ТАЛАЙ ТАЛАНТТЫ ТӘРБИЕЛЕГЕН «АЛЕКС» МЕКТЕБІ

0
322

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы – жастарға басты көңіл бөліп, жас таланттарды қолдауға үлкен мән береді. Бір қуантарлығы, қасиетті Сыр өңірінде осы бағытта атсалысып жүргендер ішінде қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Олардың бірі – аймағымызда айтарлықтай абыройы бар «Алекс» би мектебінің негізін қалаушы Елена Ким. Кезінде талай қиындықты басынан өткергеніне қарамастан, мойымаған қайсар азаматша бүгінде сол еңбегінің жемісін көруде.

 

«Алекс» би өнері мектебін Қызылордада ғана емес, республика бойынша жақсы таниды. Сыр өңіріндегі жас таланттарды тәрбиелеу мен қолдауға бағытталған негізгі ұйымдардың бірі биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде мектеп тарихында республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген түрлі конкурстарда жеңімпаз атану, бірқатар хореографиялық конкурстарды өз бетінше ұйымдастыру, мыңдаған шәкірт тәрбиелеумен қатар, Қазақстандағы көптеген танымал өнер адамдарымен достық қарым-қатынас, одан қалды мұқтаж жандарға көмектесу үшін өткізілген бірқатар қайырымдылық іс-шара бар.

Бірақ біз бүгінгі «Алекс» мектебінің жұлдызды күндері мен жарқын болашағы емес, өмір сүру үшін ұзақ жылдар бойы күрес, қажырлы еңбек және бәрі жоғалып кеткендей көрінген кезде де табысқа деген ыстық сенім болғанын атап өтпекпіз.

«Алекс» би өнері мектебінің негізін қалаушысы және иесі Ким Елена Алексеевна бәрін есінде сақтайды: мектепке қандай да бір жолмен көмектесе алатын және қолдау көрсете алатын кез-келген адаммен ұзақ мерзімді келіссөздер және мекеменің беделін одан да жоғарылату туралы сағаттап ой толғау – бәрі де тура күні кеше болғандай есінде сақтаулы.

Елена Ким Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. Ерте жасында ол Жамбылға көшіп келді, онда оның биге деген құштарлығы басталды. Ол топқа қабылданды, содан бері бимен айналысып келеді. Би сабақтары қандай да бір себептермен тоқтатылған кезде, кішкентай Ленаның көңіл-күйі болмайтын.

Мектепті бітіргеннен кейін Елена қалаға оралып, Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түседі, содан кейін үйленіп, Қызылордада тұрады. Мұнда Елена Титов кентіндегі «Бумажник» мәдениет үйіне жұмысқа орналасты. Сол кезде Қызылордада хореографтар тапшы болғандықтан, Елена құнды қызметкер ретінде өзін таныта алды. Біраз уақыттан кейін ол Оқушылар сарайына жартылай жүктемемен жұмыс істеуге ауыстырылды.

Бірде оның тәрбиеленушілерін қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Сейітқасым Жүнісов көріп, өнерлеріне сүйсінді. Жас маманның сағаты көбейіп, жұмысы қыза түсті, балалар оқыды және өнер көрсетті. Бірақ, көп ұзамай дағдарыс кезеңі шыға келді…

Тоқсаныншы жылдардың ортасында, жұмыс орындарын қысқарту басталған кезде, көптеген адамдар жаңа жұмыс іздей бастады. Елена да ол туралы біраз ойланды, бірақ артынан ерген кішкентай оқушылары қолдаусыз қалып қоя ма деп қорықты. Сол себептен оқушылар сарайының директорымен сөйлесіп, ғимарат жанындағы қосымшаны кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуды ұйғарды.

Тоқсан жетінші жылы “Алекс” би мектебі жұмысын бастады. Ғимараты бастапқы кезде адам шошитындай жағдайда болды дейді мектеп басшысы. Кәріз де, жылу да мүлдем жоқ. Ылғал қабырғаларын зең жабылған, шыны блоктар сынған, едені шіріген. Елена қабырғаларды өзі тазалап, сылап, бояп, ақтады. Түнімен бөлмені өзі күзетіп жүрді.

«Мектептің қалыптасу кезеңінде мен тазалаушыдан бастап слесарь, сылақшы, кейде тіпті түнгі күзетшіге дейін қызмет атқаруға тура келді. Қаражат тапшы, бәрін өз қолыммен істеп, талай мамандықты игеріп үлгердім. Мұның бәрін шығармашылықпен қатар алып жүрдім, өйткені менің артымда балалар мен олардың билеуге деген зор ықыласы болды!»,- деп есіне алады ол.

2000 жылдардың басында мектеп өзін-өзі ақтауға қол жеткізді. Оқушылар сабақ үшін айына небәрі 300 теңге төледі. Бірақ ғимарат әлі де көп инвестицияны қажет етті. Содан кейін Елена пәтерін сатты, қарызға батып, несие алды, оны жақында ғана төлеп аяқтады. Ал, бұған дейін сабақ пен күрделі жөндеу арасында талай рет мұңайып, қобалжып, тіпті жылаған күндері де болған.

«Иә, сол уақыт қаражат жағынан қиын болды, бірақ адамдар ерекше еді, барлығы өте жақсы, бауырмал болатын. Біздің күш-жігерімізді көріп, олар да барынша көмектесуге тырысты!», – дейді Елена Алексеевна.

Мектебіміз қалыпты жұмыс істеу үшін материалдар мен жабдықтарды жоқтан құрастырып, ойлап табуға тура келетін уақыт болды. Мектеп директоры сол 90-шы жылдары ата-аналарымен бірге биге арналған костюмдерді қайта тігіп, жамап, тозған жерлерін жылтыр страздармен кестелеп жүргенін әлі де есіне алады. Есесіне, оқушылары байқауларда ең әдемі және ең талғампаз болатын!

Расында да, би мектебінің қалыптасуы оңай болған жоқ. Ұйқысыз түндер де, бәрінен айырылып қалудан қорқу да, әлеуетті демеушілермен ұзақ келіссөздер де болды. Бірақ сүйікті іс шабыттандырып, әрі қарай жалғастыра беруге күш-жігер берді.

Елена Алексеевна оқушыларға қалай қарау және сөйлеу керектігін тез аңғарды.

«Балаларға, әсіресе кішкентайларға, ең алдымен жан жылуы мен жылы сөз керек, содан кейін олар сізді қанағаттандыру үшін бәрін жасауға дайын болады. Тіпті менің қызым да сабақты көріп, балаларым менің көңілімнен шығу үшін тырысатынын көріп, таң қалды. Ал мен: «Балалар әрқашан жан жылуын сезінеді» деп айттым».

Айта кетейік, Елена Ким бимен ғана айналыспайды, сонымен қатар өз тарапынан да конкурс өткізгенді ұнатады. Кішкентайларға арналған республикалық сұлулық байқауларында оның тәрбиеленушілері жүлделі орындарға ие. «Алекс» мектебінің оқушылары мен түлектері туралы айтпағанда, олар өздерінің би шеберлігі арқасында көптеген басқа өнер мектептерімен сәтті жұмыс істеді.

Ұлағатты ұстаз әлі күнге дейін әр түлегімен байланыста. Олардың көпшілігі өмірін өнерге арнап, түрлі үйірмелерде, жоғары оқу орындары мен колледждердің хореографиялық бөлімшелерінде жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Елена Алексеевна оқушыларымен өте қатал және талапшыл. Би дағдыларынан бөлек, ол балаларға мінез-құлық, әдептілікті үйретеді және оларға берік мінез бен қатаң өмірлік қағидаларды сіңіріп келеді.

«Мен ұлдарыма әрқашан қыздарға қамқор болуды үйреттім. Көліктен шыққан кезде қолды ұсыну,сыртқа шығарда киімін алып беру орындықты жылжытып, орын ұсыну, содан кейін ғана өзі отырсын деп күнде ескертіп жүрдім. Сондықтан менің балаларым жарыстарға шыққанда бәрі оларға таңданып, сүйсіне қарайды», – дейді ол.

Осылайша, Елена Алексеевна балаларына тек спортшы-биші болуды ғана емес, сонымен қатар жақсы адам, үлгілі азамат, тұлға болуды тәрбиелеуге тырысып, барынша талпынды. Оның көптеген шәкірттері оның ізімен жүрді, кейбіреулері әйгілі ансамбльдерде өнер көрсетеді немесе беделді оқу орындарында сабақ береді, кейбіреулері өз кезегінде жаңа таланттарды тәрбиелейді.

