Абайтанушы – романның бас кейіпкері

0
179

2022 жылы «Дәуір» баспасынан Елен Әлімжанның «Алтын жүлге жыры» атты романы жарық көрді. Кітап аннотациясында жазылғандай, бұл роман – ғылыми шығармашылық иесі туралы интеллектуалды туынды. Жазушы шығармасының бас кейіпкері – ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. Жазушыны ғылыми айналымға М.Мырзахметұлының ізденісі арқылы енген Абайдың «Толық адам» ілімі қатты қызықтырған екен. Және осындай іргелі танымның мәні мен төркінін, желісі мен жүйесін көзіқарақты қауым мен ғылыми ортаға ізерлі түрде айқындап берген абайтанушы ғалымның өзі де – жазушының ойынша, «біздің заманның кемел адамы».

Мекемтас Мырзахметұлы өзі айқын­дап мәлім еткен Абайдың «Толық адам» ілімін көпшілікке, тіпті көзіқарақты қа­уым­ның өзіне де таныта қоюдың әсте жеңіл болмасын жазушыға нықтай ес­кертіп, оны қайрай түседі, тіпті ішкі кү­дігін де жасырмайды: «Абай ілімі деген атам заманнан бері адамды адам етіп келе жатқан адамгершіліктің алтын жүлгесі туралы жыр ғой. Сен осыны тап басып тани алар ма екенсің?» Шынында да ғалым өмірі мен оның ғылыми айналым­ға алып келген іргелі де тың ілімі туралы интеллектуалды туындыны жазу оңай шаруа емес. Ғалым жүріп өткен адами әрі азаматтық өмір жолы мен ол атқарған бейнеті мол ғылыми ізденісті артықша ақыл, мол білімдарлықпен терең тани түсіп, өмірдің дәл өзіндей шынайы да өнегелі өнер жасау қайдан оңай болсын. Ғылыми таным – ақиқатты ақыл арқылы тұңғыш, алғашқы ашушы болса, көркем дүние – сол бір «дайын» шындықты жандандыра түсіп жүрекпен жеткізу. Және ақылмен танылған күрделі де іргелі таным көркем шығарманың өтімді де жағымды жолы, өзіндік әдіс-тәсілімен Абай аңсаған «сәулесі бар жігіттер» мен «талапты ерге» және барша қауымға біршама жеңіл де жедел жетеді.

Осы орайда ақша мен пайда, нарық пен затшылдық аласұрып алға шығып тұрған бүгінгідей заманда жазушы­ның өзі бір сұхбатында «менің алтын жүл­ге деп отырғаным адам бойындағы ізгі­лік» деп жазғанындай, Абай жырлап қа­лыптастырған сол ізгілікті ілім – «Толық адам» ілімін ғылыми айналымға енгіз­ген ғалым М.Мырзахметұлының өмірі мен ізденісін өнеге ете отырып көр­­кем бейнелеп беру өте орынды ізде­ніс болған. Роман тақырыбы «Алтын жүлге жыры» деп аталғандықтан да, шы­ғармадағы ой мен оқиға Абай қалып­тастырған «Толық адам» іліміне ба­ғыт­талуы қисынды. Себебі аталған сұх­батында жазушы: «Алтын жүлге жыры» – ақын-жазушылардың ізгілік пен әділ­дік жолындағы күрес жыры» деп аса айрықшалап айтқан болатын. Бір ғана әдебиет емес, өнер атаулының бәрі де түптеп келгенде жақсылық пен ізгілікті, өнеге мен әсемдікті ту етіп ұстаған. Әйт­се де осы жақсылық пен ізгілікті, фило­софиялық іргелі категория тілімен айтқанда «қайырымдылықты» жүйелі де желілі түрде жинақтап, қалыптап, өзіндік таным мен ілімге айналдырып жырлаған ақындар руханият әлемінде көп болмаған.

