Жолдауда даму бағытымыз бен мүмкіндігіміз нақтыланған
2019 жылғы сайлаудан кейінгі Ұлықтау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым» деп көрсетіп, бірінші бағыт ретінде халықтың табысын арттыруды айтқан еді. Яғни, азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жеңістеріне бірге қуанып, мақтан тұтуы еліміздің экономикалық өсіміне тікелей байланысты екені айқындалған-ды.
Содан бергі уақытта саяси тұрғыдан халықтық қолдауға ие болған реформалар жүргізілуде. Әділетті Қазақстанның саяси негізі қалыптастырудың алғашқы қорытындылары шықты. Әділдік, адалдық қағидаларын күшейту алдыңғы қатарға шығуда. Басқару жүйемізде ықпалды өкілді билігі бар президенттік басқару нысанына қол жеткізудеміз. Конституциялық реформа негізінде азаматтарымыздың саяси мәдениеті жаңаша мазмұнға ие бола бастады. Әрбір азаматтың саяси ұстанымдары кеңейтілді. Тұрғындардың билік саласына қолжетімділігі артуда. Енді уақытылы саяси-басқару жүйемізді экономиканың тұрақты дамуымен негіздемесек мемлекеттің ісі оңға баса бермейді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында «адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуіріндегі» даму бағытымыз бен мүмкіндіктерімізді нақтылады. Қазір бүкіл адамзат біртұтас өркениетті құрайды және барлық адам бір-біріне ұқсас сын-қатерлерге кезігеді, тіпті мүмкіндіктері бірдей.
Осы тұрғыдан келгенде Мемлекет басшысының елдік мәні зор, халықаралық ауқымды істерге, күрделі мәселелерге ден қоятыны маңызды. Президенттің басты міндеті елін аман-сау сақтай білуінде. Жолдаудағы елдің қауіпсіздігі, экономикалық, энергетикалық дербестігі осы мақсатты көздейді. Ал дамудың жаңа қағидаларын жаһандану үдерісі анықтауда. Әлемде технологиялық тұрғыдан қатаң бәсекелестік орнауда. Бұқаралық мәдениетке айналып келе жатқан механикаландырылған, автоматтандырылған, цифрландырылған өндіріске бейімделген күрделі еңбек бөлінісі бар қоғамға эволюцияланып келеміз. Техникалық және ғылыми талаптар туғызған технологиялық өзгерістер бүгін саяси-әлеуметтік, экономикалық жүйемізді өзгертуде. Осы талаптармен тең жағдайда түсінісе алсақ, әлеуметтік реформалар терең, тиімді, бейбіт түрде жетістіктерге алып келеді.
Егерде индустриалды қоғамда капитал мен еңбек басты құрылымдық элементтері саналса, постиндустриалды қоғамда алдыңғы қатарға ақпарат пен білім шығады. Ғылым мен білім жетістіктерін тиімді пайдалану ел дамуының негізгі тетігі бола алады. Сондықтан да Жолдауда қазақ елінің экономикалық дамуының жаңа парадигмасы ретінде: еңбек, капитал, ресурстар, технология, бәсекелестік ерекшеліктеріміз аталды. Бүкіл әлем болып ресурстар үшін күресуде. Оның ішінде табиғи кен байлықтары жөнінде еліміз бәсекелес ерекшеліктерге ие. Енді сол артықшылықтарымызды оңынан пайдалануымыз қажет. Президентіміздің геологиялық барлау ісіне ерекше мән бергені қуантуда. Бұл біздің облыс үшін де маңызды. Өңіріміздегі өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылы 10,5 млн тонна мұнай өндірілсе, 2022 жылы бар болғаны 4,0 млн тонна өндірілді. Кен орындарының жаңа көздерінің қажеттігі күн санап артуда. Суармалы күріш өндірісіне бағытталған ауыл шаруашылығының өкілдері жаңа «су ресурстары және ирригация» министрлігінің құрылуын ерекше ықыласпен қабылдауда. Көлік-логистикаға жауапты министрліктің құрылуынан «батыс Қытай-батыс Европа» автожолының Қызылорда – Ақтөбе бағыты бірінші санатқа өтеді деген сеніміміз күшейе түсті. Өйткені осы бағыттағы автокөліктер ағымының көптігінен жол апаттары жиілеп адамдар қайғысы артып кетті. Президент «азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі», – деп экономикамыздың халықтық сипатын анықтап берді. Яғни, халық мемлекет үшін емес, мемлекет халық үшін деген қағидаға сәйкес келеді. Расында да, экономикалық көрсеткіштер өскенімен, оның игілігін тұрғындар сезінбесе, нәтижесінде түсініспестік туады, түсініспестік келіспеушілікке, оның арты дауға, дау жанжалға, жанжал шиеленіске, шиеленіс қақтығысқа, қақтығыс қантөгіске апаратынын бастан өткіздік емес пе?
