АҚШ-тағы банктер дағдарысының Қазақстан экономикасына әсері қандай?

0
203

Әлемдік БАҚ АҚШ-тағы банктер дағдарысы мен ықтимал дефолт туралы жарыса жазуда. АҚШ-тың мемлекеттік қарызын төлей алмауы басқа елдердің экономикасына қауіп төндіруі мүмкін бе? АҚШ президенті Джо Байден «дефолт болса, бүкіл әлемге қиын болады» деп мәлімдеме жасады. Айтуынша, дефолттан ел экономикасы рецессияға түсіп, мемлекет беделіне нұқсан келеді.

Өткен айда АҚШ Конгресінің төменгі палатасы мемлекеттік қарыз шегін тағы 1,5 трлн долларға көтеріп, бюджеттің шығындарын азайту туралы заң жобасын қабылдаған. Алайда демократтар басқарып отырған Сенат оны мақұлдамай қойды. Егер республикашылар мен демократтар бір мәмілеге келе алмаса, 1 маусымда дефолт жариялануы мүмкін екенін Құрама штаттардың Қаржы министрі бірнеше рет ескертті.

Қазіргі жағдайда АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 31 трлн доллардан асып, жалпы ішкі өнімнің 136 пайызын құрап отыр. Осыған байланысты АҚШ-тың қаржы министрі Джанет Йеллен АҚШ үкіметі қарыз шегін ұлғайтпаса, дефолт қаупі төніп тұрғанын айтты. Қарыз шегін ұлғайту үшін Конгресстің мақұлдауы қажет. 1960 жылдан бері Конгресс қарыз шегін өзгерту бойынша 78 рет заңға өзгеріс енгізген екен. Сондықтан, АҚШ дефолтқа ұшырамайды деген болжам айтушылар көп. Бірақ үнемі өсіп келе жатқан мемлекеттік қарыз болашақта елдегі күрделі экономикалық қиындықтарға себеп болары анық.

АҚШ-тың әлемдік имиджі өте жақсы болғандықтан, инвесторлар қарыз беруге қашанда дайын. Мемлекеттік қарыздың жақсы жағы қарызға алынған қаражат дұрыс пайдаланылса, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартады. Жаңа жолдар салынады, білім саласы жақсарады, жалпы елдегі сұраныс күшін арттырып, экономиканың өсуіне ықпал етеді.

Дүниежүзілік банк мемлекеттік қарыздың көлемі ЖІӨ-нің 77 пайызынан асса, қауіпті деп санайды. Өйткені, елдің дефолтқа ұшырау қаупі артады. Бірақ, кей экономистердің айтуынша, дамыған ел үшін бұл аса қауіпті емес. Себебі экономикасы тұрақты Жапонияның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің 257 пайызын құрайды. Дегенмен, экономикасы толық дамымаған елдер үшін мемлекеттік қарыз көлемінің артуы қауіпті.

Бұл ретте, мемлекеттің төлем қабілетсіздігі оның халқының өмірін нашарлатады. Дефолт жағдайында несиелер қымбаттап, бизнес пен халық үшін қолжетімсіз болады. Елде жұмыссыздық та өсуі мүмкін. Мерзімі өткен несиелердің ұлғаю қаупі бар. Тіпті, әлеуметтік шығындарды төлеуде мәселелер туындап, қоғамның мұқтаж топтарына берілетін жәрдемақылар тоқтатылуы мүмкін.

Қазір АҚШ банктерінде болып жатқан жағдайды банк жүйесіне деген сенім дағдарысы деп атауға болады. Оған пайыздық мөлшерлеменің өсуі, қор нарығының құлдырауы және негізінен алдағы рецессия себеп болды. Американдық сарапшылардың, қаржыгерлер мен экономистердің айтуынша, 300-ге жуық банк тәуекелге ұшырайды. Олардың басым бөлігі – шағын және орта бизнесті несиелеумен айналысатын аймақтық банктер.

Дағдарыс одан әрі күшейе берсе, Американың қаржы секторындағы проблемаларды бүкіл әлем сезінеді. Банк дағдарысы өршіген сайын ол қор биржаларына көшеді. Инвесторлар арасында дүрбелең басталады. Одан кейін нарықтар мен бағалы қағаздар құлдырайды.

Бірқатар қазақстандық сарапшылар, әлемдік қор нарықтары бір-бірімен тығыз интеграцияланғандықтан, құлдырау барлық жерде, соның ішінде Қазақстанда да болады деген пікірде. Әртараптандырылған портфелі және жеткілікті кірісі бар банктер дағдарыстан көп зардап шекпейді. Қазақстанда мұндай банктер бар. Бірақ шағын банктер банкротқа ұшыраған американдық қаржы институттарының жағдайын қайталауы мүмкін.

Сарапшылар АҚШ банктерінде жаңа проблемалардың туындауы дағдарыстың бүкіл әлемдік банк жүйесіне, соның ішінде Қазақстанға да таралуына әкеп соғады деп болжайды. Қазақстан экономикасы ашық және шикізат экспортына тәуелді шағын жаһандық экономика болғандықтан, әлемдік мәселелер тез арада біздің еліміздің мәселесіне айналады. Сонымен қатар, банк секторындағы жаһандық мәселелер екінші деңгейлі банктердің инвестициялау тәуекелдерін арттырып, олардың бағалы қағаздары арзандайды.

Дегенмен, қазіргі таңда еліміздегі банктер әлдеқайда табысты. Сала көшбасшылары тек несие берумен шектелмей, төлемдерден, электрондық коммерциядан, сақтандырудан және инвестициялардан кіріс алатын толыққанды экожүйелер құрған. Сондықтан қазақстандық ірі банктер айтарлықтай тұрақты. Шағын банктер үшін проблемалар туындауы мүмкін, бірақ бұл қалыпты процесс. Банк секторында бұл үрдіс арқылы банктер саны азайып, қалған банктер бірігеді.

Ал АҚШ-тың жаһандық экономикадағы рөлін ескерсек, дефолт жаһандық тәуекелдерге әкелуі ықтимал. Дегенмен, кейбір сарапшылар әлем экономикасы АҚШ-тағы жағдайға қарағанда, Ресей-Украина соғысынан болып жатқан экономикалық кризистерден көбірек зардап шегуде деген пікірде. Яғни, АҚШ-тағы банктер дағдарысы Қазақстан экономикасына үлкен соққы болмайды. Оған қоса, АҚШ өзінің 250 жылдық тарихында ешқашан дефолтқа жол берген емес.

Биболат СӘТЖАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