Ең берісі сонау Сократтан бас­тау алатын адамгершілік ілімін Абай да терең төркінінен тартып әрі Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, А.Ясауилердің ізімен же­лі­сін үзбей дамытып келіп, өз тарапынан тың таным етіп қалыптастырған. Бұрынырақ М.Әуезов Абайдағы адам­гер­шілік жайын «Нравственная личность» аясында айрықшалай танытып келсе, М.Мырзахметұлы оны ақынның өз сөзімен «Толық адам» деп атаған өзін­дік адамгершілік ілімі жазушы Елен Әлімжан романының күретамыр желісі болуға тиіс. Ал Абайдағы осы бір өзіндік адамгершілік ілімі – «Толық адам» ілімін ұзақ жылдар бойы іздене жүріп ғылым мен ел игілігіне айналдырған – абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет­ұлы.

Роман оқиғасы тоқсанға толған қарт кісінің «Таң нұры» атты шипажайдағы емдік демалысын суреттеумен басталады. Жазушы жазғандай, «Мекең ашар­шылық пен соғыстардың зардабынан аман қалған бірегейлердің бірі». Өмірдің өрі мен төріне біршама тың қалпымен жеткен ойлы адам – ғалым өткен күндерін қорытып, түйіндеп, таразылап жүргендей көрінеді. Романның ерекшелігі де – басты кейіпкері ретінде ғылым адамын сомдап суреттеуінде. Содан да болар, өткен күндерін ойлай бастағанда ғалым ойына ең әуелі М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов, Ә.Байтанаевтар оралады. Одан әрі институтты өзімен бір­ге бітірген жұбайы Бағира екеуінің Өзбек­стандағы Жоғары Шыршық ауданына жұмысқа жіберілгендерін еске алады. Роман мазмұны осылайша ой мен оқиғасы араласа келіп, жатық тілмен баяндау арқылы жүйелі жалғаса береді.

Кейін келе көрнекті, бірегей абай­танушыға айнал­ған М.Мырзахмет­ұлы бас абайтанушы М.Әуезовтің көзін көріп, өзімен әуежайда бір сәт тілдесіп те қалған екен. Абай нәр алған Шығыс пен оның ислам дініне қатысына айрықша ықылас танытып, зерттеуін де осы ба­ғыт, осы мазмұнда жүргізбек болған ние­тін білдіргенде, М.Әуезов «жолың болмайды» деп тым қысқа қайырыпты. Жазғы каникулда Алматыға арнайы барып, ақыл-кеңесін алмақ болады, алайда маусым айының соңында бас абайтанушы өмірден озады. Кейін ойласа, ғылыми жетекшісі Қажым Жұмалиевтің «Шығысқа барасың ба, басқаға барасың ба, оны келешекте көрерсің, алдымен абайтанушылардың өзіңе дейін не бітіріп, не қылғанын зерделеп ал» деген тегеурінді талабы дұрыс та болыпты. Бұл – Абайға қатысты қай тақырыпты алса да, алдымен орындалуға тиіс қажетті ізденіс екен. Ал «қорғау кезіндегі талас-тартыс Қайымдікінен асып кетпесе, кем түспепті». Себебі «ой­ран за­ман­­ның ойнамалы саясатына қа­рай абай­­­танушылардың көзқарастары сан құбылғаны» бар. Абайтану тарихын жай ғана тізіп шықпай, сол «құбылған көзқарастарға» саралау жасап, төрелік айту да әсте оңай болмаған. Бедел-би­ліктің пікіріне қарсы келмеу сол кезең­де әбден орныққан «дәстүр» болып тұрса да, «диссертация жетекшісі Қажым Жұмалиев­­тің қайрат көрсетуінің арқа­сында Мекем­тас ғылым кандидаты ата­ғына ие болып, ең бастысы, тақы­ры­бын одан әрі жалғастырып әке­туге жолы ашылады».

Институт бітір­геннен ке­йін қыз­ме­тін Өзбекстанда бас­таған жас ғалым тағы да сонда ашыл­ған инс­титутқа қыз­метке ­ауысып ке­теді. Шы­райлы Шым­кенттегідей емес, мұн­да оның абы­ройы жоғары бо­лады: «Қыз­метін ынта-шын­тасымен ат­қарып, лек­циясын да маз­мұн­ды оқып, аби­ту­риенттер мен студенттер­дің білім­де­­рін әділ бағалайтынынан» болса керек, көп ұзамай проректор­лық­қа жоға­ры­латылады, ректордың да мін­де­тін атқа­рады. Ғылыми жетекшісі Қажым Жұмалиев қайтыс болған кезде, оның лекцияларын оқу үшін Алматыдағы өзі білім алған әрі кандидаттық диссертациясын қорғаған қарашаңыраққа қай­та оралады. Ғалым өзгелердей өмірге икемді, пенделік пен дүниелікке бейім болмай шығады. Тегінде бар бекзаттығы мен Абай тағылымы оны ар ұялар іске аяқ бастырмайды. Өз басы алтын жүлге – ізгілік пен ардың жолын ұстанумен «қисық жігіт» атанса, біраз замандастары өз пайдасын ойлаумен-ақ көсемсініп елшіл қалып танытып жүреді. Осындайда «ақылды жаратылыстың мұнысы несі екен» деп қайран қалып қынжылатын, тіпті түңіліп кететін де кездері болады.

Сөйтсе де Аллаға шүкір, еңбекқорлы­ғы мен адалдығын тірлігіне тірек етіп, абыроймен өмір сүріп жатады. Ол патша өкіметінің қазақ елін отарлау үшін қолданған қиянатшыл, қитұрқы саясатын да біршама ерте білген еді. Мұны студенттерге Ы.Алтынсарин өмірі мен шығармашылығын оқыту барысында іздене жүріп байқап, барлағаны бар. Қазақ елінің батысы, солтүстігі, оңтүстігіне аяр оймен арнайы жіберілген Ильмин­ский, Алекторов, Остроумовтардың зымиян миссионерлікпен айналысқанын жас ғалым өзгелерден бұрынырақ білді және олар­дың бұзық болмыстарын әшке­релей түсіп кейінірек мақала да жаз­ды. Саясаттың аясынан шығып кетпей «тәтті» сөйлеп жүретін заманда «құ­лып­таулы» ақиқатты айтып қоятын жас ғалым «лекциясы бар болсын, ғылыммен алаңсыз айналысатын бір жұмыс тауып алсам ғой» деп жүргенде, М.Әуезовке адал дос болған Ысқақ Дүйсенбаевтың қамқорлық танытып тікелей араласуы­мен Ләйлә Мұхтарқызы басқаратын Әуезов музей-үйіне жұмысқа орналасады. Көңілі біршама орныққан ғалымның ойлана келіп жеткен түйіні мынау болады: «Абайға жол табу үшін әуелі Әуезовті толық түсініп алу керек екен».Бұған дейін көбіне саясат пен идеология жасап берген дайын қалыппен біржақты я байыбына бармай шала қа­растыры­лып келген Абайды ғалым енді осылай­ша шынайы да терең тануға бет алады. Ал «…Әуезов Абайды терең түсінгенімен заманның қаһарынан ығып, қаламын тежеп отырыпты». М.Мыр­захметұлы әр кезде де М.Әуезовті бағ­даршам етумен іздене жүріп, нәтижесінде оның «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемала­ры» атты аса іргелі зерттеу ең­бегі дүниеге келеді.

Жазушы өз шығармасына бас кейіп­­кері М.Мырзахметұлының ғылыми іздені­­сін ғана арқау етіп қоймай, оның адам­дық, азаматтық болмыс-бітім, өмірінен де біршама деректерді көркем суреттеп жеткізген. Оқырман шығарманың сәті келген тиісті тұ­сында бала Мекемтастың қандай болғанын көзімен көріп, көңілімен сезіп білгендей болады. Бұл – алдарынан үйірлі қасқырлар шыға келетін қайғылы кезеңнен сәл-ақ бұрынғы сәт­тің көрінісі: «Кемербастауға қарай Ажарын бауырына тығып, Мекемта­сын жетелеп жалғыз келеді… Мекемтасы азамат. Мені де көтер деп қыңқылдаған жоқ. Шаршағанын білдіргісі келмей, анасының етегінен ұстап, томпаң-томпаң басады». Үйлері бұзық туыстың қастығынан өртеніп кет­кендегі Зәуре ананың бейнесі де өзі­не ғана тән шынайы қалпымен таңғал­дырады: «Мұның бәрі үш жасар Мекем­тастың есінде жоқ… анасы әңгіме бас­тағанда көз алдына қызыл жалыны аспан­­ға шапшыған алапат өрт келеді… тұра алмай қимылсыз жатқан әке, баласын бауырына басып қимылсыз тұрған екі қабат ана елестейді. Ешкімді қарғап-сілеместен, шажбаңдап шаужайынан алмастан бар қызылын ішіне тартып бедірейіп тұр анасы».