Жолдауда «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек», – деп көрсетілді. Кезінде әл-Фараби «адам жаны кемелденуіне сананың дамуы арқылы жете алады, адамды құрайтын жан мен дененің тұтастығында сана маңызды рөл атқарады», – деп санамыздың үнемі жаңғырып отыруының орнын айтып кеткен-ді. Расымен де ақыл-ой мен мінезімізді, қажеттілігімізді бір ағымға түсіре алмасақ, адамгершілік ұтылып, рухани құндылықтарымыз дағдарысқа тірелмесіне кім кепіл? Әділеттілікке барынша жақындауымыз үшін неден қашық болғанымыз жөн? деген сұраққа әрбіріміз жауап іздеуіміз керек деп ойлаймын.
Президенттің ел игілігіне қатысты алға қойған мақсаттарының іске асуына әрбір қоғам мүшесі азаматтық тұрғыдан шын ниетімен жұмыс істегені абзал. Демокриттің сөзімен айтқанда : «адамды оның істеген істеріне ғана қарап емес, сонымен бірге ізгілікке ұмтылған ниетіне де қарап бағалауымыз» керек.
Қоғамнан әділдік іздесек, алдымен оған өзіміз адалдық танытайық. Әрбір қоғам мүшесі өз орнында ісі мен сөзін табыстырып адалдық өлшемдерін жоғары қойғанда, өмірдің мәні де жақсы жаққа өзгере түседі. Әрине, әділдікті әркім өзінше түсінеді, өзіндік көзқарасы бар, оның бәрі біркелкі болмайды. Өйткені әділдік сезімінің тамыры тереңде жатыр.
Әрине барлық билік байлық халықтың меншігі деп жарияланып, оның игілігі тең бөлініске түспесе бұл барып тұрған әділетсіздік. Яғни, тұрғындар мүддесіне тікелей қатысты даму көздерін көбейтіп, табысты әділ болу мәселесін стратегиялық маңыздылығы тұрғысынан адал шешпесек болмайды.
Бұларды біз биліктен талап етеміз және осылай болады деп үміттенеміз. Ал енді өзіміз не істеуіміз керек? Адам алдымен өзіне-өзі әділетті болуы шарт деп ойлаймын. Өз орнымызды танып-білу үшін санамызды саралауға тиіспіз. Санамыздағы өзімізді-өзіміз алдап жүрген әртүрлі жалған түсініктерден арылып, адамша өмір сүретін саяси жағдайды қолдап, әлеуметтік мүмкіндіктерімізді іске асырумен айналысқанымыз жөн. Айтылған сөздің, көтерілген идеяның құны болғандықтан мәні де зор. Оларға әділдік тұрғыдан қарағанымызда құндылығы арта түседі. Әділдікті тек идеологиялық тұрғыдан, саясатпен ғана түсіндірсек, оның болмысы бұрмаланады, яғни өзімізге ыңғайлап аламыз. Әділдіктің шын болмысы саяси-экономикалық тұрғыдан негізделген кезде ғана сақталады. Абай кезінде «Замана, шаруа, мінез күнде өзгереді», – деген екен. Расында да, заманымыз үлкен өзгеріс үстінде. Бізде өмірдің мәнін тереңінен түсінуге күш салмасақ болмайды. Өмір туралы түсінігіміз әркімнің өз көзқарасымен тығыз байланысты. Көзқарастың қалыптасуына тәрбиесі, алған білімі, өскен ортасы, қабылдаған ақпараты, өмір тәжірибесі әсер етеді. Жақсы болуға ұмтылып жақсымен жүрсең, «жақсы, жақсы түс көресің». Ал қыңырланып, бүкіл адам саған қарыздай қарайтын болсаң, «жаман-жаман іс көресің». Әділеттікті біреу орнатып, жақсы тұрмысты біреу жасап береді деген қағидамен санасын алынбайтын қамалға айналдырған азаматтарымыз жеткілікті. Жақсы тұрмыс іс-әрекеттің, еңбектің нәтижесінде болады. Сондықтан сананы дұрыс бағытқа бағыттай отырып, өз өмірімізге өмір шындығы көзімен қарауға тиіспіз. Өзіңе жақсылықты өзің жасай аласың. Еңбек, қанағат болмаған жерде ешқандай әділеттікті шынайы сезіне алмаймыз. Ақша табу үшін оның құнын төлеу керек. Ол –еңбек. Атын тарихқа еңбегімен қашап жазған дала академигі, даңғайыр дихан Ыбырай Жақаев «еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады», – деп бекер айтпаған. Жанашырлықты, жарылқауды басқадан күту, іздеу – әділеттіктің көрінісі емес. Егер өзің біреуге жақсылық жасауға ұмтылсаң, оны әділеттілік деп айтуға болатын шығар.
