Мәжіліс төрағасы үкімет мүшелеріне ескерту жасады

0
393

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламентке келетін үкімет мүшелерінің депутаттарға берген жауаптары сын көтермейтінін, олардың дайындағын күшейту керегін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Парламенттің бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Үкіметпен қоян-қолтық жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Бес рет үкімет сағаты өткізілді. Үкімет мүшелері ғылым саласындағы, агроөнеркәсіптік кешендегі, өңірлік стандарттар, инвестициялық климат және басқа да салалардағы ахуал туралы баяндады.

Осындай конструктивті ынтымақтастық келесі сессияда жалғасын табады деп сенеміз, – деді Ерлан Қошанов.

Алайда Мәжіліс төрағасы үкімет мүшелері Парламентке дайындықсыз келетінін айтты.

«Жалпы отырыстарға, жұмыс топтарына келетін мемлекеттік органдар басшыларының дайындығы төмен. Жауаптарының сапасы сын көтермейді. Бұл депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарға да қатысты. Біз депутаттық сауалдарда халықты толғандыратын өзекті мәселелер көтеріп, сайлаушылардың тілегі мен аманатын жеткіземіз. Өкінішке қарай, бізге толық жауаптың орнына жалпылама, сырғытпа жауаптар ғана келеді», – деді ол.

Ерлан Қошанов мұндай жағдай қайталана берсе, тиісті шешім қабылданатынын ескертті.

Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін біз Үкімет мүшелерін арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз. Бұл біздің регламентте қарастырылған, – деп сөзін түйіндеді төраға.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз