерегі тіркелген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,9 болған.

«Көбіне 35 пен 65 жас ара­лығындағы әйелдер жатыр мойны ісігіне шалдығады, сондықтан 30-70 жас аралығындағы әйелдер скри­нинг өтуге міндетті. Біздің пациенттеріміздің орташа жасы 48-50-ді құрайды. Жатыр мойны ісігіне шалдыққан пациенттердің өлім көрсеткіші 100 мыңға шақ­қанда 3,1 жағдайды құрайды», – дейді Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкологы Аида Шакирова.

Адам папилломавирусына қар­сы вакцина дамыған елдер тә­жі­рибесінде біраз уақыттан бері бар. Мәселен, Аустралия бұл екпені 2007 жылдан бастап қолға алды. Оны жылдың ішінде олар өз ел­деріндегі адам папилломавирусына шалдығу деңгейін 22 есе, ал жатыр мойны ісігіне шалдығу көрсеткішін 50 пайызға, қазір тіпті 70 пайызға төмен­деткен. Бүгінде онда 100 мың адам­ға шаққанда жатыр мойны ісі­гіне шалдығудың 5 дерегі тір­ке­леді. Аустралия тәжірибесінің ізі­мен көп ел, оның ішінде АҚШ, Ка­­на- да, Еуропа елдері, Жапония да қыз балаларды HPV-ға қарсы вак­ци­налауды жүргізіп келеді. Пост­ке­ңес елдерінің ішінде Өз­бек­стан, Армения және Түркіменстан бар.

Азат ҚАЗАҚ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