Қалғандары әртүрлі қызмет салаларында жұмыс істейді: мұнай компаниясының басшылық құрамында, жеке бизнес иесі болып, юасқалары техникалық мамандық алды. Бірақ барлығы үшін «Алекс» өзін-өзі сәтті жүзеге асырудың алғашқы қадамы болды.

«Балаларыма берген сабақтарым бекер болмағанына қуаныштымын, менің оқушыларыма ерік-жігер, нәтижеге назар аудару және оған жетудегі табандылық береді. Сондықтан мен «Алекс» олар үшін табысқа жетудің трамплині болды деп санаймын. Мен бұған бірнеше рет көз жеткіздім», – дейді Елена Алексеевна.

Беделді халықаралық жарыстардағы жеңістерден басқа, мектеп «Қамқор жүректер» қайырымдылық жобаларына да белсенді түрде қатысуда. Сонымен қатар, бұл қайырымдылық үшін ғана емес, нақты атаулы көмек. «Алекс» мектебінің директоры осындай жобалардың бірі туралы осылай айтады:

«Бірде маған қалада шұғыл операцияны қажет ететін жалғыз мүгедек бар екенін айтты. Мен оның үйіне барып, ол адам қандай жағдайда өмір сүретініне шошып кеттім. Содан кейін көзіме жас алып, көшеде келе жатқанда мен танысым, музыкалық продюсерді кездестірдім. Не болғанын сұрағаннан кейін ол қолдауға мұқтаж адамға көмектесу үшін «Қамқор жүрек» акциясын ұйымдастыруды ұсынды. Іс-шараны өткізу барысында қажетті аппаратурамен қамтамасыз етті, біз бағдарлама әзірлеп, көрермендерді шақырдық.

Бұл ретте маған әсіресе әсер еткен жәйт: аудиторияның кіреберісінде қайырымдылық қорабы болды. Ал ата – аналар балаларға қойылымнан кейін балмұздақ жеу үшін біраз тиын-тебен берді, сәйкесінше олардың таңдауы -концерттен кейінгі демалып, тәтті жеу немесе мүгедекке көмек көрсету болатын. Сонда олар бәрі бір адамдай мүгедекке операция жасау үшін өз үлестерін қосуды жөн көрді!», – дейді Елена Алексеевна.

Кейіннен «Қамқор жүрек» акциясын өткізу мектептің жақсы дәстүрлерінің біріне айналды.

Мектеп үшін тағы бір маңызды жоба – арбадағы ерекше жандар үшін ұйымдастырылған «Арнайы би».

«Бірде маған бірінші топтағы мүгедек әріптесім Күншығарова Күлпаш келді, ол бишілерді даярлауға көмек сұрады. Мен олар үшін алғашқы мәрте баяу вальс әзірлеп, олар бүкіл қалада өнер көрсетті және үлкен жетістікке жетті.

Парабиден ҚР чемпионатында біздің топ «Фристайл» (ансамбль) номинациясында бірінші орынға ие болғанын, ал Сиюов Сағатбек пен Стыкбаева Замира жұбы Тайваньда өткен әлем чемпионатына жолдама алғанын атап өткім келеді», – деп мектеп директоры естеліктерін бөлісті.

Елена Алексеевна шәкірттері туралы айтады:

«Мен кезекті түлектер тобын шығарған сайын, менде ендігі әрі мұндай әдемі, талантты, таңғажайып балалар болмайды деп ойлаймын. Әр жолы мен осылай ойлаймын, содан кейін жаңа керемет балаларды қабылдап, және оларды шығарып салып, тағы да менде мұндай керемет шығарылым болған жоқ және болмайды деп ойлаймын…».

Міне, осылайша Елена Алексеевна 25 жыл бойы көптеген қызылордалықтар үшін екінші үйге айналып, би өнерінен ғана емес, өмірде де табысқа жетудің нағыз трамплиніне айналған мектепті табысты басқарып келеді. Сыр өңірінің өнер саласын дамытуға өзіндік үлесін қосып, шәкірттерін жан-жақты дамыған тұлға етіп тәрбиелейді және аймақ үшін маңызды мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуда.

Мария Умарова

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