Асыл ана Зәуре жасынан балалары­ның құлағына «ешкімнің ала жібін атта­маңдар» деген ақылын құйып өсі­ріпті. Әкесі Мырзахмет бала-шағасын зергер­лікпен асырапты. Ертеден кешке дейін орнынан бір тұрмай еңбек етіпті. Соның арқасында тұрмыстары да өзгелерден тәуір болыпты. Бала Ме­кемтастың үш жасында әкесі өмірден өт­кенде ша­ңы­рақтың шаттығы да, тоқтығы да тө­мен­дей беріпті. Бас кейіпкер М.Мыр­зах­метұлының өмірлік жары, тірлігінің ті­регі мен сүйеуі, жанының жұбанышы болған Бағира апаның бейнесі де табиғи тартымды, жағымды болмысымен көрі­ніс тапқан: «…Бағира мұны бүкіл жан-тәнімен түсінеді. Сондықтан да сәл ғана сәттік әйелдік ренішті «оқысын, білсін, бетіне қарап отырған бала-шағасы мен жұбайының үмітін ақтасын» деген ­ота­на­лық тілеулестік басып кетеді…».

Аза­маты Мекемтас жаны қалаған Әуезов музей-үйіне жұмысқа келгелі он­дағы 628 папканы түгелімен оқып тауыс­қанша тыным таппайды. Абайды тану­дың төте жолы әрі тура жолы Әуезовті терең тану екенін ұққан Мекемтас мұра­ғаттардан бас алмай жұмыс істейді.

Адами абзал қалпын сақтап, ғылыми ізденісінде де ерінуді біл­мей, үнемі бейнеттенумен болған М.Мыр­захметұлы­ның өмір жолында ізгілік нұры мен жақсы­лық шуа­ғын шаша білген абзал жандар бір­шама мол ұшырасыпты. Ол – Ташкент­тен Алматыға аспирантураға түспекке келгенде «ешқайда тентіремейсің, біз­дің үйде жатып оқисың» деп бауырына тарт­қан, қамқорлық көрсеткен, ақыл-ой, кісілік тәрбиесін берген Бауыржан Мо­мышұлы. Ол – екінші курс студенті Мекемтасты М.Әуезовтің шәкірті Қа­йым Мұхаметхановтың диссертац­ия қор­­ғауына ертіп барған Әбіш Байтанаев. Кейін сол студент диссертациясын қор­ғап, Шымкент пединститутына қыз­мет етпекке келгенде, жылы қабақ таныта қоймаған ректорға: «кафедра осындай ғылыми дәрежелі оқытушыға зәру, менің орныма қойыңыз, мен қатарда­ғы доцент болып-ақ жүре берейін» деп жас ғалымға қолдау көрсеткен де – кафедра меңгерушісі Әбіш Байтанаев. Ол – М.Мырзахметұлын Өзбекстандағы Сырдария өзбек-қазақ пединституты­на «бөтен» демей қызметке алып, жұ­мысын ынта-шынтысымен атқарып, лек­циясын мазмұнды оқып, абитуриент­тер мен студенттердің білімін әділ баға­лайтын Мекемтастай қазақ ғалымын про­ректорлыққа дейін жоғарылатып, тіпті өзі екі жылға докторантураға кеткенінде ректорлық қызметін өзбек ағайыны­на емес, қазақ М.Мырзахметұлына мін­деттеп қалдыратын Әбдінәбиев. Ол – атын атауға болмайтын қиын кездерде Мағжан Жұмабаевты халықтың қалай керемет жақсы көретінін сөз арасына қыстырып жіберетін, Т.Рысқұлов, М.Тынышбаевтардың еңбектерін атап өтетін, өзімен де сыр тартып жақын сөйлесетін ұстазы Темірғали Нұртазин. Ол – Әуезов музей-үйінің директоры Ләйлә Мұхтарқызына алып барып, Мекемтас­қа «ғылымның нағыз қойторысы» деп баға бере сонда жұмысқа орналасуына жәрдем жасаған Ысқақ Дүйсенбаев. Ол – ғылым әлеміне бел шешіп бет алған М.Мырзахметұлының өмірінде ұстазы, ғылымда жетекшісі болған Қа­жым Жұмалиев. Ол – ғалымның Абай Шығысы мен исламиятқа қатысты тарауы бар іргелі еңбегін сол кездегі саясат пен идеологияға сай келмеуіне қарамастан: «бұл кітаптың редакторы өзім боламын, сіздердің сын-ескертпелеріңіздің бәрін қабылдаймыз, ескереміз» деп, абыройы аспандап тұрған академиктердің «шабуылын» оп-оңай тойтаратын Зәки Ахметов. Ол – сонау алпысыншы жылдары Білім министрлігінің журналында Ғұламаһи Дауани туралы мақаласын жариялап берген кезінен білетін, кейін де пікірлері үйлесіп, жан дүниелері қабысып кеткен жақын досы Құлмат Өмірәлиев.

Ғалым өзінің докторлық диссертациясын Абайдың Шығысқа қатысы мен өзіндік адамгершілік ілімі жайлы бұған дейін жарық көріп қойған монографиясы негізінде қорғамақ болады. Қорғау барысы қайшылықты ойларға ұласып қызу айтыспен өтеді. Алайда пікір білдіруші ғалымдар біресе атеистік бағытта, я сая­саттың ығымен сөйлеп, жұмыстың өзегі мен қасиеті саналар негізгі тарауына тіпті жоламайды. Таңғаларлығы, зерттеу жұмысының абыройы мен жаңалы­ғы дерлік тың тұсы керісінше терісте­ліп, жұмыстың кемшілігі ретінде аталады. Мұны беделді бір ғалымның мына бір қиғаштау пікірінен көруге болады: «Абайдың исламиятқа қатысы туралы тарау – диссертацияның ең осал тұсы». Сөзге араласқан Ләйлә Мұх­тарқызы жа­рық көрген монография­сымен ­дис­сертация қорғау үрдісі бұрыннан барын, ғалым еңбегі докторлық дис­сертация­ға әбден лайық екенін, сон­дықтан сөй­леу­ші азаматтардың ең­бектің түрі емес, мазмұны туралы пікір айтқандарын қа­лап, тілектестік ойын білдірсе, Шәмсиябану Сәтбаева бұл әріптесінің пікірін қол­дай сөйлеп, соңынан «жұмыстың историо­графия­сын кеңейте түсу керек» деген бір ғана ескертпе ойын білдіреді. Тағы бір ғалым алдындағы пікірін қай­талап, өзінің атеизммен уланған, саясатпен сыбайласқан, алайда қорғалатын еңбек­тің байыбына бара алмаған тым жайсыз, жадағай ойын жайып салады: «…мо­нографияның бір тарауын алып тастағаннан құны төмендемейтін болса, соншама дау тудырып, ұлы орыс халқымен достығымызға көлеңке түсіріп тұрған исламдық шығыс пен ислам туралы тарауын неге алып тастамасқа? Атеистік қоғам құрған Кеңестік Қазақстан ғылымына керегі қанша ондай зерттеу­дің? Дінді апиынға теңеп әлдеқашан үкі­мін шығарып қойғанымызда Мекемтас Мырзахметұлы сол дінді қайта бықсытып нені көздеп отыр?»

Ал шындығында Абайдың әлімсақтан айтылып келе жат­қан адамгершілік ілімі аясында іздене жүріп тапқан өзіндік «Толық адам» ілімі пікір айтушы ғалым азар да безер болған осы исламдық Шығыс қайнары арқылы қалыптасқан болатын. Және айтылған ескертпелерге жауап ретіндегі қорытынды сөзінде М.Мырзахметұлы­ның өзі де дәлелді, қисынды ойларын баяндай келіп, Абайдың исламиятқа қатысын қарастырусыз еңбегі еш болып, ең ­бастысы, зерттеуінің өзегі үзіліп, қасиеті кетерін ашына тұрып айтып салады. Кезінде кандидаттық диссертациясын да осы Абайға исламдық Шығыстың әсері жайлы тақырыпқа арнамақ болған, бірақ ол кезде ойын біліп, батасын да алмақ болып тілдескенінде, Әуезов «жа­нашырлықпен» «жолың болмайды» деп қолдамаған еді. Енді біраз жылдар өткенде өзі емес, сол бас абайтанушы Әуезов ізденістерінің ізімен зерттеп ке­ліп әрі сол арнада дамыта түсіп, адамзат өміріндегі алтын жүлгенің Абай арқылы жаңғырып жалғастық табуын негіздеген бұл зерттеуі, өкінішке қарай, кеңес мүшелерінен қолдау таппайды. Қорғау нәтижесі мұншалық күтпеген нә­тижеге тап боларын болжамаған ға­лымның жан дүниесі алай-дүлей болып кетеді. Жанына жақындай келе тоқтап Ләйлә Мұхтарқызының «Жасыма» деген жұбату сөзі біршама демеу болады. «Көрдің ғой, қанша тырыссам да бетін бері бұра алмадым бұлардың» деген Ахманқұл сөзі де бойын тіктеп алуына қуат бергендей әсер етеді. Қашанда жанына жалау болып үнемі жанынан табылатын жақын досы – Құлмат болатын. Абайтанудағы тың таным мен жаңалықты ойдың осыншалық ой-шұқыры көп кедергілерге ұшырауы романда шынайы да көркем түрде көрініс тапқан.

Арада біраз жыл өтіп, роман кейіп­кері біршама жетіліп, толысқан ша­ғында Түркістанға келеді. Бұған дейін ол докторлық диссертациясын қор­ғап қойған, Ғылым академиясының Әде­биет және өнер институтындағы іргелі Абайтану бөлімін басқарған. Ал Түр­кістанға келгендегі арманы – өзі айна­лысып жүрген ғылыми ізденісінің өрісін кеңейте түсіп, игілікті де ізгілікті ұстаздығымен еліне қызмет ету. Ол заманда аудан орталығы деңгейіндегі қала Түркістанда білім-ғылым өрісін ұлғай­тар игілікті іс басталып кеткен, Халықара­лық қазақ-түрік университетінің негізі қаланып жатқан. Мұндай ұлағатты да ойлы оқу ордасында атқарылар игі­лікті іс түйіп айтқанда үшеу болуға тиіс, олар – студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру және ғылыми ізденістің өрісін арттыру. Университетте осы үш салада ұстаз, ғалым, қайраткер М.Мырзахметұлы елеулі еңбек етеді. Түркістанда жүріп Мемлекеттік сый­лықты да иеленеді. Дегенмен өмір­де бәрі де ізгі ниетті кісінің қалауымен қайырымды, әділетті бола бермейді.

Дү­ниенің өзі де адамның ой-ниет, пиғы­лының ыңғайымен ақ пен қара, жаман мен жақсы, қиянат пен қайырымдылық атты екі әлемге бөлінетіні сияқты ғалым да өмір жо­лын­да ұшырасып қалған келеңсіздік пен қайшылықтардан біраз-біраз бұ­ралаңдарға тап болады. Осының бәрі де Елен Әлімжанның «Алтын жүлге жыры» романында айрықша шеберлік­пен көркем жинақталып көрініс тапқан. Роман мазмұнынан түйінделер өзекті ой мынадай: бүгін де бар, бұрын да болған, келешекте де ұшыраса беретін қиын­дық пен қиянаттарды өмірімізден де, ділімізден де аулақ етіп, тіпті жойып жіберудің жолы бар екен, ол – адам­гершілік ілімі, Абайдың «Толық адам» ілімі. Туындының басты кейіпкері балалық шақтан өрелі шаққа дейінгі өмірімен, оқытушылық қызметі, ғылыми ізденісімен де осы бір асыл жолдың қайт­пас та қайсар күрескері тұлғасында бейнеленген. Жазушы туындысының табысы да осында деп білеміз.

Мақсат ӘЛІПХАН,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