Қоғамдық санаға кері әсер ететін кесірлі мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Қазіргі қынжылатынымыз, ұлттық мүддені таптап, халықтан ұрлап, салықты төлемей, опасыздық танытса да ұсталмасаң болды ұры емессің. Біздегі елімізді жегідей жеп, егемендімізге тұсау болып адымын аштырмай отырған әділетсіздіктің бір тамыры осында. Елдің сенімін өз атындай ерттеп мініп, өз мүддесін халық мүддесінен бұрын шешіп жүрген кейбір азаматтардың қайраткер атанып ақыл айтуы оңайға айналды. Арды таптап, ұяттан аттап өзін жалған атақпен қаптап жүргендердің іздегені қандай бақыт? Ал ұлтымыздың «ұрының арты біртұтам», – деген ар-ұятты, намысты, еркіндікті жоғары қоятын дәстүрі қайда? Қазір қоғамда «жемқорлықпен күрес» дегенді айта бастасаң өзіңді әжуалап күлетіндерді жиі байқаймыз.
«Әділетті Қазақстан» қазақ қоғамының бүгінгі интеллектуалды серпілісі. Үміт сенімді, сенім ерік-жігерді, рухты, намысты күшейтеді. Қазақ ұлты қашанда мақсатты да, нәтижелі іс-әрекетті, ардың тазалығын, ниеттің адалдығын бәрінен жоғары қояды, екі дүниенің сынағынан адал жандар ғана өте алатынын бала кезден құлаққа құйып, санаға сіңіреді. Қоғамдық сананы шынайы отаншылдыққа бұру үшін, мемлекетіміз бізді әлеуметтік қамту мен еркін өркендеу кепілдігімен қамтамасыз етуге міндетті. Дегенмен әлеуметтік саясат теңгерімінде болу масылдық көңіл күйдің өсуіне жол бермеуі тиіс.
Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі оның орындалу уақытының көрсетілуі. Жалпы, адам ақпарат кең дамыған уақытта өзін көп білемін деп ойлайды. Ондай адам жиі кездеседі, өйткені адам өз уақытына қайшы келмейтін, өзіне ұнайтын жаналықтарды тыңдауға басымдық береді. Біз көп әрі сапалы ақпаратты насихаттағанымызбен оны бүкіл қоғам бірден қабылдай қояды деп айта алмаймыз. Таным мүшесі де еккен дәннің өсуі сияқты бірден бола қоймайды. Қандай да бір мәселенің байыбына барам деген адамға уақыт керек. Әділетті Қазақстан қалыптастыру дегеніміз – өз мүддесін көздеп басқалармен «есеп айырысамын» дейтіндердің ұпайын түгендеп беру емес. Бүкіл қоғамымызды жаңаша ойлауға, адал іс-әрекет етуге ұмтылдыру. Сондықтан да Мемлекет басшысының Жолдауындағы елдік мүддеміздің оң шешім табарына зор сенім білдіріп, ақиқатына көз жеткізудің жолында бірлесіп еңбек етіп, ерік-жігермен сабырлық танытайық.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
«AMANAT» партиясы
Қызылорда облыстық филиалының төрағасы,
тарих ғылымдарының кандидаты